Диас Кенжебек Пара Азия ойындарында үш медаль жеңіп алды
Қарағандылық паражүзуші Диас Кенжебек Жапонияда өтіп жатқан Пара Азия ойындарында үш медаль жеңіп алды. Спортшы екі күн ішінде бір алтын және екі күміс жүлдеге қол жеткізіп, Азия рекордын жаңартты.

20 қазанда өткен жарыста Диас Кенжебек арқамен жүзуден 100 метр қашықтықта S10 санатында бақ сынап, 1 минут 1,98 секунд нәтижесімен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша, ол алтын медальмен қатар Азия рекордын да иеленді. Бұған дейінгі рекордтық көрсеткіш – 1 минут 3,73 секунд болатын.

Сондай-ақ, қарағандылық спортшы осы күні 200 метрге кешенді жүзуден SM10 санатында сынға түсіп, 2 минут 21,61 секунд нәтижесімен күміс жүлдегер атанды.
Ал 19 қазанда 100 метрге еркін жүзуден екінші орын алып, қоржынға тағы бір күміс медаль салған еді.
Осылайша, Диас Кенжебектің Параазия ойындарындағы жүлделер саны үшке жетті. Оның еншісінде – бір алтын және екі күміс медаль. Бұған дейін Қазақстан құрамасының сапында Роман Потапов пен Наталья Звягинцева да қола және күміс жүлделерге қол жеткізген болатын.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



