Қарапайым кеншінің күрделі мәселесі қаралды
Мақсаты – қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы жеке еңбек дауларын шешу болып табылатын кеншілер ұжымдарының мәселелері жөніндегі келісу комиссиясының кезекті отырысы өтті. Толғандырған басты мәселе – кеншілердің зейнет жасын төмендету. Бұл үшін жиынға Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов шақырылған болатын.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысқан кезекті отырыста «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің еңбек ұжымдары кеншілер атынан сұрақтар қойды.
– Келісім комиссиясы жыл бойы жұмыс істейді. Ілгерілеу бар. Бірақ, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелік мәселелер жеткілікті. Өткен отырыста біз нормативтік сан, кадрлардың ауысуы, жабдықтарды жаңарту мәселелерін талқыладық. Әрине, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шаралары бірінші орынға шығады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Кеншілердің базынасын жеткізген «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев алты мәселені ортаға салды. Олардың қатарында жалақыны көтеру, 13-ші жалақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін арттыру жөніндегі шараларды толық қамтамасыз ету, кәсіптік аурулардың алдын алуды және қызметкерлерді сауықтыру жүйесін жақсарту. Ал, кеншілер көтерген басты мәселе – зейнет жасын төмендету мәселесі бойынша Ақмәди Сарбасов түсініктеме беріп, ведомствоаралық комиссия жұмысын жалғастыруда екенін айтты.
– Халықаралық тәжірибені зерттедік. Бірнеше нұсқалар қарастырылуда. Оның ішінде арнайы қосымша ақыларды енгізу де талқылануда. Сондай-ақ, мемлекетпен қатар жұмыс беруші де міндеттеме алуы тиіс, – дейді бірінші вице-министр. Ақмәди Сарбасов кейінірек нақты сызба ұсынылады деп те уәде етіп отыр.
Отырыста өзге де мәселелер талқыланғанын айту керек. Шешімі – алдағы күннің еншісінде.
Салтанат ІЛИЯШ
Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК