АймақҚарқаралы

Аңқасы кепкен ауылға су келеді

Қарқаралы ауданы аумағындағы қазыналы Қарағайлы кентін сумен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар қолға алынды. «Қуатты өңірлер – ел экономикасының драйвері» бағдарламасы аясында су және кәріз жүйесінің құрылысы жүзеге асуда. 2022-2024 жылдарға жоспарланған құрылыс жұмыстары нәтижесінде тозығы жеткен құбырлар толығымен жаңартылады.

Қарағайлыда аудан халқының басым бөлігін жұмыспен қамтып отырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Қарағайлы кен-байыту фабрикасы орналасқан. Еліміздің индустриалды-инновациялық бағытының қарқын алуына, оның ішінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына ықпал етіп отырған кенттегі басты мәселенің бірі – сапалы ауыз су тапшылығы. Түйткілді мәселені шешуде кешенді жоспар жасалып, кент ішіндегі су құбырларын ауыстырумен қатар, кәріз жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Екі жылға жоспарланған кешенді жоба өз нәтижесін беруде.

– Қарағайлыда су жүйесінің құрылысына 2 432,1 млн. теңгеге «Қостанайсельхозводопроводстрой» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. 2022 жылы бірқатар жұмыстар атқарылып, республикалық бюджет есебінен қарастырылған 700,0 млн. теңге толықтай игерілді. Биыл 586,43 млн теңге қаражат қаралды. Жаңадан салынатын су құбыры жүйесінің ұзындығы – 68,6 шақырым. Бүгінде оның 32 шақырымына құбырлар орнатылды. Екі су сору станциялары, екі 100 кВт-тық трансформатор алынды. Сонымен қатар, сыйымдылығы 300 текше метрді құрайтын екі резервуардың құрылысы жоспарланған, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің маманы Құмар Батырбеков.

Бірнеше жылдан бері тіршілік көзі – судан зардап шегіп келе жатқан кент тұрғындары үшін жаңадан су жүйесінің құрылысын жүргізу – кейінгі жылдары жүзеге асып отырған толымды істердің бірі.

– Жалпы, кент тұрғындарын таза, сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асып жатыр. Біз қуаныштымыз. Су жүйесі құбырларына қашан күрделі жөндеу жүргізгені нақты есімде жоқ. Тек осыдан екі-үш жыл бұрын біраз жерлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жамау-жасқаудың көпке бармайтыны анық. Қысы-жазы су құбырлары жарылып, істен шығып жатады. Тәуліктеп су болмайтын уақыттар мен су қысымының нашар болатын кездері бар. Енді осы жоба толығымен жүзеге асса, кент тұрғындары судан ешқандай тарлық көрмейді, – дейді кент тұрғыны Ардақ Құсайынов.

Экономикалық тұрғыда белсенді елді мекендердің қатарындағы Қарағайлыда кәріз жүйелері құрылысы да қарқын алуда. Жаңадан кәріз жүйесі құрылысын салуға 1 693,4 млн. теңге қаражат бөлініп, «АП Импекс» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Кәріз жүйесінің ұзындығы – 40,7 шақырым. Тәулігіне 730 текше метр тазалайтын кәріз нысанының құрылысы жоспарланған. 

Сағыныш ӘБІЛ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button