Қазақстанда Yandex Go сервистерінің жұмысы бұзылды
Қазақстанда 11 қазанда Yandex Go сервистерінің жұмысында техникалық ақаулар тіркелді. Соның салдарынан кейбір пайдаланушылар такси мен жеткізу қызметтерін пайдалана алмай қалды. Компания іркілістерді растағанымен, қызметтердің толық қалпына келу уақытын нақтыламады.

Yandex компаниясының мәліметінше, мамандар ақауларды жоюға кіріскен. Әлеуметтік желідегі ресми хабарламада сервистердің тұрақты жұмысын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданып жатқаны айтылған.
Техникалық ақаулар тек Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Өзбекстанда да байқалды. Өзбекстандық пайдаланушылар такси бағасының көрсетілмеуіне, тапсырысты рәсімдеу кезіндегі қиындықтарға және қоғамдық көлік қозғалысын бақылау функциясының істен шығуына шағымданған.
Ақауларға Ресейдегі дата-орталықтарға жасалған шабуылдар себеп болуы мүмкін
Ресейлік РБК басылымының хабарлауынша, 11 қазанға қараған түні Владимир қаласындағы Yandex компаниясына тиесілі деректерді өңдеу орталығы ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған. Соның салдарынан орталықтың инфрақұрылымы зақымданған. Оқиға кезінде зардап шеккендер болмағаны хабарланды.
Бұл — соңғы күндері компанияның деректерді өңдеу орталықтарына жасалған алғашқы шабуыл емес. Yandex-тің ресми ақпаратына сәйкес, 7-сінен 8 қазандағы түнде Рязань облысындағы Сасово қаласында орналасқан орталық зақымданып, жұмысын тоқтатқан. Ал 9 қазанда Калугадағы деректер орталығының инфрақұрылымының бір бөлігі істен шыққан.
Бұған дейін сарапшылар Владимирдегі деректер орталығының жұмысы тоқтаса, Yandex сервистерінде ауқымды іркілістер туындауы мүмкін екенін ескерткен. Дегенмен компания Қазақстандағы ақаулардың нақты себебін әзірге жариялаған жоқ.
Ресейде такси қызметінен бөлек, Yandex Pay, Yandex Music, «Кинопоиск» және «Умный дом» сервистерінің жұмысына қатысты да шағымдар тіркелген.
Компанияның мәлімдеуінше, цифрлық қызметтер әртүрлі елдерде орналасқан серверлер мен ортақ есептеу инфрақұрылымына тәуелді. Сондықтан бір дата-орталықтағы ақаулар басқа мемлекеттердегі сервистердің жұмысына да әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар Yandex Qazaqstan қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректері ел аумағындағы серверлерде сақталатынын мәлімдеген.
Қазіргі уақытта сервистердің толық қалпына келу мерзімі белгісіз. Компания мамандары ақауларды жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



