Қарағанды облысындағы өндіріс көлемі мен еңбек қауіпсіздігі: құқық пен нақты көрсеткіштер
Қарағанды облысының экономикалық әлеуеті көмір өндірісімен, металлургиямен және тау-кен өнеркәсібімен тығыз байланысты. Өңірдің өндірістік көрсеткіштері артқан сайын еңбек қауіпсіздігі, жұмысшының денсаулығы мен өмірін қорғау мәселесінің маңызы да арта түседі. Бұл ретте Конституцияда бекітілген құқықтар мен өндірістегі нақты жағдайдың арақатынасын бағалау маңызды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленген. Ал 27-баптың 1-тармағы әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығын бекітеді. Осы баптың 2-тармағында мемлекет қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына, еңбегі үшін кемсітусіз сыйақы алуға және әлеуметтік қорғалуға кепілдік беретіні көрсетілген.

Демек, кеншінің еңбегін бағалау тек өндірілген көмір көлемімен немесе экономикалық нәтижемен шектелмеуге тиіс. Жұмысшының қауіпсіздігі де осы саланың негізгі көрсеткіштерінің бірі болуы қажет. Конституцияның аталған нормалары өндірістік қауіпсіздікке қатысты талаптарды құқықтық тұрғыдан бағалауға негіз болады.

Өндіріс көлемі мен қауіпсіздік көрсеткіштері

Қарағанды облысы республикадағы көмір өндірісінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етеді. Облыс әкімдігінің 2025 жылғы өнеркәсіп қорытындылары туралы ресми хабарламасында көмір өндіру көлемі шамамен 30 миллион тоннаға жеткені, ал болат өндірісі 3,1 миллион тоннаны құрағаны көрсетілген. Көмір өндіру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға өскен. .

Өнеркәсіптің ауқымы өңір экономикасындағы еңбектің маңызын айқындайды. Алайда өндірістің өсуі еңбек қауіпсіздігі мәселесін де күн тәртібінде ұстайды.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жариялаған 2025 жылғы деректерге сәйкес, елімізде өндірістегі жазатайым оқиғалардан 2 328 адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 2 471 адаммен салыстырғанда 5,8 пайызға төмен. Ал 2023 жылы өндірісте зардап шеккендер саны 2 670 адам болған. .
Өңірлік көрсеткіштерге келсек, 2025 жылы Қарағанды облысында өндірісте 277 адам жарақат алған. Бұл республика бойынша тіркелген жалпы көрсеткіштің 11,9 пайызына тең. Салыстыру үшін, Шығыс Қазақстан облысында 287 адам зардап шеккен. Демек, Қарағанды облысындағы өндірістік жарақаттану мәселесі өзектілігін сақтап отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елдегі өндірістік жазатайым оқиғалар кезінде 250 адам топтық оқиғалардан, 23 адам уланудан зардап шеккен. Сонымен қатар 408 адам кәсіптік ауруларға байланысты есепке алынған. Аталған деректер өндірістегі қауіпсіздік ұғымы жарақаттың алдын алумен ғана шектелмейтінін, кәсіби аурулар мен зиянды өндірістік факторлардың әсерін де қамтитынын көрсетеді.
Құқықтың нақты өмірдегі көрінісі
Конституцияның 27-бабында бекітілген еңбек қауіпсіздігі құқығы жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың міндеттері тұрғысынан да маңызды. Оның іс жүзінде орындалуы өндірістік тәуекелдерді бағалау, қауіпсіздік талаптарын сақтау, жұмысшыларды оқыту, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың себептерін анықтау секілді шаралармен тығыз байланысты.
Бұл жерде бір жайтты ескерген жөн: Ұлттық статистика бюросының 277 адам туралы дерегі — Қарағанды облысындағы барлық салалар бойынша өндірісте зардап шеккендер саны. Оны түгелдей кеншілердің жарақаттануы деп көрсетуге болмайды. Тау-кен саласының өзіне қатысты қорытынды жасау үшін салалық статистика мен шахталардағы жазатайым оқиғалар туралы деректерді жеке қарастыру қажет.
Сонымен бірге Конституцияның 37-бабы қоршаған ортаны қорғау мен адам денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру мәселесін қамтиды. Өнеркәсіптік өңір үшін бұл норма да маңызды. Өндірістің дамуы тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты талаптармен қатар жүруге тиіс.
Негізгі өлшем — адам өмірі
Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуеті көмір мен металл өндірісінің көлемінен, инвестициялық жобалардан және жаңа жұмыс орындарынан көрінеді. Мәселен, облыс әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы өңірде жалпы құны 254,5 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жоба іске қосылып, 4,1 мың жаңа жұмыс орны ашылған. .
Дегенмен өндірістік дамудың нәтижесін бағалағанда жұмыс орындарының санымен бірге олардың қаншалықты қауіпсіз екеніне де назар аудару қажет. Өйткені әрбір өндірістік көрсеткіштің артында адам еңбегі, денсаулығы және отбасының әл-ауқаты тұр.
Конституцияда бекітілген құқықтар осы тұрғыдан алғанда тек құқықтық құжаттағы қағидалар емес. Олар еңбек қатынастарын ұйымдастыруда, жұмысшының өмірін қорғауда және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруда басшылыққа алынатын негізгі өлшемдер. Қарағанды облысы үшін өндірістік қуатты арттырумен қатар, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету де өңір дамуының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



