АймақБас тақырып

25 тамыздан бастап мас күйінде жол апатын жасағандарға қатысты талап күшейеді

2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және жүргізушілердің денсаулық жағдайын бақылауды жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі kz24.news cайтына сілтеме жасап. 

Сурет ЖИ

Жаңа талаптардың бірі – мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушілерге қатысты. Егер мұндай азаматқа қатысты қылмыстық іс рақымшылық жасау, талап қою мерзімінің өтуі немесе заңда көзделген өзге де процессуалдық негіздер бойынша тоқтатылса, бұл енді оның жүргізуші куәлігін сақтап қалуына негіз болмайды.

Сонымен қатар, электрондық дерекқорда енді денсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізуге рұқсат етілген азаматтармен қатар, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар туралы мәліметтер де сақталады. Бұл уәкілетті органдарға сотқа жүгінбей-ақ көлік жүргізу құқығын тоқтату туралы шешімді автоматты түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды өзгеріс – 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар әр екі жыл сайын міндетті түрде қайта медициналық тексеруден өтеді. Егер тексеруден өткені туралы мәліметтер жол қозғалысының цифрлық жүйесіне енгізілмесе, олардың көлік құралын басқару құқығы тоқтатылуы мүмкін.

Жаңа тәртіпке сәйкес, мұндай жағдайда көлік жүргізу құқығын тек сегіз жылдан кейін ғана қалпына келтіруге болады. Ол үшін азамат міндетті медициналық куәландырудан өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша емтиханды сәтті тапсыруы тиіс.

Бұған дейін көлік жүргізу құқығын тоқтату туралы шешімді бірқатар жағдайда сот қабылдайтын. Ал 2026 жылғы 25 тамыздан бастап бұл өкілеттік Ішкі істер министрлігіне беріледі, ал рәсімдердің бір бөлігі цифрлық жүйелер арқылы жүзеге асырылады.

Диас СЕЙЛҒАЗИН
Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың студенті

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button