Халық КонституциясыБас тақырып

Өзгеріс өзегі – Халық Конституциясында

Халық Конституциясы күшіне енгеніне біршама уақыт болды. Осы  мерзім ішінде елдің саяси кеңістігінде елеулі өзгерістер орын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны соңғы отыз жылдағы ең ауқымды конституциялық реформа деп атады. Құрылтай жұмысын бастады. Вице-Президент институты пайда болды. Қазақстан Халық Кеңесі алғашқы сессиясын өткізді. Алда жаңарған билік жүйесінің тағы бір маңызды буыны – мәслихаттарды қалыптастыру кезеңі келе жатыр. 

Сурет Ақордадан

Өміршең өзгерістердің бәрі бірдей дабыл қағып, дүбірге ілесуі шарт болмас, әрине. 2026 жылдың 1 шілдесі де ел тарихындағы сондай белестердің бірі болды. Қазақстан Халық Конституциясымен өмірін өзгертті. Бірақ, Конституцияны қабырғаға іліп қоятын тарихи құжат деп қабылдау әсте аздық етеді. Оның мәні  өмірде қалай жүзеге асатынында болса керек. Өзгеріс өзегіне үңілсек, реформаның жолы айқын. Ата Заң жобасы ақпан айында халық назарына ұсынылды. Ал, 15 наурызда ел азаматтары республикалық референдумда өз таңдауын жасап, Конституцияны қабылдады.  Бір палаталы Парламент туралы идея да аяқ астынан туған жоқ. Ол Мемлекет басшысының  халыққа Жолдауында көтеріліп, кейін қоғам талқысына түсті. Сол талқылау барысында азаматтардан мыңдаған пікір мен ұсыныс келіп түскенін Президент атап өтті. Негізгі мақсат – Елордадағы ең жоғарғы мемлекеттік институттардан бастап, өңірлерге, аудандарға, ең шалғай ауылдарға дейінгі басқару тетіктерін жаңа қағидаттарға бейімдеу. Реформаның алғашқы маңызды белесі – бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауы болды. Жаңа заң шығарушы орган 145 депутаттан тұрады. Олар бес жыл мерзімге тек партиялық тізім арқылы сайланады.

28 тамызда Астанада бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылды. Осы сәттен бастап жаңа Парламент өз өкілеттігін жүзеге асыруға кірісті.  31 тамызда жаңа саяси жүйенің тағы бір маңызды тетігі іске қосылды. Құрылтай Конституцияда алғаш рет бекітілген Вице-Президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады. Мемлекет басшысы тиісті Жарлықтарға қол қойды. Осылайша Ата Заңда белгіленген мақсатты механизм нақты іске көшті. Құрылтайдың құзыреті де ауқымды. Депутаттар Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім береді. Жоғарғы Сот судьяларын сайлайды, Президент сайлауын тағайындайды, мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітеді. Яғни, жаңа заң шығарушы орган үшін алғашқы қадамдар жасалып қана қойған жоқ, Конституцияда жазылған өміршең  өкілеттіктер күнделікті мемлекеттік басқару тәжірибесіне ене бастады.

Конституциядан тамыр тартқан тағы бір институт – Қазақстан Халық Кеңесі. Оның алғашқы сессиясы 24 қыркүйекте өтті. Мемлекет басшысы бұл күнді тарихи оқиға деп атап, Кеңес қоғамдық пікір ашық айтылатын, ұсыныстар сараланып, нақты шешімдер қалыптасатын жаңа алаң болуы керек екенін жеткізді. Оның атауы мен мәртебесінің Конституцияның өзінде бекітілуі де осы институтқа берілген мәнді аңғартады. Кеңес жұмысының алғашқы күнінде ел дамуының жеті жылдық межесіне де шолу жасалды. Осы кезеңде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 29 пайызға өсіп, 306 млрд долларға жетті. Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтері 138 млрд доллардан асты. Экономикаға 162 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан жоғарылады. Өзгеріс мемлекеттік басқару жүйесіне де енді. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты атты жаңа құрылым пайда болды.

Жаңарған жүйенің сара жолы мұнымен тәмамдалмайды. Мемлекет басшысы реформалар жалғасатынын баса белгіледі. Конституцияға енгізілген өзгерістердің алғашқы нәтижелері енді ғана көріне бастағанымен, оның толық тынысын уақыт пен нақты жұмыс көрсетеді. Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жоспарын жариялады. Жергілікті өкілді органдар сайлауын реформаның «соңғы кезеңі» деп атады. Сындарлы шешімнің астарында жаңа саяси жүйеге бейімделу мәселесі жатыр. Сайлау рәсімінің тәртібі де белгілі. Президент Премьер-Министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізген соң мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлық шығарады. Бұдан кейін сайлау күнін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Заң бойынша кезектен тыс сайлау өкілеттік тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешікпей өткізілуі қажет. Сондықтан, жергілікті саясат үшін бұл, өкілдік жүйесінің жаңа кезеңіне өтудің нақты қадамы болмақ. Облыс пен аудан деңгейіндегі мәслихаттар үшін де, сайлаушы үшін де басты мәселе – жаңа мандаттың қандай сеніммен берілетіні және оның қандай жауапкершілік жүктейтіні.

Алдағы кезеңнің мақсат-міндеті айқын. Мемлекеттік органдарды толық қалыптастыру, қолданыстағы заңнаманы Халық Конституциясына  сәйкестендіру және мәслихаттар сайлауын өткізу қажет. Иә, әрбір дәуірдің өз сөзі, әр заманның өз талабы болады.  Ата Заңның айбыны да осында. Ол – бір күннің құжаты емес, мемлекеттің ертеңіне бағыт сілтер темірқазығы. Алда одан да жауапты асу тұр. Оның бір аты – уақыт талабы. Оның бір өлшемі – Егемен елдің ертеңі.

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button