Талдысай судан тарықпайды
Талдысайдың тұрғындарын отыз жылға жуық толғандырған ауызсу мәселесі шешімін тапты. Бұған дейін суды тасымалдап ішіп, яки аптасына екі рет қана берілетін суды үнемдеп пайдалануға мәжбүр болған ауыл халқы енді суды әр үйде күнделікті керегінше пайдалана алады.

Талдысай аулына дейін ұзындығы 3 шақырым 400 метр су желісі тартылып, сорғы станциясынан су жеткізілді. Жұмысқа бюджеттен 11 миллион теңге бөлініп, «Eurasian Land» ЖШС 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. «Сарыарқа Алтын» ЖШС экскаватор мен жүргізуші бөліп, «Қазмарганец» РММ манипулятор техникасымен көмектесті. Сондай-ақ, жұмысты жүзеге асыруға «Қаратал» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қызметкерлері атсалысты.

Ауыл тұрғыны Рысбай аға Талдысайдың тұрғындары көптен күткен мәселенің шешілуіне қолдау көрсеткен аудан әкімі Бақытжан Мұқановқа ерекше алғысын білдірді. Өңір басшысы су тарту басталғалы Талдысайға бірнеше рет келіп, жұмыс барысымен танысып, оның орындалуын дербес бақылауында ұстады. Рысбай аға аудан басшысымен қатар, қаржылай және техникалық көмек көрсеткен кәсіпорындарға, әрі осы іске үлес қосқан барша азаматқа ауылдастары атынан ризашылығын жеткізді.
Ауызсу – тіршіліктің өзегі. Көп жыл күткен судың әр шаңыраққа жетуі Талдысай тұрғындары үшін үлкен қуаныш әрі тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
Ortalyq.kz



