Жаңалықтар

Ағамыз алғыр журналист еді

Сонау 50-ші жылдары ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, сол кездегі «Советтік Қарағанды», қазіргі «Орталық Қазақстан» газетіне келген бір топ ағалар легінің туғанына – биыл 90 жыл. Осыдан бұрын Есімбек БӘЙТЕНОВ пен Қайыркен СҰЛТАНОВ марқұмдар жайлы мақалалар шыққан еді. Ендігі кезек Тоқан ӘБУҒАЛИЕВ ағамызға тиіп отыр.

Соғыстан кейінгі қиын жылдары Алматыға білім іздеп барған қазақ жігіттерінің ішінде Тоқан деген сымбатты, екі бетінен қан тамғандай қызыл шырайлы бозбала болған екен. Бірге оқыған курстастары Қайыркен, Есімбек, Асхат ағалардың айтуынша, Тоқан киімі жаңа, үнемі қалтасында ақшасы бар көрікті жігіт болыпты. Мынау бір бастықтың баласы шығар деп ойлапты бәрі. Шындығында олай емес-ті. Қайта сонау ашаршылық жылдары әкеден жетім қалып, шешесі мен ағаларының тәрбиесінде болыпты. Оның студент кезінде сәнімен киініп, алшаң басып жүргені – соғыс жылдарынан кейін үлкен ағасы Шығыс Қазақстан облысында аупарткомның бірінші хатшысы болған екен. Ал, екінші ағасы Мұқан Әбуғалиев оқыған, журналист болыпты. Мұқаң Өскеменде тұрып, сонда облыстық газетте көп жыл редактор қызметінде, одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің сол облыстағы меншікті тілшісі болып зейнеткерлікке шыққан еді. Міне, осы ағаларының арқасында Тоқан аға жоқшылық көрмей, ол уақытта екінің бірінің қолы жете бермейтін жоғары білім алған екен. Ағамен «Орталық Қазақстан» газетінде 20 жылдай бірге істеп, аралас-құралас болған соң оның өмір жолын бір кісідей білген едім. Оның өз аузынан там-тұмдап естіген жайларым бар.

Тоқан Әбуғалиев 1929 жылы 5 мамырда Қарағанды облысының сол кездегі Қу ауданында, Мыржық тауының баурайында дүниеге келген. Руы – Бертіс. Бірақ, бұл өңірде көп тұрмаған. Кәмпеске мен ашаршылық жылдары елмен бірге ауып, Өскеменнен бір-ақ шыққан екен. Сөйтіп, бесіктегі бала күнінде туған жерден ерте жырақтап кетіпті. Өндірісті қалаға барған әулет нәубеттен аман қалған. Үлкен ағалары ерте жұмысқа кіріп, өздерінің алғырлығы мен зеректігі арқасында жоғары білім алып, үлкен қызметке қол жеткізіпті. Бөтен жерде ешкімнің көмегінсіз, тамыр-таныссыз-ақ елдің алды болған.

Екі ағасы інілері Тоқанның ештеңеден тарықпай, алаңсыз оқуына жағдай жасаған көрінеді. Ашаршылықта бас сауғалап, өзге өңірге аш-жалаңаш ауып барған жетімдердің осындай табысқа жетуінің өзі бір ерлік десе де болады. Тоқан ағамен бір курста оқыған Қайыркен Сұлтанов марқұм Алматыда өткен жылдары туралы былай деп еске алып еді: «Соғыстан кейін елдің толық есін жимаған кезі. Киер киім мен ішер асқа жарымаған кез. Елге каникулға барғанда құрт-май, талқан алып қайтатын едік. Соны айлар бойы талшық қыламыз. Ішіміздегі жалғыз Тоқанның ғана киімі бүтін, тамағы тоқ болатын. Сабақты да жақсы оқыды, ауылдан келген біздер сияқты емес, орысшаға да жүйрік еді. Оған қызыға қарайтынбыз. Оқу бітірген соң ол Өскеменге қызметке кетті. Көкшетаудан Есімбек екеуміз болғанбыз. Есімбек жолдамамен Қарағандыға, мен Көкшеге кеттім. Кейін Ақмолада істеп, ақыры Қарағандыға келдім. Бірге оқыған курстастарыммен қайта тоқайластым. Осы өңірден бізбен бірге Асхат Темірбаев пен Ораз Сағынаев оқыған болатын. Олар да осында екен. Сөйтіп, бір кездері талқанды бөліп жеген жігіттер «Орталық Қазақстан» газетінде кездесіп, бірге істедік».

Тоқан журналист мамандығын алып, өскен жері Өскеменге келіп, облыстық газетке қызметке кіреді. Ағаларымен, анасымен қауышады. Облыстық газеттің белді журналистерінің бірі болады. Бірақ та, өзінің атажұртына оралуды ойлап жүреді. Қарағанды жаққа қарайлап, реті келсе, елге қайту бір бүйірінде болады. Ақыры, 60-шы жылдардың басында Жезді аудандық газетіне редактор болып келеді. Беделді басшы ретінде көзге түседі. Бір қызығы сол аудандық газетке тәжірибеден өтуге келген, кейін белгілі журналистке айналған Нұрмахан Оразбеков Тоқаңның шәкірті болыпты. Жездінің газетінде сол уақытта белгілі ақын, қарымды журналист Айтқазы Нұрбеков ағамыз қызмет істепті. Айтағаң Балқантаудың тумасы еді. Ол кісіні Егіндібұлақ жұртшылығы жақсы біледі.

Аудандық газетті ұршықтай үйіріп отырған Тоқан Әбуғалиев облыстық газет басшыларының назарына ілігіп, ақыры, ол Қарағандыға шақырылады. Сөйтіп, облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі болып келеді. Содан табан аудармай 30 жылдай осы газетте қызмет істеді. Газеттің «Совет құрылысы», «Ауыл шаруашылығы», «Еңбекші хаттары» бөлімдерінің меңгеруші болды. Редакцияның партия ұйымының хатшысы болды. Ол уақытта партком хатшысы редактордан кейінгі екінші адам болатын. Кез-келген адам хатшылыққа сайлана бермейтін. Тоқан аға газеттің барлық жанрын меңгерген қарымды журналистердің бірі болды. Сол жылдары облыстық газетте «Бесеудің бұрышы» деген сын-сатира бөлімі болған. Оны ұйымдастырушы белгілі фельетоншы Кәртай Ермекбаев ағамыз еді. Сол бұрышқа бүркеншік атпен фельетон жазатын бес журналистің бірі осы Тоқан Әбуғалиев екен. Ол уақытта фельетонға іліккен бастықтар бірден қызметтен кететін кез. Тоған ағам: «Е, істерін ілгері бастыра алмаған бастықтардың түбіне жеттік қой» деп отыратын.

Мен Тоқан ағаны 1975 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне тәжірибеден өтуге келгенде бірінші рет көрдім. Ортадан жоғары бойлы, толық денелі, қызыл шырайлы кісі екен. Сөзі де, қимылы да ширақ кісіні сыртынан нұсқаған үлкендердің бірі: «Мынау уылжыған келіншегі бар шырайлы жігіт сенің ағаң болады», – деді. Мүйізі қарағайдай журналистке ентелей жетіп баруды ыңғайсыз көріп, қысыла-қысыла жақындап: «Аға, мен де Шаншардың бірі едім» деп едім, «Бауырым екенсің ғой» деп құшақтай алды. Сөйтсем, ол кісі Мыржықта туғаны болмаса, Егіндібұлақта тұрмапты. Шынында да, алыста жүріп, бауырларын сағынғанға ұқсайды. Содан бастап Тоқаңмен араласқұралас болдық. 1989 жылы зейнеткерлікке шығып бара жатып, менің қолыма Қалибек Қуанышбаевтың Алматыда 1962 жылы шыққан «Шаншарлар» кітабын ұстатты. Соның ішінде мына бір-екі шумақ өлең жүр екен. Редакцияда ол уақытта «Журналист» атты қабырға газеті шығатын. Мерекелерде сол қабырға газетіне әр қызметкер жайлы әзілдер шығатын еді. Сол «Журналистің» 1987 жылы 1 қаңтардағы номеріне Тоқаң жайлы мынандай достық әзіл шығыпты:

«Журналист алғыр жасынан,

Өзендей сырғып тасыған.

Қаламы ұшқыр. Бірақ та,

Құлақшыны түспейді басынан.

Қиындықтан қашпайды,

Ақ самайын ашпайды.

Бойы толған секрет,

Оны ешкімге айтпайды».

Бұл Тоқан ағаның алпысты алқымдап қалған кезі. Басында шашы болмаған соң, тоңа ма, әйтеуір, бөлмесінде малақайын киіп отыратын еді. Әріптестері, құрдастары соны айтқаны ғой.

Қорыта айтқанда, «Орталық Қазақстан» газетінде бір заманда қызмет істеген ағалардың біреуі және бірегейі Тоқан Әбуғалиев аға жайлы оның 90 жылдығына орай айтарымыз осы. Ағаның үлкен қызы да журналист, қазір Алматыда тұрады. Күлзия жеңгеміз де өмір бойы осы «Орталықта» машинистка болып істеп, зейнетке шықты. Тоқаң бақилық болғанда сүйегіне түсіп, інілік борышымды өтеп едім. Енді, міне, туғанына 90 жыл толуына орай, мақала жазып отырмын…

Біздің көзіміз кеткен соң Тоқан аға тәрізді алдыңғы толқын атпал азаматтар – журналистер жайлы кім жазар дейсіз?! Табиғаттың заңы солай, өмір өзгермейтін болса, кешегі алшаң басқан ағаларымыз қайда?!

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,

ардагер-журналист.

Басқа материалдар

Back to top button