Руханият

Қақпаншы қарияның әңгімесі

Бағзыдан келе жатқан баба кәсібінің бірі – қақпан, тұзақ, тор құрып аң аулау. Тарихта тор құрып, Тұран жолбарысын аулаған деректер де жоқ емес. Хорезм­нің соңғы ханы Жалаладдин Менгүбердінің тор құрып, жолбарыс аулау – сүйікті ісі болған көрінеді. Ал, қандыауыз қақпан қазақ даласының талай қара қылшық көкбөрісін оқсыз-ақ омақасы түсірді емес пе?!

Ертеде қақпан құру тек қоректің қамы болмаған. Жыртқыштың жымына құрылып, төңірек малының амандығына да сеп болған бұл қақпан. Көбіне мал жауы қасқырға құрылған. Бұл күнде қара қақпан қолтықтап аң аулаған адам жоқ. Тоқтық тоқымға тосып, үзеңгіге түкіртті ме, қалай?! Қақпанмен аң аулау – ол да саятшылық-аңшылықтың бір түрі. Ит жүгіртіп, бүркіт салуға көңіл бөлгенімізден бөлек қақпанға да қайта аң аулатсақ. 

– Қақпан құру өнер ғой. Қақпанды бас жоқ, көз жоқ құра сап аң түседі деу қате. Құруының өзі бір бөлек сабақ. Қақпанның қандыауызы деп шаппалы аңның аяғы түсер темірін айтады. Астында жұқа қаңылтырдан не бір жапырақ шойыннан төсегі болады. Қандыауызға қаптырар серіппесі ол да темірден, ал астындағы мүйізден не ағаштан жасалған тиегі негізгі қызмет атқарады. Бұған қоса қазығы мен шынжырлы бауы немесе сүйретпесі қатар жүреді. Қақпан қай аңға құрылса да қазақ қақпандағы аңды өлі алмаған. Түскен аң адал  болса «Аллаһу акбарын» айтып бауыздап алған. Бұл да бір қақпан құрудың сыры. Қандыауызды жұмсақ матамен ораудың себебі де осында жатыр.    Түскен аңның аяғын қимауы, арам өлмеуі үшін, – деп бастады Қалкен Кәрімов алғашқы сөзін. 

Қақпанды құрарда алдымен аңның жүрер жолын, соғар жемтігін білген абзал. Түлкі-қарсақ түнімен жортып жем іздеп, таңсәріде ініне қайтады екен. Топырақ тоңданғанша олар тышқаншылап, жер қатқан соң ауыл жағалап сүйек-саяқ кеміреді. Көбік қарда қоян да алып жейді. Дәл осы қыстың бас шағында түлкі-қарсаққа қақпан құрылады. Оларға арнайы жемтік салынады. Аң ас иісіне елітсе де аяғын аңдып басады. Әсіресе, түлкіден сақ аң жоқ. Көбіне түлкіге құрылған қақпанға қырқылдап жүріп қарсақ түседі. Түлкіні «қу» деуі де осыдан шығар. «Қақпанның шебер құрылғанына ғана түседі түлкі» дейді аңшылар. 

– Түлкі мен қасқыр аңның ең сақ түрі ғой. Оларға қақпан құрғанда арнайы қарағаннан буылған сыпырғыш немесе жусан, қалампыр сынды өсімдіктер ала барған жөн. Қақпанды қар астына құрған соң, адам жүрген ізді және қақпан бетін осы сыпырғышпен сыпырады. Өйткені, аңшы иісі болса аң жууы екі талай. Қақпанды күз мезгілінде құрады деуші еді үлкендер. Қарға да қақпан құрып қасқыр алған да сол ата-бабамыз ғой. Көбейер шағында ауланбаса болды да, қалған уақытта қақпан құрыла береді, – деп тағы бір сырын ашты Қалкен аңшы. 

Бұған қоса қарт аңшының айтуынша, жасырын жатып, аң ауыздықтаған қақпанның бірнеше түрі бар. Құсқақпан, тасқақпан, құмқақпан. Бұл аталғандардың әрқайсының өзіне тән ерекшелігі һәм түрлі аңға арналғандығы бар. Мысалы құсқақпан бүркіт, сұңқар, қаршыға сияқты жыртқыш құсты тірідей алуға арналған. Құсқақпан бір серппелі шағын болғандықтан қарсақ, түлкі, қоян сынды аңдарға да құрыла береді. Тасқақпан аты айтқандай жерді қазу арқылы құрылып, тастан қаланар қақпан. Бұл да ұсақ жануарларға құрылады. Құмқақпан бұл құмайт жердің ұсақ аңына құрылатын қақпан түрі. Құмқақпан аң інінің аузына құрылады екен.  

Қақпанның да қақпаны бар. Нағыз қақпан деп қасқыр қапқан қандыауызды шойынды айтуға болады. Қазір қаңтар айының орта тұсы қасқырға қақпан құрар уақыт әлі баршылық. Ақпанның ақтүтегі басталысымен қасқыр аулау тиылуы керек екен. Өйткені, ақпан айының 17-сінен 23-25-не дейін қасқырлар жұптасады (ұйығады). Дәл осы кезеңде ауа райы бұзылып, күн борап, ұзақ сырма жүреді. Мұны қазақ «бөрісырғақ» деп атайды. Бір жерлерде «ыңқыма» деп те айтады екен. Қазақы аңшылықтың тағы бір қыры осы. Әр аңды өз мезгіліне қарай аулап, популяциясына нұқсан келтірмеу. 

– Мылтықпен, қарда жүретін көлікпен (снегоход) қыбырлағанды қынадай қыру бұл аңшылық емес-ау. Қазақы тазы мен төбетке де көңіл бөлініп, қорғауға алынып басталды. Бұл да жеткен жетістігіміз. Енді осы қара қақпанмен аң аулау үрдісін қолға алып, жас жеткіншек ұрпаққа бастау болсақ. Көбік қар жауған алғашқы сонарда немесе күз мезгілінде арнайы күн белгілеп қақпаншылыққа арнасақ. Оны да салбурындай сақтап, әр мезгіл өткізіп жандандырсақ деген тілегім бар, – деп түйді қарт аңшы Қалкен Кәрімов. 

Расында, көңілден көмескіленген көне кәсіпті неге қайта қолға алмасқа?! Аңшының айтқаны жөн-ау. Салбурын деп ат ерттеп, тазы жүгірткендей, қақпан қамдап, серіппесін майлап алдын ала әзірленер күн де келер. Жеті қазынаға да жетті ғой заңның қорғауы. Қазақты жебеген жеті шырақшысының жетеуіне бірдей қолдау көктен емес осы жоғары басшылықтан берілсе ұлт рухы асқақтап, өшкеніміз қайта жанар еді. Қақпаншылыққа мезгіл арнап, санаулы қақпаншылардан сабақ алып, саятшылықтың тағы бір тынысын ашсақ, ата аманатына адалдық емей немене?!

Жан АМАНТАЙ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button