Руханият

Аққуымды іздеп жүрмін әлі мен… (Нұрғиса ағаны аңсағанда)

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Домбыраның тиегіне байланып,
Өтіп жатты қайран күндер айналып.
Батушы ек-ау, қызығына ғұмырдың,
Жатушы ек-ау, анау көктен
Айды алып.

Күй есетін ойды, бойды сілкілеп,
Мың жүректі баурап алып бір тілек.
Құйылатын нөсер болып дыбыстар,
Алатаудың тез оралғыш бұлты кеп.

Үн жететін, мұң жететін көнеден,
Бір ғажайып рахатқа бөлеген.
Мұңаясың кейде үнсіз күрсініп,
Қуанасың кейде қозып делебең.

Сиқыр саздар сыр сандығын ашқанда,
Жүн жүйкеңнің пернелерін басқанда,
Байқамайсың ойдағы асқақ сезіммен,
Бір-ақ самғап ұшқаныңды аспанға.

Бір құдірет тылсымымен үймелеп,
Ұмыттырып тірлігіңді күйгелек,
Алып кетер алыс-алыс әлемге,
Өксігіңнен өктем үнді күй бөлек.

Тапқандай боп әсемдіктің елесін,
Еліктейсің,
Ентігесің,
Ересің.
Сыбызғы әуен,
Сыңғыр-сыңғыр әуезді.
Құлап тұрып,
Құлақ болып тересің.

Домбыраның тиегіне тіреліп,
Үміт, күдік бір тірілер,
Бір өліп.
Марқаясың тәтті дәммен тұшынып,
Бұрын-соңды естімеген сыр еміп.

Қара ағашта ақ саусақтар жорғалап,
Бір ғаламат екі ішекке орнап ап,
Бір суытып,
Бір ысытып,
Балқытып,
Қоя берер кеудеңе күй сорғалап.

Бекігендей босап жүрген жан, іргең,
Қатаясың нәзік үнді әмірмен.
Сезінесің өз мәніңнің кеңдігін
Табысқандай болып мәңгі Тәңірмен.

Сылқым сыңғыр жүрегіңді еріткен,
Уыстайды,
Айырады еріктен.
Кетердей боп, сіңіп суық ғарышқа
Желпінесің жерге сыймай желікпен.

Жүрегіңді жұлқындырып желігің,
Күмпілдетіп көңіліңнің көрігін,
Әсемдікке толып кетіп айналаң
Сұлулық боп сыңсып жетер серігің.

Өзгешені өзек талып сезбесе,
Сен – өзгеше,
Әлем-ғалам өзгеше.
Жоқ! Әлеммен кірігесің тұтасып,
Жіберместен ессіз, түссіз езге есе.

Жарасасың жаныңдағы жалынмен,
Жарысасың бипыл үнді жаңа үнмен.
Домбыраның шанағынан құйылып,
Сипап жазар азабынан жаныңды ем.

Егілесің ішті жаспен ақтарып,
Кеткен кезде қашып бойдан шақта ырық.
Оралады көптен бері жоғалған.
Қондырады тақымыңды атқа рух.

Сезінесің дәл Тәңірдей өзіңді,
Қайта тауып сонау жастық кезіңді.
Атыласың арыстан боп аспанға,
Быт-шып қылып, құрсаулаған төзімді.

Өзектегі өксігімен толы арман
Кек қамшысын беріп қолға оралған.
Сыбағаңды ұрлап жүрсе біреулер,
Қалшылдатып қайтарасың солардан.

Қайтарасың артығымен есеңді,
Жүректерден қуып, ауру, кеселді.
Күй – құдірет!
Көкірекке сес құйған
Әділеттің қасқа жолы төселді.

Қалай ғана дауылдатты, селдетті.
Күл-қоқысты қуып, айдап жел кетті.
Күй Әлемді жуындырды, тазартты,
Жер бетінде қалдырмай бір жендетті.

Дауылдатты,
Жауындатты,
Долданды.
Жүрек – кірді,
Жуды ағартып қол қанды.
Астан-кестен болып кетіп дүние,
Мәңгілікке ашты Құдай жолдарды.

Жердегінің ендігі орнын төр қылып,
Өзегіне намыс құйып,
Өр қылып,
Асқақтады аппақ ардың билігі
Билеп алып бар ғаламды ер қылық.

Кеуделерге еркіндікті ендірді.
Бойға қуат, жүзге жылы өң кірді.
Тазалық кеп,
Тауым, Далам тазарып,
Бар Алашым қанып ішті мөлдірді.

Күй – құдірет!
Ашынтты ұлтты, тасытты.
Құдіретін дос түсініп, қасы ұқты.
Алыстағы ағайынды туыс қып,
Жақындатты жанаспайтын қашықты.

Кекке малып домбыраның тиегін,
Танытты күй кім елге құл, ие кім?
Шамырқантты азаматты ардақтап,
Түріп ашып көңілдің көк жиегін.

* * *

Қалқан құлақ – локатор ғой далалық,
Түнеп қалған құлақтарға балалық.
Саз боп, сөз боп ерке ұлына ежелгі,
Даласынан құйылады даналық.

Құлағының кең қалқанын түртіп үн,
Құйылады ән мен күйі ұлтының.
Сіңген сазға қазағының тапты ұлды,
Қасиеті әдеті мен ғұрпының.

Елжіретіп,
Елеңдетіп,
Елітіп,
Көкіректің құнар тұсын кеңітіп,
Жас саусақтан баяу тамған түртініп,
Құмар үнді алып кетті көгі тік.

Бұлақ көзі ашылды да сол үннен,
Құштарлықты мөлдіретті көңілден.
Әуен болып асқақтады аспанға,
Жүректерді тапты күй боп төгілген.

Жолын ашып әрі тура, әрі тік,
Туғызды ұлды Жасаған хақ жарытып.
Тамшысына дейін ыстық қанының,
Сырлы әуезді аямастан дарытып.

Өткен күннің ұмыт қалған кей үнін,
Зар мен шердің ілгергісін, кейінін.
Жеткізем деп ел-жұртына,
Берген-ді
Құлақ түріп, жылап-күліп бейілін.

Тапты мұңды, тапты зарды елдегі,
Ақты күй боп ел тілегі шердегі.
Төмендегі сазбен бірге шарықтап,
Төмендеді бітеу кеуде төрдегі.

* * *

Ол – аға-тын.
Ағалығын бұлдайтын.
Іні сөзін жүрдім-бардым тыңдайтын.
Ойға алды ма әлденені асығыс,
Жеткізгенше жеріне оны тынбайтын.

Қалғызбайтын ештеңеден шетірек
Онда да бар,
Менде де бар көкірек.
Шекесінен қарамақшы болғанда,
Тұрып кеткем қайырылмастан екі рет.

Көрінгеннің көп түсіртпей көз етін.
Мінезім бар безергеннен безетін.
Көп жоламай жүргенімді сол ағам,
Нәзік жанның түйсігімен сезетін.

Сезетін де екпінінен басыла,
Жайлап қана шақыратын қасына.
Сәл жымиып алатын да, қолқасын,
Түсіндіріп жөнелетін асыға.

– Сөз тыңдағын сәл-сәл, інім, бөгеліп.
– Шақшам – міне.
Қане шылым шегелік.
Және аз-аздап мынадан да жұталық,
Ер жігітке нелер келмес, не келіп

Әу, айтпақшы, Сыдық * – сенің ағаң ғой,
Азбас-тозбас нағыз құндыз жағаң ғой.
Ол қазақтың маңдайалды сазгері!
Дәл осыным – өзім айтқан бағам ғой.

Мерейленіп күлді тісі ақсиып,
Сол қалпына қалар еді-ау бақсы ұйып.
Ақ көңілдің шын ниеті танылып,
Бірден кеңіп сала берді тапшы иық.

Өзіне де, сөзіне де сенесің,
Сенесің де ботасы боп ересің.
Әзіліне, шуағына шомылып,
Бір ғажайып дүниеге енесің.

– Сен ағаңа шаң жуытқың келмейді.
– Басқа әуендер құлағыңа енбейді.
Өзгелерге мұрыныңды шүйіріп,
Мүлдем тіпті менсінбейсің мендейді.

Күлді тағы.
Жасандылау күлкісі.
Кілт өзгерген әлгіндегі түр-түсі.
Әлде дықтың,
Әлде өкпенің өзі боп
Көп тісінен бөлектенді бір тісі.

Сезді білем сәл артықтау кеткенін,
Орынсыздау естілгенін өкпенің.
Сөз ырғағын мұңды әзілге шаптырып,
Ауыстырып ала қойды шекпенін.

– Рас, Сыдық – симфония құдайы.
– Әр жанрда ол бірінші ұдайы.
Шуақ шашар өз жұртына қуантып,
Бар шығар-ау, басқаның да Күн, Айы.

Жүрміз біз де сол ағаңдай тырбанып,
Дыбыстардан әуен аулап, үн бағып.
Сыңғыр әуез,
Алтын көмей Музамен
Оңашада кездесеміз ұрланып.

Сондай сәттің құр жібермей уақытын,
Жарқ-жұрқ еткен теріп саздың жақұтын,
Күй боп тасып күмбірлетіп кеудені
Адамзаттың туғызамыз бақытын…

Неге екенін, солықтап кеп күрсінді.
Мен естідім жүрегінен дүрсілді.
Мұңы, сыры дәл өзімдей ағадан,
Көңіліме күрсіндіріп нұр сіңді.

Сезімтал ғой адам жанын ұғатын,
Тебіренсе, дана болып шығатын,
Еміренсе, бар әлемді құшып ап,
Мейірленер насыбайдан бір атым.

Көзге көзді қадап өтіп анықтап,
Өзгерісті мендегі тез танып қап,
Шын күлкімен күлді түгел ашылып,
Өзімсіне арқамнан сәл қағып қап:

– Әйда, кеттік! Біздікіне барамыз!
Жақындап тұр бүгін екеу арамыз.
Шертіп берем біраз күйді мен саған,
Өкпелемес мынау аппақ … қара қыз!..

Шомғандай нақ жылуына күнестің,
Нұрағама сөз қайтармай ілестім.
Көнерерін сездім таза өкпенің,
Жаңарарын ұқтым қазір бір ескім.

«Дариғам!» деп таныстырды зайыбын.
– Әкеле бер барын, бәрін… дайынын.
Жайнат, жаным, дастарқанды аянбай,
Асқа, әуенге тойсын бүгін қайының!

Тойдым, қандым асына да, ниетке.
Мөлдіреді жаны ішек пен тиекте.
Ықыласқа еніп, еріп кеттім мен,
Жүрек тулап, соғып жатты жиі өкпе.

Ал, домбыра, ашынды да ашылды.
Саз күй болып,
Күй шуақ боп шашылды.
Бағзы күннің тылсым бүккен қойнына,
Ұшып жеттім,
Құшып жеттім асылды.

Керемет қой күй құбылып кеткенде,
Тез аттайсың бүгінгіңнен өткенге.
Бірде жаздың аптабына қақталып,
Бірде оралып жұпар шашқан көктемге.

Құдіреттің өзі нағыз Нұрағам,
Ызыңнан саз,
Дыбыстан күй құраған.
Жерден тапқан тиек орнар тірегін,
Нәрлі әуезді көктен ғана сұраған.

Он саусағы – дәл он мықты нөкердей,
Кең шанақта сабаласып кетердей,
Тыншымайды,
Шымшылайды Әлемді,
Көкті жерге,
Жерді көкке көтермей.

Үн ғаламат тасқын селден жаралған,
Дірілдеп кеп, тірілді ал кеп бар арман.
Күй жылады – еңіреді мұңлық қыз,
Қан шапшыды жүректегі жарамнан.

Ағыл-тегіл жас па, сел ме төгілген,
Күй ме, қыз ба күңіреніп егілген.
Мен бе мынау екі иығы қушиып,
Бір-ақ сәтте қабырғасы сөгілген?

Қыз уанды, өксігі әне тыйылды,
Саусақтарға бипыл әуен жиылды.
Қос ішектен күрсіндірген кеудеме,
Сыңғыр сылдыр күлкі саулап құйылды.

Дүниенің күйге оралды шаттығы,
Жан жарасын сипап жазды тәтті үні.
Бар болса Хақ – күйші аға ол қазір.
Адам сенбес ғажайыпқа батты іні.

Баттым рас, еніп кеттім жұмаққа.
Пейіш әні сіңіп жатыр құлаққа.
Уай, Құдірет!
Төбемді ұрып сұрарым:
«Екі ішектен қыз мұңлықты жылатпа!»

… Күй құтырды. Екіленді, Лепірді.
Ал, домбыра, кенет ырғып секірді.
Шапшыды ырғақ шашыратып күмісін,
Бұзып аққан тасқын судай көпірді.

Ойнақтады орғып, билеп саусақтар.
Домбырадан қашты ерік жан сақтар.
Бірде төске, бірде иыққа асылып,
Бірде лықсып, бірде тыншып қаусап хал.

Күй құбылды, Әсерленді, Қуланды.
Жігерленді, Желбіретіп туды алды.
Наз күлкіні, жаз әзілді тірілтіп,
Көшіріп кеп құя салды думанды.

Ал, жайнасын ойын-тойдың базары,
Қыз сыңғыры,
Өр жігіттің наз әні.
Қиқуымен қыран-топан халықтың,
Ой, ашылды-ау, сабантойдың ажары!

Бала Мишка – сол қызықтың еркесі.
Әннің, жырдың, күйдің бастар серкесі.
Ғалиябану қытықтай ма өкшесі,
Қоса билеп қоя берді жер төсі.

«Бала Мишка» асыр салды шанақта,
Жеткізбестей саусақ түгіл пар атқа.
Қылғынамын,
Жыладым ба, күлдім бе,
Бір түйнекті қамап алып тамаққа.

Нұрағам ше?..
Аузы кеткен ашылып,
Маңдайдан тер бұршақ-бұршақ шашылып.
Құдірет боп кетіп еді дәл сонда ол,
Мынау Әлем тұрды сол сәт бас ұрып.

«Жаратқаннан кем емес!» – деп күйшіні,
Әсерленді жанымның бір түйсігі.
Алашыма ортақ осы Оғланды,
Туа салған Алатаудың Үйсіні.

Ішек тағып нәзік жүйке, жұлынға,
Жүрегімнің ойнады қол қылында.
Тар кеудемді қағып, жарып өтердей,
Айналды жан шырылдаған шыбынға.

Шымыр-шымыр бір ғажайып тұңғиық,
Орап алып жып-жылы боп тұрды ұйып.
Түртіп желіп себеледі саз көктен,
Тұңғиыққа тым биіктен нұр құйып.

Кілт айналып тұңғиығым айдынға,
Тым биікке ұштым қанат жайдым да.
Мол шаттықтың шуағына бөлендім,
Болмағандай уайым да, қайғым да.

Мен сүңгідім айдынына дыбыстың,
Су бетінде жылжып, сырғып ығысты үн.
Сездім алғаш жұтқан сайын қана алмай,
Тек әуенмен дем аларын тыныстың.

Жұттым да ұқтым – мөлдіріне айдынның,
Неге ғана қызығарын Ай, Күннің.
Атылғанда әр тамшысы нота боп,
Рахат боп сезілерін жай мұңның.

Ой, ғажап-ай!
Әне айдынға қонды кеп,
Қос аққу құс!
Иілді аппақ оң білек.
Сұлулықтың сыңсуын-ай, сыңсуын,
Көл бетіне тазалық боп толды леп.

Қанатының суылындай аққудың,
Есті демі домбырадан шат будың.
Саусағынан сорғалаған күйшінің,
Тамсанамын шырынымен тәтті удың.

Түшіркеніп жұтам мөлдір уілді.
Жаным жайнап тазарды да жуылды.
Талпынамын, алқынамын, ой, Алла-ай!
Таппай жүрген табам ба аппақ қуымды!

Көне аспапта қасиет бар ғаламат,
Көне кезден жеткен бізге ол аманат.
Тамырымда қайнап, тулап, ышқынып,
Сол қасиет қан боп кетті аралап.

Сол қасиет киелі аққу құс па екен,
Домбыраға күй боп қалай түсті екен?
Сауылдайды он саусақтың ұшынан,
Сыймай жатқан ыстық сезім ішке кең.

Аппақ қанат ақ армандай, ақ құсым,
Қонайын деп жүрген маған бақпысың?
Күй боп туып, күй боп күйіп бір үміт,
Күйініш пен сүйінішке батты ішім.

Сыңсыды аққу, сыңсыды күй бөлмеде,
Жарамды іреп, оралды мұң пернеге,
Пендеден мен азамат боп ұрандап,
Сұлқ түсіп қайта айналдым пендеге.

Нені іздедім?
Нені аңсадым?
Білмедім.
Есімде тек іштей жылап, күлгенім.
Сыңсуы емес, енді аққудың сұңқылы,
Құя салды көкірекке мұң демін.

Жоғалды ма қос аққудың сыңары,
Сұңқыл үнге толды-ау кештің мұнары.
Еніп кеттім дауылына көңілдің,
Басылмастан желіктірген құмары.

Нені біліп, кімге нені айтармын.
Аққу әнін,
Аққу мұңын байқар кім.
… Екі ішекті бәйек баяу сызылтып,
Селт еткізіп мені өңіме қайтарды үн.

Есті жидым.
Көзбен тестім күйшіні.
Түсінгенім: бар сезімнің – күй шыңы.
Аялайды жүрегіңді уілі,
Аямайды түйсігіңді бишігі.

Аққу әлі айналып жүр айдынын.
Аққу сұңқыл – еңіреуі қайғының.
Жұбайыңнан, сыңарыңнан айрылсаң,
Жұбата алмас құдіретің, байлығың.

Қайран ғана он саусақтың қимылы-ай!
Күйші – Тәңір!
Боп кеткен-ді күй – Құдай.
… Аққуды іздеп қойып кеттім айдынға,
Қала берді қала, дала, үй былай.

Күй тоқтады.
Мен арылдым елестен.
Ал аққуым кетер емес тек естен.
Көк айдынның шуылдайды толқыны…
Үңірейген өзегімнен жел ескен…

Ұялаттым, күйді бойға сіңірдім.
Бастауы ол – ойдағы бар күбірдің.
Ризамын кездестірген ағамен,
Сол сәтіне мынау жалған ғұмырдың.

Жүрек күпті баяу созған әнімен.
Әлем мықты күйге бөккен сәнімен.
«Қондырам!» – деп айдынына көңілдің,
Аққуымды іздеп жүрмін әлі мен…

* Сыдық Мұхамеджанов

Софы СМАТАЕВ,
Қазақстанның Халық жазушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button