Аймақ

Ақтастағы «Яхташлар»

Саран қаласы аумағындағы Ақтас кентінде татар және башқұрт этнос өкілдерінің бірша­масы тұрады. Түбі бір түркі ағайындардың ана тілінде оқытатын жеке мектебі болмағаны­мен, олар салт-дәстүрлері мен мәдениетін ұмытпай, қолдан келгенше дамытып отыр. Әрине, оған кенттегі мәдени-сауық орталығында жұмыс істейтін «Яхташлары» (біздіңше «Жер­лестер») татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің ықпалы аз емес.

Аталған этномәдени бірлестік 2008 жылдың 4 қаңтарында құрылған екен. Сол кезде құрамына 10 зейнеткер кірген бұл өнер ұжымын мәдени-сауық орталығының  директоры, марқұм Михаил Степанович Сорока бірден қолдап, осы жерден бір бөлме беріп, оның мүшелеріне арнайы ұлттық киімдер тіктірген.

– Орталық басшылығы, бізге әлі де көмегін аямайды. Барар жерімізге көлік беріп, қала, облыс көлемінде өтетін мәдени-бұқаралық іс-шаралардан қалмауымызға жағдай жасайды, – дейді бірлестік жетекшісі Әлфия Свеятоха.

Міне, осындай қамқорлықтың арқасында «Яхташлардың» вокалдық тобы аймаққа танымал болды. Ән айтқан зейнеткерлерді орталықтың баяншысы Мартбек Құлбаев ашылған сәттен сүйемелдеп келе жатыр.

Құрылғанына биыл 15 жыл толған этномәдени бірлестік мүшелерінің бәрі де зейнет жасындағылар. Олардың алды Хафиза Сытдикова 85-те болса, ең жасы Әлфия 63-ке таяған. Сөйтсе де олар той-думан десе делебесі қозып,  татарша, башқұртша әндерді тамылжыта орындап, сахнаның көркіне айналып шыға келеді.

Ақтас пен Саранның бірде-бір мерекесі бұл әншілерсіз өтпепті. Тіпті, гастрольдік сапармен Шахтинск, Абай, Теміртау қалаларына дейін барып, облыс орталығы Қарағанды қаласында да көпшіліктің ықыласына бөленген «Яхташлардың» алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бірлестік бөлмесінің тұтас бір іргесін алып, ілініп тұр. Және де мұнда бауырлас екі халықтың көне жәдігерлері мен ұлттық  бұйымдары, баян, гармонь аспаптары да жинақталған. Солардың ішінде Рәшида Рахимованың әжесінің кестелі сүлгі орамалына 170 жыл болыпты.

Әжесінің қымбат бұйымын көзінің қарашығындай сақтап жүр.

Ержан ИМАШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button