Тұлға

АҚТАҢГЕР

    Бұрын қазақты жылқы мінез деуші еді, қазір, ай, қайдам?!. «Жылқы мінез» деген білетін үлкендердің түсіндіруіне қарағанда, жылқы қажыр-қайраты бар адамға бағынады, өзін жақсы көрген адамды мойындайды, міне, осындай сипат «жылқы мінез» деп аталады. Қазіргі қазақтың жылқы мінез болмайтынының бірнеше себебі бар: оның еті мен қымызын ішкеннен басқа байланысы жоқ; тірі жылқы көрмеген қазақ қаншама; көрмегесін, байланысы болмағасын, ол жарықтықты бақпағасын, баптамағасын оның мінезі кісіге қайдан ауыссын. Содан болар, елдің көбі «ләппай, тақсыр», жылқы мінез қазақ сиреді ғой...

Түпкі теріскейдегі сахалар мұздың түсінің он бір түрін айырады екен, ал қазақ болса, жылқының отызға жуық түсін ажыратады. Соның ішінде ерекшесі, сирек кездесетіні – ақтаңгер. Ғұламалар адам тілді де, әдемілікті де, жалпы тіршілік кешіп, өмір сүре білуді табиғаттан үйренген дейді. Ол ой рас шығар, жылқының сирек мінезі мен түсін сақтап келе жатқан дарынды тұлғаны, мүшел той иесін сондықтан «Жылқы мінезді Ақтаңгер» десек жарасымды. Оған бұл күндері алпыстың асқарына шыққан, филология ғылымдарының докторы, академик Жандос Қожахметұлы Смағұловтың қырық жылға жуық ұстаздық өмірі мен қызметі, қоғамдық ортадағы мінез-құлқы дәлел.

Мен 4-курс оқып жүрген жылы, 1983 жылдың көктемінде, қазақ тілі және қазақ әдебиеті кафедраларындағы елуді еңсерген, алпысты алқымдаған ұстаздарымыздың ортасына 27 жастағы, ауыл мектебінде мұғалім, орта мектеп директорының орынбасары, директоры болып істеген, жарқ-жұрқ, жалт-жұлт еткен, қимылы әбжіл, сөзі жылдам, ойы ұшқыр, мінезі шалт жас жігіт келіп қосылды. Сол семестрде «Қазақ әдеби сынының тарихы» пәнінен сабақ бергенде білдік, бұл Смағұлов Жандос Қожахметұлы екен. Біз, әрине, ол кезде Жандос Қожахметұлының келуі факультетіміздің оқытушылар құрамына жас ұрпақтың жаңа көктемінің бастамасы екендігін сезе де, біле де қойған жоқпыз. Олай дейтінім осыдан бес жылдан кейін ұрпақтардың ауысу кезеңі басталып кетті. Сол жас көктемнің жыл құсы Жандос Қожахметұлы болды десем қателеспеймін. Бұл үдерістің қоғамдық-экономикалық формациялардың ауысуымен сай келгенін қарасаңызшы. Біздің біріміз университетті бітіріп, біріміз соңғы, біріміз алғашқы курстарда оқып жүргенде, 1979-1988 жылдары, тоғыз жыл бойы, филология факультетінде Болат Әбішұлы Байтанаев деген азамат декан болды. Сол кісі: «Осы факультет ертең сендерге қалады!» деуші еді, сонда ішімізден бұл кісі бізді қолпаштау үшін айтатын шығар дейтінбіз. Айтқандай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқытушы болып Т.Пірімбетов, А.Жартыбаев, Ж.Жақыпов, Б.Рақымов, Қ.Сембиев, Р.Ахметова, З.Жуынтаева, М.Әбдуов, А.Әділова секілді талапты жастар келіп қосылды, оның ішінде осы жолдардың иесі пақырларыңыз да бар. Мұның бәрі алдымен желтоқсан оқиғасының дүмпуі, сосын еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты еді. Себебі бұған дейін бұл мамандыққа жиырма бес қана студент қабылданатын, ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарында ана тіліміз бен әже әдебиетімізге студент қабылдау жылына 50-100 студенттен болды. Ал студент саны көбейгендіктен, кафедралардың құрамы, оның ғылыми әлеуетін өсіру қолға алынды. Бұл жолда қандай іс-шаралар орындалғанын баяндап жату артық болар. Қасым ақын «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ. Қараймын келбетіңе мен таңырқап» дегенді осы бізге, тәуелсіздіктің таңы атқанда нағыз еңбекке араласқан ұрпаққа, арнап айтқан сияқты. Сол күндерден бері атандай отыз үш жыл өтіпті, Жандос Қожахметұлы 60-қа келіпті. Қазір осы тізімдегілердің жартысынан көбі ғылым докторлары. Осыдан он шақты жыл бұрын «кандидат та, доктор да көбейіп кетті» деп ғылымға қатысы бар да, жоқ та бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай ұлардай шулап еді. Қазір қазақ ғылымы туралы ағылшынша халықаралық деңгейде мойындалған дейтін басылымдарда мақалалар шығара алмағандықтан, «философия докторы» деген ғылыми дәрежемен де жылап көрісетін болды. Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарындағы ауыр күндерді көрген бір шовинист қазақтарға қарап: «Тәуелсіздік, тәуелсіздік» дедіңдер, жеткен жерлерің осы ма?» деп табалаған екен… Бұл шегіністермен айтарымыз – жоғарыда аты аталған ғылым докторларының зерттеген тақырыптары мен олардың мазмұны қазір қазақ филологиясының бір-бір бағыты екенін «ұларлардың» есіне салу ғана.

«Адам туған жеріне тартады» деген қанатты сөз бар. Ол сөздің жаны да бар сияқты. Себебі, ағамыз туған өлке – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын аймақ. Жандос Қожахметұлы туып-өскен жер – Ақтоғай ауданы, Қаратал өңірі. Бұл өлкеде туған басқа ұлыларды санамаламай-ақ, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтердің кіндік қаны тамған жер екенін айтсақ, жеткілікті. Оларды еске алудағы басты мақсат – ел мен жердің өркениетті дәнегі мен тамырының тереңде жатқанын байқату, перзент кіндігінің әлімсақтан рухани бай өлкемен байланысын суыртпақтау.

«Айтарың болмаса, әдебиетке келме» дейтін қанатты сөзді айтарың болмаса, әдебиеттануға келме, жалпы ғылымға келме деп қайта ой өрбітсек, Жандос Қожахметұлы – әдебиеттануға да, ғылымға да айтарымен келген, айтқан, айтып келе жатқан, айта беретін ғалым. Ол – қазақ әдебиеттану ғылымының санаулы мектептерінің бірі – профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Қазақ әдеби сыны» мектебінің шоқтығы биік тұлғасы ғана емес, екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» атты академиялық басылым авторының бірі. Рухани қанағаты үшін ғана емес, кейінгі ұрпаққа түйсінгендерім мен түйгендерімді, білгендерім мен білуге керектіні жазып кетейін деп қалам тербеген еңбектерінің ауқымы алуан түрлі. Олар қазақ фольклорының жіктелу тарихынан басталып, Алаш ардагерлерінің мұраларын игеруге дейін жалғасып жатыр. Шығыс даналығы ұстазды тәлім ұстаз, тәрбие ұстаз, сабақ ұстаз, іліми ұстаз, рухани ұстаз деп жіктейді. Ел ағасы жасына жеткен оның бойында осы ұстаздардың барлық қасиеті бар. Мұқағали Мақатаев елуге толғанда Асқар Сүлейменов «Мұқағали – өлеңді рәсуа қылмаған ақын» деп еді, Жәкең де ұстаздықты, ғалымдықты рәсуа қылған жігіт емес. «У ішсең, руыңмен іш, ауырсаң, мұрттай ұш» дегендей, қай ісін болсын жан-тәнімен кірісіп істейді, жұмысты жеріне, шәкірттің жетесіне жеткізіп жасайды. Қасым Аманжолов «Біреудің аспандағы асылымын, Біреудің жерде қалған жасығымын» демеуші ме еді, біздің әрқайсысымыз да біреуге асыл, біреуге жасық шығармыз, бірақ Жандос Қожахметұлының сөзі мен ісінде, мінезі мен құлқында жасықтық жоқ, асылдық тұнып тұр. Ойымызды Ә.Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, ұлтына қызмет ететін адамда білім мен мінез болуы керек. Көрнекті әдебиетші ғалым Қалжан Нұрмаханов «Әдебиетші болмағанда, өмірім он жылға ұзақ болар еді» депті, Жәке, сіз бұл сөзді тоқсанға келгенде айтыңыз.

Ұлы Отан соғысының, ІІ Дүние жүзілік соғыстың ардагері, Жәкеңнің ардақты әкесі, жалғыз қолымен өмір бойы мұғалімдік еткен Қожахмет ақсақал: «Жас кезде дос деген көп болады, келе-келе барлығы жоқ болады» деген екен 80 жылдам астам өмірінің бір белесін тұжырымдап. «Адамның жасын жасаған жасымен емес, жасаған жақсылығымен өлшеу керек». Бұл нақылды мүшел той иесіне де қатысты айтуға болады. Ол – асылдың сынығы, жақсының тұяғы болғандықтан, өзі де асылға, жақсыға айналған азамат.

Қазақтың батысында «60 жаста алты ағаң, 70 жаста жеті інің болсын» дейді екен. Қазір жеті ағаңыз болса, жетпіске келгенде жеті ініңіздің бірі болып жүрейік. Жандос Қожахметұлы достың да, дұшпанның да сатқындық жасағанын көрді бірақ, күйзелгенімен, күйреген жоқ, сүрінгенімен, сұлаған жоқ, жығылғанымен, жылаған жоқ, жалынған жоқ.

Күншілдер өле берсін күйігінде,

Өз биігім өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған

тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде! – деп Төлеген Айбергенов айтқандай, күншілдер күйінбей-ақ, өз биігіңізде, ақ жаңбырлар тоздырмай-ақ, өз иініңізде тіршілік кешіп жүре бергейсіз, құрметті Жәке! Мақаламызда ақындардың жыр жолдарын көбірек тілге тиек етудің бір сыры Жандос Қожахметұлы әдебиетке құштарлығы өлең жазудан басталғандықтан, бір кездегі Қарағанды политехникалық институтының бірінші курсын бітірген соң, өз еркімен шығып, ҚарМУ-дың филология факультетіне оқуға түседі. Сондықтан, ақынжанды ғалым жайлы әңгімені өлеңдермен өрбітіп отырмыз.

Бір данышпан жұрттың: «Адамдар қартайғанда ғашық бола білмейді» деген сөзіне: «Дұрыс емес. Адамдар ғашық болмағаннан қартаяды» деп уәж айтыпты. Құдай ғашық болудан кенде қылмасын. Өмірге ғашық әніңіз әлі айтылған жоқ, Мұхтар Әуезовтің қан базарының басына, алпыс деген тал түске келдіңіз. Жүрісіңнен жаңылмай, аяңыңнан айнымай, жорғаңмен жайқалып, желгенде желдей есіп, шапқанда шабытты болып, жасай бер, жылқы мінезді Ақтаңгер, жампоз Жәкем!

Шапағат Шарапатұлы,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button