Еңбек табысы – отбасы ырысы
Қарапайым еңбек адамының күнделікті тіршілігіне үңілсек, отбасының әл-ауқаты ең алдымен, тұрақты табысқа келіп тірелетіні хақ. Ай сайынғы жалақы – бір шаңырақтың азық-түлігі, баланың білімі, баспана мен тұрмыстық қажеттіліктің негізгі көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында да азаматтардың табысын арттыру, еңбек өнімділігін көтеру және өңірлерде жаңа өндірістерді дамыту мәселелеріне басымдық берілді.

Экономикалық көрсеткіштің артуы еңбек нарығына да ықпал етуде. Үкіметтің ресми сайтында жарияланған деректерге үңілсек, биылдың алғашқы тоғыз айында Қарағанды облысында тоғыз мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Оның 94 пайызы – тұрақты жұмыс орындары. Ал, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрады.
Мұндағы назар аударатын көрсеткіш – тұрақты жұмыспен қамтудың үлесі. Өйткені, маусымдық немесе уақытша қызметпен салыстырғанда тұрақты еңбек қатынасы отбасына ұзақ мерзімді жоспар жасауға, несие міндеттемелерін өтеуге және күнделікті шығындарын реттеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, жұмыс орнының тұрақтылығы оның табыстылығы жоғары екенін білдірмейді. Бұл ретте еңбекақы мөлшері, еңбек жағдайы және қызметкердің кәсіби өсу мүмкіндігі де маңызды.
Жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына өңірдегі инвестициялық жобалар үлес қосуда. Соның бірі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған Silumin of Qazaqstan зауыты. Қазан айында ашылған кәсіпорын алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіреді. Жобаның бірінші кезеңінде 200 жұмыс орны ашылған. Зауыт жылына бес миллион радиатор секциясын шығаруға есептелген. Бұл бастама импортты алмастырумен қатар, жергілікті тұрғындарды өндірістік еңбекке тартуға бағытталған.
Саран индустриялық аймағында іске қосылған тас мақта зауыты да жұмыспен қамту тұрғысынан мәнді. Кәсіпорында жылына 1,2 миллион текше метрге дейін жылу оқшаулағыш материал шығару көзделген. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өндірісте 186 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұған қоса, кәсіпорынға қызмет көрсететін ұйымдарда да жұмыспен қамту мүмкіндіктері қалыптаспақ.
Әрине, жаңа зауыттың ашылуы сол сәтте барлық әлеуметтік мәселені шешпейді. Мұнда қанша жергілікті тұрғын еңбекке қабылданатыны, олардың біліктілігі мен жалақысы қандай болатыны да маңызды.
Президент Жолдауында еңбек адамының табысын арттыруға қатысты нақты міндет қойылды. Мемлекет басшысы келер жылдан бастап, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Ресми болжам бойынша, бұл өзгеріс еліміздегі 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджет саласындағы 370 мыңнан астам қызметкердің табысына ықпал етпек.
Мұндай шешім ең төменгі мөлшерде еңбекақы алатын азаматтар үшін маңызды. Алайда, оның әр қызметкердің жалақысына бірдей әсер етпейтінін ескеру қажет. Ең бастысы, еңбекақының өсуі күнделікті тұтыну шығындарының артуымен салыстырғанда нақты нәтижеге жеткізуі тиіс.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қарағанды облысындағы орташа айлық атаулы жалақы 470 390 теңгені құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 8,8 пайызға жоғары. Бірақ, орташа көрсеткіш өңірдегі әр қызметкердің дәл осындай жалақы алатынын білдірмейді. Өндіріс, білім, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларындағы еңбекақы деңгейі әртүрлі.
Ал, облыстағы жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыс 286 829 теңгеге жеткен. Бір жылдағы өсім 11,6 пайыз болғанымен, инфляцияны есепке алғандағы нақты өсім 2,2 пайызды ғана құрады. Бұл екі көрсеткіштің айырмасы отбасы әл-ауқатын бағалауда аса маңызды. Өйткені табыстың қағаз жүзінде көбеюі оның сатып алу қабілеті дәл сол мөлшерде артты деген сөз емес.
Халықтың табысын тұрақтандыруда жұмыспен қамтудың әлеуметтік бағдарламалары да өз орнын алады. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, биылғы тоғыз айда Қарағанды облысында 50 жастан асқан 1093 адам «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа орналасқан. Бұл бастама еңбек нарығында жас ерекшелігіне байланысты қиындық көретін азаматтардың кәсіби тәжірибесін пайдалануға әрі отбасылық кірісін сақтауға мүмкіндік береді.
Әсіресе, табысы төмен отбасылар үшін жұмыспен қамту шараларының маңызы жоғары. Облыста мамыр айының басына дейін 572 отбасы, яғни, 2638 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Мемлекеттік қолдау олардың күнделікті қажеттілігін өтеуге бағытталған. Ал, еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты қызметке орналастыру отбасының өз табысын қалыптастыруына жағдай жасайды.
Өңірдегі еңбек нарығының болашағы алдағы инвестициялық бастамалармен де байланысты. 2032 жылға дейін жалпы, құны жеті триллион теңге болатын 186 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – әзірге алдағы кезеңнің межесі. Оның нақты нәтижесі жобалардың іске асуына және құрылатын жұмыс орындарының сапасына байланысты болмақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



