Бас тақырып

«Ақырын-ақырын көтеріліп, қымбаттап барады, құрғырлар!»

Көктем келе құбылатын жанармай тағы «жүрісінен» жаңылды. Бензиннің бағасы биыл да баяғы «жаман әдетіне» басты. Тап осы күні жанармай бекеттеріндегі табло қыз-қыз «қайнап» тұр. Наурыз туғалы жұрттың «нервісіне» тие бастаған бензиннен сәуірде, тіпті, қан «басқа шапты». Бағаны тәубеге келтіріп, жүргізушілердің көз жасын сүртіп, сабырға шақырар құзырет Үкіметте жоқ. Өйткені, Үкімет ішкі нарықтағы жағармай реттейтін құралдан құр алақан. Ерінгеннен емес, әрине. Нарық талабы сондай. Оған қоса, «әкесі өлгенді де естіртеді» деп, алдыңғы жылы жалпақ жұртқа жанармайдың қымбаттайтынын жария етіп қойғаны және бар. Сөйтіп, бензин акцизінің бағасы 10 теңгеге көтерілгенде, жанармай литрі 160 теңгеге өсетіні де мәлімделген еді. Демек, мұның дүрбелең тудыратындай дәнемесі жоқ, заңды негізде. Әлбетте, Үкімет үшін. Соқырға таяқ ұстатқандай аян нәрсе екен. Бірақ, бүгінгі баға олар айтқаннан асып түсті. Анау айтқан баға емес осы күні. «Қорқыт дегенде, осылай қорқыт дедім бе?» деп жұрт дал…

Қазақстан – жанармайы арзан 10 елдің қатарында. Сарапшылар өзгелермен жанармай нарығын теңестіргісі келсе, Қазақстанның акцизді екі жарым есе емес, 12-13 есеге көтеру керек болатын күн туатынын да айтқан. Әзірге одан аманбыз. Алайда, жанармайдың нарығындағы ахуал елді әжептәуір алаңдатып отыр.

Ал, сонымен, бензиннің пұлдануына не себеп әуел баста? Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің басшысы Азамат Әмрин бензин акцизі туралы қаулы дайындалғанын, онда акциз 10 теңгеге өсетінін алдыңғы жылы айтқан еді. Оның әсері бензинге де барын «естірткен».

«Біз акциз мөлшерлемесін 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге (тоннасына) дейін ұлғайтамыз. Бензин бағасында бұл 10 теңгеге өсім түрінде көрініс табады. Яғни, акциз 8 теңгеден 18 теңгеге дейін өседі. Ал бензин бағасы шамамен 6%-ға, қазіргі 150 теңгеден 160 теңгеге дейін көтеріледі», – деген еді Әмрин. Сол өсім былтыр болды. Қарағандыда АИ-92 жанармайдың былтырғы шегі – 158 теңгеге жетті. Бүгінде 163-170 теңге шамасында. Сонда жыл басынан бергі қымбаттау – 5-12 теңге көлемінде. Қазір АИ-95-тің литрі – 169-176 теңгенің ортасында шыр айналып жүр.

Мұнда баға жанармай өндірушілерге де байланысты көрінеді. Koleso.кz сайтының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жанар-жағармай нарығындағы ойыншылардың арасында бағасын өсірген – Royal Petrol мен Qazaq Oil. RP жанар-жағармай бекеттерінде наурыздың соңында АИ-92 160 теңгеден сатылса, осы күні – 168 теңгеге шырқаған. Qazaq Oil 153-тен 163 теңгеге дейін саудалауда.

Елдегі Энергетика министрлігінің айтуынша, кейінгі 5-6 жылда ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне мемлекеттік тұрғыда бақылау жасалмайды.

«Бүгінде ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасы реттелмейді. Мемлекеттік реттеу жүйесі алынып тас-талған. Нарықта сұраныс пен ұсыныстар негізінде жүреді. Атап айтқанда, 2015 жылы бензинді, 2016 жылы дизельдік отынды реттеу жойылды. Құнның қалыптасуындағы негізгі факторлар – Қазақстан Республикасындағы мұнай құны, процессинг, яғни, мұнайды өңдеудегі қызметтер, салықтар және акциздер, зертхана шығындары, банктің несие қызметі, цистерналарды әкелу-апару, тауарды тасымалдау және басқа да соған сай шығындар», – деп мәлімдепті КazTag агенттігіне энергетика министрлігі.

Десек те, аузы жаман демеңіз. Сарапшылардың бензинге баға әлі де өседі деген сенімдері бекем. Жағармайдың жеткен шекті бағасы бұл емес деседі.

Халықаралық инвестициялық компанияның сарапшысы Андрей Чеботарев Finance.кz telegram арнасында ол қазіргі бағаның өсуі, ең алдымен, өткен жылғы акциздің өсуімен байланысты екенін айтады.

«Бензин бағасы бірқатар факторлардан тұрады. Бұл – мұнай өнімдерінің көтерме бағасы, көлік шы­ғындары, әрине, салықтар мен акциздер. Естеріңізде болса, 2020 жылдың қаңтарында ставкалар екі жарым есе өсті. Содан кейін жанармай бағасының 6 пайыздық өсуі жалпы инфляцияға ықпал етеді деген болжамдар жасалды. Алайда, ондай күрт өсу болған жоқ. Былтыр карантинге байланысты Қазақстанда, басқа елдердегідей, жанармайға деген сұраныс та азайды. Отандық бензин әлемдегі ең арзан бензиннің бірі екенін ескерсек, бағаның өсуі – заңды», – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, Ресейдің жанармайдағы жағдайы да Қазақстанға ықпал ететінін атайды талдау орталығы. Ал, Ресейдің Есеп палатасы бұған дейін жанармайдың өсіп, әлеуметтік наразылықтың орын алуы мүмкіндігін ескерткен. Ондағы жауапты министрліктер әрекетке көшкен. Дегенмен де, қолда бар деректер, Ресейде АИ-92 бензині жыл басынан бері 12,3 пайызға қымбаттағанын көрсетеді. Ресейде АИ-92- литрі – 255 теңге. Ресейдегі жанармайдың өсімі қатарынан тоғыз аптаға созылған. Осыдан соң сарапшылар Қазақстандағы бензин бағасының береке табарына күмән-ді. Сәуірдегі өсімге қарағанда бұл болжам да бекер емес секілді. Белді бекем буа түсетін кез алда ма дейміз…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button