АймақБас тақырып

«Taldy Fest» салт-дәстүрді дәріптейтін алаңға айналды

Қазақ даласы, оның ішінде құт қонған Арқа төсі – тұнып тұрған ашық аспан астындағы музей. Әр тасы тарихтан сыр шертетін шежірелі Шет ауданы бүгінде туристердің назарын өзіне аударып, еліміздің тарихи туризм картасындағы жаңа нүктеге айналып келеді. Әсіресе, жұмбағы мол Қаражартас пирамидасы мен Талды тарихи-археологиялық кешені аймақтың басты брендіне айналуына толық негіз бар.

Суреттер автордан

Шет өңірі – көне дәуірлердің куәгері. Бұл аумақта 214 жергілікті маңызы бар және «Бұғылы ІІ», «Талды І» сынды республикалық маңызы бар 2 мемлекеттік ескерткішті қосқанда, барлығы 216 тарихи-мәдени нысан мемлекет қорғауына алынған. Аудандық археологиялық-этнографиялық мұражай қорындағы 1500-ден астам жәдігер – палеолит пен неолит дәуірлерінен бастап, қазақтың байырғы тұрмысына дейінгі кезеңді қамтитын баға жетпес мұра. Мұражай ұжымы осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа дәріптеуде қажырлы еңбек етіп келеді.

Алайда, Орталық Қазақстан тарихындағы соңғы жылдардың ең сенсациялық жаңалығы – «Қаражартас» қорымы. Шамамен біздің заманымызға дейінгі ХІІ–VІІІ ғасырларға, яғни, кейінгі қола дәуіріндегі әйгілі Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тиесілі бұл оба алғаш рет 2014 жылы Талды ауылдық округіндегі археологиялық барлау кезінде мамандардың назарына ілікті.

Ал 2017 жылы жүргізілген іргелі қазба жұмыстарының нәтижесінде далалық сәулет өнерінің жауһары – сатылы пирамида іспеттес таңғажайып қорым аршылып, қайта жаңғыртылды. Қазіргі таңда бұл аумақта Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Талды тарихи-археологиялық паркі» атты филиалы жұмыс істеп тұр. Осы өңірдегі қола, ерте темір және түркі дәуіріне тән 10 ескерткіштің қайта қалпына келтірілуі – өткенге деген зор құрмет.

Қаражартастың тарихи маңызы Қазақстан аумағымен шектеліп қалған жоқ. Оған биылғы жылдың 11–12 маусымында Талды алқабында өткен халықаралық симпозиум дәлел. Әлемдік деңгейдегі алқалы жиынға Қазақстан, Түркия, Германия, Мажарстан және Ресей сынды мемлекеттерден білікті зерттеушілер арнайы келді. 1000-нан аса адам қатысқан ауқымды шарада ғалымдар Ұлы даланы ежелде мекендеген тайпалар туралы тың деректермен бөлісіп, Талды өңірінің әлі ашылмаған талай құпияның кілті екенін бірауыздан мойындады.

Мұндай жаңалықтар туристер ағынына да тікелей әсер етуде. Мәселен, былтыр Қаражартас пирамидасын көруге 1000 турист келсе, биылдың өзінде бұл көрсеткіш 1700 адамға жеткен. Өңірдің туристік бағыттарын насихаттау мақсатында биыл ұйымдастырылған экстремалды «JEEP TOUR» жобасы мен қыркүйек айында «Vizit-Qaraganda» орталығы таныстырған екі күндік жаңа туристік маршрут оң нәтижесін беруде.

Әрине, туристерді тарту бір бөлек, оларға сапалы қызмет көрсету – маңызды шаруа. Осы орайда Шет ауданында ауқымды жобалар жоспарланып отыр. Туризм саласының келешегі мен аймақ экономикасына тигізер ықпалы жайында Шет ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Махмутова өңірге турист тарту мәселесінде қолайлы инфрақұрылымның маңызы зор екенін тілге тиек етеді.

– Қаражартас пен Талды ауылындағы кешенді тарихи орындар – біздің ауданымыздың басты бренді. Бірақ бұл әлеуетті толық пайдалану үшін бізге заманауи инфрақұрылым ауадай қажет. Қазіргі уақытта Ақшоқы мен Талды арасындағы 36 шақырымдық жол құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Бұл жол төселсе, Қаражартасқа қатынау әлдеқайда жеңілдеп, келушілер саны күрт көбейеді. Мұнымен қоса, біз Талды ауылының инженерлік желілерін – электр және су жүйелерін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Ауыл ішінен ұлттық нақыштағы этноауыл, жайлы қонақ үйлер, заманауи асханалар мен демалыс орындарын салу – күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Бұл қадамдар туристердің Талдыда бірнеше күн аялдауына жағдай жасайды. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар үшін тамақтану, көлік, гид қызметі, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын сату арқылы қосымша табыс тауып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылады, – дейді бөлім басшысы.

Иә, бүгінде дәстүрлі түрде өтетін «Taldy Fest» халықаралық фестивалі ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптейтін бірегей алаңға айналып үлгерді. Талды археологиялық паркі, құпиясы мол Қаражартас пирамидасы, тарихи Ақкезең мен Талды ауылы бір-бірімен сабақтаса отырып, болашақта біртұтас ірі туристік кластерді құрамақ.

Иә, тарихты тану – бабаларға тағзым ғана емес, ол бүгінгі күннің экономикалық драйверіне айналуы тиіс. Қаражартас – Ұлы даланың үнсіз жатқан тасы емес, ол Шет ауданының даңқын асырып, отандық туризмнің жаңа көкжиегін ашатын баға жетпес қазына.

Назар ӘЛІ
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button