Жаңалықтар

Ағылшын тілін ақысыз оқытады

Қарағанды қаласының тұрғыны Ерлан РАХЫМОВ көпбалалы отбасы балаларына ағылшын тілін ақысыз үйретуге бел буып отыр. Қайырымды азамат Астанадағы бес баланың өлімі туралы естігеннен кейін игі істі қолға алуға шешім қабылдапты.

Оқу орталығының 35 жастағы жетекшісінің сөзінше, аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына бұл зор мүмкіндік болмақ. Елімізде ағылшын тілін меңгеру деңгейі әлі де төмен. Тілді жетік біліп, еркін сөйлесе алатын адамдар көп емес.

Елордамыздағы оқиғадан кейін жағымсыз ақпараттар көбейіп кетті. «Балық бергенше, қармақ бер» дегендей, мен аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына ағылшын тілін үйрету дұрыс деп шештім. Осы көмегім балалардың келешекте университетке түсуіне жол ашады деген сенімдемін. Менің мектебімде 4-5 топ бар. Әрбір топқа 1-2 баладан алуға әзірміз. Жақында сал ауруына шалдыққан кішкентай қыз хабарласып, мұндай мүмкіндікті көптен күткендігін жеткізді. Біз оны онлайн режимде оқытамыз деп келістік. Сонымен бірге, үш ер бала топтарға қосылып, оқитын болды, – дейді Ерлан Рахымов.

Айта кетейік, қарағандылық азамат игі бастамасы жайлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Байқағанымыздай, ағылшын тілін оқуға ниет білдіргендер қатары да аз емес. Бұдан бөлек, оқу орталығында есепші, тігінші секілді мамандықты оқытатын курстар да мұндай қайырымдылық шарасын жасауға дайын көрінеді.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button