Байқау

Ақселеу жүлдесі – жас жүйріктерде

Баға жетпес рухани мәдениетімізге өлшеусіз үлсе қосқан ұлы тұлғаларымыздың бірі – Ақселеу СЕЙДІМБЕК. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрдің, тіл мен діліміздің, ұлттық музыка мен әдебиеттің жоқшысы да Ақселеу ағамыз десек қателеспейміз. Келер жылы Ақселеу Сланұлының туғанына 80 жыл толады екен. Ағамыздың орнын жоқтатпай, жыл сайын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ақселеу СЕЙДІМБЕК атындағы жас жазушылар мен көсемсөз шеберлерінің облыстық әдеби-шығармашылық байқауын өткізіп келеді. Биыл VI мәрте ұйымдастырылған байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Дәстүрге айналған додаға осы жылы 40-қа жуық үміткер проза, көсемсөз жанрларында шығармаларын ұсынған. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ қатысып, ақжарма тілегін білдірді.

– Ақселеу ағамыз сан ғасырлық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Осы жолда бар өмірін сарп еткен тұлға. Ағамыздың мұрасын насихаттап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту – біздің басты парыз. Асылымыздың есімін ұлықтап, шығармаларын насихаттау барысында бүгінде игі дәстүрге айналып үлгерген осы байқауда дарынды жастардың мерейі үстем болмақ. Келер жылы ағамыздың туғанына 80 жыл толады. Осы байқауды келер жылы республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Абзал Нүкенұлы.

Байқауға филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Қамбар Ахметов, журналистика саласының ардагері, тіл жанашыры Сағат Батырханова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы төрелік етті.

Ережеге сәйкес, байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер проза және көсемсөз жанрлары бойынша шығармаларын ұсынды. Аталған бағыттың әрқайсына І, ІІ, ІІІ орындар белгіленсе, өзгелерден оза шауып, ерекше дарынымен танылған үміткерге Ақселеу Сейдімбек атындағы Бас жүлде тағайындалды. Қазылар алқасы әрбір автордың сөз саптау мәнері, ұсынылған шығармалар тақырыбының байқау мақсатына сәйкестігіне, шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнына, туындының көркемдік сапасына назар аударды. Келіп түскен шығармаларды қазылар құрамы алдын ала сараптап, жүлдегерлердің есімін анықтады.

– Бәйге болған соң қара үзіп алда келетін, шаң қуып артта қалатындар да болады. Мұны біз әдеби процесс дейміз. Қазылар алқасы қызыл кеңірдек болып дауласпасақ та, пікіріміз бір жерден шығып жатты. Қызыл сөзден қуырдақ қуыра берсем, журналист екенмін, аралас-құрмалас сөйлемдермен жазып, әдемі сөйлеймін дегендер де болды бұл қатарда. Көсемсөз жанрының табиғатын түсінбей жатқандары да бар. Ал, прозаға келсек, бұған дейін Бас жүлдені осы сала бойынша беріп көрмегенбіз. Биыл алдымызға түскен жұмыстардың ішіндегі ең тартымдысы жезқазғандық Абай Ораздың әңгімесі еді. Алайда, осыдан 2 жыл бұрынғы байқауда І орын алған болатын. Сол себепті, конкурстан тыс қалды. Байқау талабы мен шарты – осындай, – деді қазылар алқасының төрағасы Жансая Жанғазыұлы.

Ақселеу Сейдімбек атындағы Бас жүлдеге журналист, «Arda Media Group» орталығының директоры Асхат Қажытай лайық деп танылды. Проза аталымы бойынша І орынды «Қоңыр самал» ЖШС атқарушы директоры, Жезқазғандық Бақтияр Тұрсынов иеленді. II орын «Bolashaq» академиясының студенті Күннұр Қабайға, III орын Қарағандыдағы №10 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекзат Алтынбекке табысталды. Ал, көсемсөз жанрында «Балқаш өңірі» газетінің тілшісі Мақсат Күземхан топ жарды. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Ербол Ерболат ІІ орын иеленсе, Шахтинскідегі Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ислам Бахатбекке жүлделі ІІІ орын бұйырды.

– Өзім күйші Аққыз анамыздың жиенімін. 2007 жылы анамыздың 110 жылдығы Ақтоғай өңірінде өтті. Ол кезде мен I курстың студентімін. Тойға барғанда Ақселеу атамды көріп, амандасып, батасын алғанбыз. Сол кездегі оқиға еске түсіп, қағазға түсірген едім. Мақаламды «Ақ қыздың шапаны һәм Ақселеудің батасы» деп атап, байқауға ұсынып ем. Қазақтың біртуар ұлының байқауынан жүлде алу – бізге үлкен жауапкершілікті жүктейді, – деді Бас жүлде иегері Асхат Қажытай.

Сонымен қатар, Жаңаарқа ауданы, Ақтау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әзизә Томабаеваға, Қарағандыдағы №86 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадина Дәденоваға, Жаңаарқа ауданы, Ақтау орта мектебінің оқушысы Гүлдана Мұратоваға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button