Ақтоғай ауданында алдағы жылдары үлкен жобалар жүзеге асырылмақ. Мәселен, өнеркәсіп саласында төрт ірі жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 10 медициналық мекеме бой көтереді. Бұл туралы аудан басшысы Руслан Кенжебеков өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
– Борлы кенішіндегі катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауытта өткен жылы 70 адам жұмысқа орналастырылды. Биыл жобалық қуаттылығы толық жүзеге асқанда 150 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, таяу жылдары өнеркәсіп саласында 830-дан астам жұмыс орнын құра отырып, темір және түсті металдарды өңдеу, мыс штейн және молибден өндіру бойынша төрт ірі жобаны іске асыру жоспарлануда, – деді Руслан Кенжебеков.
Аталмыш жоба аясында Қызыларай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады деп күтілуде. Ал, Шұбартауда отбасылық емхана салу жоспарлануда. Одан қала берді, Шашубай кентіндегі кезекте тұрғандарға 100 пәтерлі тұрғын үйдің кілті табысталмақ. Бүгінгі таңда аталмыш үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталып қалған.
– Жалпы, ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 440 адам тұр. Осы мәселе бойынша ауданда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл Шашубайдағы үйге тиісті жұмыстарды аяқтап, осы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жеке инвесторлар арқылы Сарышаған мен Ақтоғайда кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етпекшіміз, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында өткен жылы Сарышаған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған болатын. Биыл сол кешен пайдалануға беріледі.
Шашубайда әмбебап спорт залы ашылмақ. Ал, залды ашу үшін «Қазақстан халқына» қорынан қаражат бөлінген. Сол секілді аталмыш қор аясында Ақтоғайдағы стадионды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz