Жаңалықтар

Саранда шағын бизнес күн энергиясына көшеді

Қарағанды облысының Саран қаласында «Sigma Corporation» ЖШС өндірістік цехының төбесіне қуаты 50 кВт болатын типтік күн электр станциясы (КЭС) орнатылады. Бұл – ШОБ үшін лизинг шартымен салынатын алғашқы электр станциясы. Бұл туралы Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов мәлімдеді,деп хабарлайды Ortalyq.kz Kapital.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

«Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға қуаты 200 кВт-қа дейінгі шағын ЖЭК станцияларын орнатуға мүмкіндік береді. Абай тігін фабрикасының ғимаратының төбесіне күн электр станциясын орнату тәжірибесі мұндай нысандарға сұраныс болатынын көрсетеді. Олар компанияларға өндірісін өз электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, энергия шығынын азайту арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге де мүмкіндік береді», – деді Сергей Агафонов.

«Green Platform Kazakhstan» заңды тұлғалар бірлестігі типтік күн электр станциясына қойылатын талаптарды әзірледі. Олар қуатына, бағасына, өтелу мерзіміне, монтаждау мен демонтаждау жылдамдығына қатысты. Мақсат – тіпті салыстырмалы түрде шағын кәсіпорын да сатып ала алатын күн электр станциясын жасау.

Мамандар мұндай станцияның орнатылған қуаты 50 кВт болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Ол көп орын алмайды. Өнеркәсіптік ғимараттың төбесіне немесе жердегі шағын учаскеге орналастыруға болады.

Мұндай станцияның бағасы – 12 млн теңге. Бұл еліміздің облыс орталықтарындағы бір бөлмелі пәтердің құнымен шамалас.

Сатып алуды жеңілдету үшін «Green Platform» лизинг схемасын қолдануды ұсынды.

«Мен шағын энергетикаға арналған қаржыландыру құралдарының жоқтығына үнемі шағымданамын. Біз тракторды лизингке сатып ала аламыз. Кез келген нәрсеге несие алуға болады. Бірақ күн электр станциясын бұлай сатып алуға ешкім мүмкіндік бермейді. Коммерциялық банктер де, мемлекет те. Даму институттары тек ірі станцияларды орнатуға қаржы бөледі, өйткені олардың өндірген электр энергиясын өткізудің кепілдендірілген жолы бар. Сондықтан біз «Атамекен» ҰКП қолдауымен, кабельдік муфталар өндіретін қазақстандық компанияның базасында лизинг схемасын алғаш рет іске асырып көрдік», – деді Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы.

Схеманы іске қосу үшін бірден алты келісімге қол қойылды.

Консорциум келісімінде кәсіпорын ғимаратының төбесіне КЭС орнату шарттары қарастырылған. Станцияны «Green Platform Kazakhstan» заңды тұлғалар бірлестігі лизингтік компаниядан 5 жылға сатып алады. Одан кейін станцияны орнату туралы келісім жасалады.

Төртінші келісім Green Platform мен монтаждаушы компания арасында жасалады. Соңғысы мәміленің қосалқы кепілгері болады. Оның орнына ол күн электр станциясының 10%-ын меншігіне алады. «Sigma Corporation» ЖШС келісім шарттарын орындамаған жағдайда, қосалқы кепілгер станцияны өзіне алады.

Тағы екі келісім – шарт бойынша тарапты ауыстыру және лизингтік компанияның лизинг нысанына кедергісіз қол жеткізуі туралы.

«Осы алты келісім бүкіл схеманың тәуекелдерін барынша хеджирлейді, – деп атап өтті қауымдастық басшысы. – Станция жылына шамамен 60–62 мың кВт-сағат электр энергиясын өндіреді деп күтіп отырмыз. Алаң иесі үшін ең маңыздысы – реттелетін тарифке қарағанда 15% жеңілдік алу. Қазір ол 1 кВт-сағат үшін 38 теңге төлейді. Демек, электр энергиясы оған 5 теңгеге арзан түседі».

«Green Platform» мұндай схема шағын күн электр станцияларын орнатудың типтік үлгісіне айналады деп күтеді. Бұл ретте нетто-тұтынушының өзінде орнатылатын КЭС, яғни таратылған генерация, электрмен жабдықтау шығындарын үнемдеумен қатар, тарату желілеріндегі шығынды азайтып, Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Жетісу облысында құны 5,8 млрд теңге болатын күн электр станциясы іске қосылды.

Қазақстан мен Қытай 2 млрд доллардың ЖЭК жобаларын іске қосады. Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 1,8 ГВт болатын екі жел электр станциясы мен бір күн электр станциясын салу жоспарланып отыр.

2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру 8,8 млрд кВт/сағатқа дейін өседі деп күтілуде.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button