Жаңалықтар

Ақтаңдақтан – ақиқатқа

55         Қолымызға тағы бір байсалды басталып, тұғырлы түйінделген жұп-жұмыр жинақ («Тәуелсіздік тамыры», «Типография АРКО» ЖШС, 2017 жыл) түсті. Авторы – тарихшы Ерғазы ТӨЛЕУ. Оқып шыққан соң Сіз де өзі пікіріңізді айтарсыз, өз басым бұл жинақты сөреде сүрленбей, қолдан-қолға көшетін рухани құндылыққа баладым.

Иә, белгілі тарихшы Ерғазы Қадашұлының «Тәуелсіздік тамыры» аталатын бұл кітабы – өз миссиясын толық атқарып, мақсатына жеткен жинақ.

Тәуелсіздік – баға жетпес бақытымыз. Десек те, рухани теңдік, шығармашылық еркіндік мүмкіндіктерін пайдаланып, «шөп те – өлең, шөңге де – өлең» дейтін заман емес. Әсіресе, тарих ғылымы үшін тарихи жауапкершілік жүктеліп тұр. Әрине, КПСС тарихын жастана жаттап, коммунистік идеология тамырына талдау жүргізген ұрпақ үшін тарих беттеріндегі ақтаңдақтарды ақиқатқа айналдыру оңай дүние емес.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі тарихшыларымыздың дені – кеңестік жүйенің «кемелденген шағындағы» кеңдіктің шапағатын көріп, ғылыми атақ-дәрежесін керегінше қамтып қалғандар. Күстаналап отырған жоқпыз. Олар үшін Тәуелсіздік жылдарында мыңжылдық тарихымызды қайта таразылап, көшелі көзқарас қалыптастыру қияметтің өзі болды. Қас-қағым сәтте ескіден жаңаға беттеу көпірде ат ауыстырғанмен бірдей еді. Оның үстіне, кеңестік жүйе біздің тарихымызды тамырынан бұрмалағанымен қоймай, өзімізді бұратана ретінде кемсіткенін қайда қоярсыз?!

Осы тұрғыдан алғанда, тарихшы Ерғазы Қадашұлының қолыңыздағы жи­нағы өлара шақтың өкінішін дөп баса отырып, кешегі кеткен кем-кетігіміздің орнын толтырып отыр. Айталық, кітапта қамтылған тақырыптар да, тарихи тұлғалар да – бұрын да талай тарызыланып, терең зерделенген тәмсілдер мен тағдырлар. Автор сонда да дәуір дүрбелеңі мен тарихи тұлғалар тағдырына өзіне биік талап қоя үңіліп, тың қырларын төңіректейді. Отандық тарихқа деген соны көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен асыл мұраты еркін аңғарылып тұр.

Білсеңіз, Ерғазы Қадашұлы – ұзақ жылдар бойы орта мектепте, жоғары оқу орнында ұстаздық еткен тарихшы. «Нені оқыттық? Нені оқытпадық? Нені оқытуымыз керек?» деген өзекті сұрақты өзіне-өзі қоя білген зерделі ұстаз. Ендеше, бұл жинағы – зерденің жемісі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күні кеше ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы барша руханият өкілдеріне тарихи жауапкершілік жүктеп отыр. Тұтас қоғамға серпіліс әкелген Елбасы мақаласынан ту­ындайтын ізгі мақсат пен игі міндеттер жүзеге асқан күні Қазақ халқының ұлттық санасы сергектікке келеді. Ал, оны төл тарихымызды танымай, талғам таразысында екшемей тұрып жүзеге асыру мүмкін емес. Осы орайда, Ерғазы Қадашұлының «Тәуелсіздік тамыры» атты бұл жинағы Елбасы мақаласына алғашқылардың бірі болып үн қосқан құнды кітап болғанын атап өткен абзал.

Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз киеміз. Бүгінгі саяси аренада Тәуелсіздік құндылығының байыбына бармаған кейбір саясаткерлер: «Біздің бақытымыз – Тәуелсіздікке ешқандай қантөгіссіз қол жеткізуімізде» деген арзан пікір айтып қалып жүр. Азаттық жолында қисапсыз қан төккен бабаларымыздың, ел басына күн туған шақта аттан түспей абыржыған хандарымыздың ар­маны болған Тәуелсіздіктің бағасын олай арзандатпасақ керек-ті. Ал, тарихшы Ерғазы Қадашұлы бүгінгі ұрпақтың бақыты болған Тәуелсіздіктің тамырын сонау хандық дәуірден іздеп, қастерлі аманатқа адалдық танытады.

Тағы айтамын, «Тәуелсіздік тамыры» – мақсатына толық жетіп, Елбасы айтқан «Ұлттық кодқа» алғашқы лекте қол созған жүйелі жинақ. Ең бастысы – ақтаңдағымыз ақиқатқа айналып жатыр. Тарих беттеріндегі ақтаңдақтарды өшіріп, түбегейлі ақиқатқа айналдыратын жол – дерегі мен дәйегі үйлесім тауып, аңыздан ақиқатқа бет бұрған осындай жинақтар.

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button