Мәселе

Аңқау елге арамза жылқышы ма?

«Құрығын құлдыратып, жүгенін сылдырлатып» жылқыға қанша Алпамыс барса да,  шетте тұрған «қотыр тай» енді бұдан былай  пысқырмайды. Мойын бұрып та қарамайды. Ер-тоқым салғанда қотыры жазылмайды. Айылын тартқанда арғымаққа айналмайды. Өйткені, оны не  «Қасқыр жеп қойған». Немесе енесі  «құлындай тастаған».  Тіпті, «мертіккен» болуы да әбден мүмкін. Мөрлеп, қағазға түсіріп, бармақ бастырып алмаған соң жылқыны жылқышыдан емес, құла түзді кезген көкжалдан сұрау керек екен.  Жалпы, ауылдағы ағайынның жылқы бағымына шығатын жылқышы мен  сиырдағы бақташы, қойдағы қойшы дегендермен заңдастырып, келісімшарт жасайтын кез келген жоқ па? Ай сайын шытырлатып ақысын төлеген соң оның өнім-өсімін де сұрауға хақы бар емес пе иесінің? Алайда,  бармақ басқан қағазы, бәстескеніне куәсі жоқ. Содан түлігі ит-құсқа, одан қалды адамның ашкөзіне жем. Бұл – бір ғана ауылдың емес. Барша ауыл атаулының басындағы   –  мал ашуы. Ал, «Мал ашуы – жан ашуы». Ауылда басқа проблема құрып қалмағанына қанықпыз. Дегенмен, ел ішінде баяғыдай қол алысып, келісімге келу – мал жоғалғанда маймөңкеге айналып кетеді. Содан бұл ел ішінде не жарылмаған, не жазылмаған сыздауыққа айналған. Себебі, ауызша байласқан шарт – түлік ізім қайым кеткенде, оны  тұмсығынан тізіп, түгендеп бере алмайды. Бейнеті көп ағайынның есесін беті қалың қоғам қашанғы жей береді?

«Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан»

«Жылқы» дегеннен шығады. Ерте көктемде Шет ауданының екі жылқышысы ауылдағылардың жылқысын «тірідей», «өлідей» «жеп»,  174 миллион теңгеге алаяқтық жасағанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.  Бұл жылқышылар жылдар бойы өздеріне бағымға берілген жылқыларды «жоқ» қылып жіберіп жүрген. Ашық ресурстағы мәліметтерге жүгінсек, 2007 жылдан 2020 жылға дейін жылқы бағыпты. Мал иелері жүздеген жылқының біреудің жемсауында кеткенін  2020 жылғы қарашада бір-ақ білмей ме?  Қылмыстық істе  50-ден астам жәбірленуші тыңдалғаны барша БАҚ жария етті. Осы жылдар аралығында, яғни, 13 жылда бұл екі адам 507 жылқыны қасқырмен «қосылып», «жей» беріпті ғой. Аранның мұнша ашылуына не түрткі? Әрине, ауызша келісім.  Бірде-бір жазбаша келісімшарт жасалмаған. Нәтижесі  – сұраусыз кеткен 507 жылқы.

 – Жылқы иелері жазбаша емес, ауызша келісіммен бақташыларға сеніп, малдарын бақтырған. 13-14 жыл ішінде, олар  507 жылқыны сатып және айырбастап үлгерген. Кейбір жылқыларды тірідей, кейбірін сойып сатқан. Ол жайлы мал иелері білмеген. Бірнеше адам бір жылқыға ие жағдайлар да болды, себебі, оны бақташылар бірнеше рет алмастырған. Сондай-ақ, нақты қанша рет төлдеп, қанша құлын барын жасырып келген. Мысалы, бие осы жылдар ішінде 13 рет құлындаса, бақташылар бар болғаны 5 құлын туралы айтқан, – деген еді сол кезде БАҚ-қа берген сұхбатта  Қарағанды облысы полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Қанат Сайлауұлы.

Құзырлы орындардың   бақташы атаулымен жазбаша келісім жасап, түлікке таңба басылуы қажеттігін айтудан әзірге жақтары талған  жоқ. Алайда, ауылдың адамдары «анау түгенбайдың баласы», «мынау пәленбай» деген  «сенімде». Ал, ол сенім – соқыр екенін жоғарыдағы жағдай айғақтады. Сол «соқыр» сенім 13-14 жыл бойы төлін түгендеуге мұрша бермеген.

Талап ете алмай пұшайман

Бұнымен не айтпақпыз? 507 жылқыдан соң әр ауыл әкімі ойланып, бұқара үшін қаракетке кірісуі керек-ті. Жылқышалармен жазбаша келісімшарт жасалуына мұрындық болу   – ауыл әкімдеріне міндет. Аядай ауылдың адам түгілі  көшедегі бұралқы итін де танитын ауыл әкіміне мұндай келісімшарт жасау – қиындық тудырмауы тиіс-ті.

Мыңғырған жылқысы болмаса да, бағымға берген бірер жылқысының жоғалғанына я өлгеніне жылқышылардың  орнын толтырып, көңілі түсіп, мал беруі  – сирек. Себебі, олар да әккіленіп алған. Біліп отыр. Қолда жазбаша келісім жоқ. Қағазға түсіп, қатталмаған соң құзырлы орындар іс қозғамайды. Өйткені, негізсіз. Содан қазір ауылдағы ағайын мал мертіксе де, ит-құс жесе де, жылқышыдан табандап талап ете алмай пұшайман.  Заңдастырылған келісім жасалмаған.

Әкімдерде құзырет бар, құлық жоқ

Енді сол даладағы малдың жонынан жарыла алмай жүргенін өз басым көрмеппін. Бағымы да жетіскен емес. Аузы көкте десек те, арқа  еті арша,  арық. Жер алмастырмай, тулақ сүйрегендей тақыр жерде айналшықтағаны соғым кезінде мәлім. Көкбақа жемес үшін жылқыдан әкеліп, арнайы бордақыланады. Сонда ала жаздай бағымға берген ақша қайда? Әйтеуір, бас-көз, соған шүкір деседі. Не десек те,  бұл жылқышы атаулының қазір ауыл үшін «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс».  Ал, мұны реттейтін ауыл әкімдерінде құзырет бар. Бірақ, құлық жоқ…

Анадай 507 жылқы жоғалғанда ауыл түгілі барша аудан әкімі қам қылуы тиіс-ті.Сөйте келе, барша  ауыл әкіміне пәрмен беруі керек-ті. Десек те, «біреудің жоғын біреудің ысқырып жүріп іздейтін заман ғой». Не дегендейсіз?!.

Кеше ғана дүйіми елді дүрліктіріп, орынтаққа қонған су жаңа әкімдер жұмысының «біссіміләсін» осыдан бастаса  құп еді…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button