Бас тақырып

«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 95 жыл

Талай буынның үніне айналып, Қарағанды өңірінің тыныс-тіршілігінен сыр шерткен «Ortalyq Qazaqstan» газетіне биыл – 95 жыл. Осы уақыт ішінде басылым дәуірдің сан белесін артқа тастап, ел өміріндегі елеулі өзгерістерді оқырманға жеткізіп, өңір шежіресінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде  газет осы дәстүрін жалғастырып, елдегі маңызды оқиғалар мен өзекті мәселелерді оқырман назарына ұсынып келеді.

Суреттер газеттің жеке мұрағатынан

Газеттің тарихына көз жүгіртсек, алғашқы саны 1931 жылғы 4 қазанда «Қарағанды пролетариаты» атауымен жарық көрген. Бұл атау Қарағанды таскөмір бассейнінің қауырт игеріле бастауымен байланысты. Ол кезде редакция мен баспаханаға арналған жеке ғимарат болмағандықтан, газет шығару жұмысы тар вагонда жүргізілді. Ал 1938 жылдан бастап басылым «Советтік Қарағанды» болып оқырманға жол тартты. 1963 жылдың 1 мамырынан бастап – «Орталық Қазақстан» атауымен жарыққа шығып келеді.

Әр жылдары редакцияда Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев секілді көрнекті қаламгерлер еңбек етті. Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары да басылым редакциясына келіп, Қарағанды туралы шығармаларын ұсынған. Қазақ журналистикасының белгілі қайраткерлері Ж. Орманбаев, Т.Нұртазин, Ә.Қарағұлов, К.Үсебаев, Б.Тәйкіманов, Ә.Бөлдекбаев, Р.Сағымбеков, А.Ахметәлімов, Н.Оразбеков М.Сембай әр жылдары басшылық қызметте болып, қаламгерлерді тәрбиеледі.

Бүгінде «Ortalyq Qazaqstan» газеті «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің құрамында аптасына үш рет жарық көріп, бірнеше мыңдаған оқырманға ақпарат таратады. Медиахолдингті тәжірибелі басшы, ақпарат саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген Қайрат Әбілда басқарады. Медиахолдинг құрамындағы басылымдар дәстүрлі журналистиканың қалыптасқан мектебін сақтай отырып, заман талабына сай жаңа бағыттарды да игеріп келеді.

Бір газетті артында – үлкен ұжым

Газет редакциясы – күн сайын ой қорытылып, сөз сараланып, дерек таразыға түсетін шығармашылық зертхана іспетті. Мұнда әркімнің өз міндеті, өз жауапкершілігі бар. Тілшінің ізденісі, редактордың талғамы, жауапты хатшының ұқыптылығы, дизайнердің шеберлігі мен корректордың қырағылығы тоғысқанда ғана газет оқырман қолына жетеді. Сондықтан әр нөмірдің артында тұтас ұжымның еңбегі жатыр.

Ұжымның басшысы әрі бас редактор Ерсін Мұсабек газеттің бағыт-бағдарын айқындап, мазмұны мен сапасын бағдарлайды. Әр материалды жіті оқып, ойының орнықтылығына, дерегінің дәйектілігіне, тілінің жатықтығына мән береді. Әсіресе, бас редактордың тақырып қоюдағы қолтаңбасы ерекше. Редактордың орынбасары Қызғалдақ Айтжан – редакцияның күнделікті жұмысын үйлестіріп отырған жан. Тілшілерге тапсырма беру, тақырыптарды талқылау, материалдардың әзірлігін қадағалау, алдағы нөмірдің мазмұнын ойластыру – бәрі де апайдың назарында. Өзі де ойы орнықты, қорғасындай салмақты материалдарымен оқырманға танылған кәнігі маман. Сайт редакторы Аяулым Совет – ұзақ жыл газетте еңбек етіп, журналистиканың нағыз мектебінен өткен тәжірибелі журналист. Газеттің мазмұны мен беттегі құрылымын үйлестіруде жауапты хатшы Салтанат Ілияштың еңбегі зор.  Нөмірдің жоба-жоспарын жасап, тілшілердің, дизайнерлер мен корректорлардың жұмысын байланыстырып отыратын жауапты хатшы газеттің көп жүгін арқалап жүрген тәжірибелі маман.

Редакцияның шығармашылық тірегі – аға тілшілер. Бұл атақтың артында жылдар бойғы тәжірибе, қалыптасқан қолтаңба, өз саласын терең білу мен оқырман алдындағы жауапкершілік тұр. Заң, құқық және саясат тақырыптарына Ерқанат Кеңесбекұлы, әлеумет пен медицина саласына Жәлел Шалқар, мәдениет пен руханиятқа Ерік Нарын, спорт тақырыбына Ербол Ерболат жауапты. Әрқайсысы өзіне жүктелген бағыттың жай-жапсарын зерделеп, жаңалығын жеткізіп, түйткілін көтеріп келеді. Газеттің ыстық-суығын бірге көріп, талай нөмірдің жүгін көтерген осы журналистер кейінгі буынға тәжірибесімен де, еңбегімен де үлгі.

Осы тәжірибелі қаламгерлермен қатар еңбек етіп жүрген тілшілердің де міндеті ауқымды. Өнеркәсіп, экономика және ауыл шаруашылығы бағыттарын Мағжан Құдайберген, білім мен ғылым саласын Жамал Советқызы, руханият тақырыптарын Аида Рахымқұлова қамтиды. Сайт тілшісі Диас Серікқазыұлы күнделікті жедел ақпарат әзірлеуге атсалысады. Аға әріптестермен қапталдаса жүріп СММ маман Гүлжанат Аманбекова да ізденіп, тәжірибе жинақтайды. Өз қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан тілшілердің әр нөмірге қосар үлесі үлкен.

Тілшінің жұмысы мақала жазумен ғана шектелмейді. Тақырып іздеу, дерек жинау, кейіпкермен сөйлесу, маман пікірін алу, жиынға қатысу, айтылған ақпаратты тексеру – мұның бәрі мәтін қағазға түскенге дейінгі еңбектің бір бөлігі. Кейде бір мәселенің мәнін ашу үшін бірнеше мекемеге сауал жолдап, әлденеше адаммен тілдесуге тура келеді. Одан кейін жиналған деректі жүйелеп, оқырманға түсінікті, жатық тілмен жеткізу қажет. Ақпарат майданындағы тілшінің күнделікті тіршілігі осылай өрбиді.

«Орталық Қазақстанның» дәстүрлі басылымымен қатар, заман талабына сай жұмыс істейтін сайт редакциясында газетте жарық көрген мақалалармен бірге мұнда жедел жаңалықтар, тексерілген әрі нанымды ақпарат жарияланады. Басылымның сайт редакциясы әлеуметтік желілелер арқылы оқырманмен байланыстың аясын кеңейтіп, өңір жаңалықтарын жедел ұсынуға қызмет етеді.

Газет материалының әсерлі шығуына мәтінмен бірге суреттің де ықпалы зор. Сәтті түсірілген бір кадр кейде оқиғаның сипатын ұзақ баяндаудан артық аңғартады. Сондықтан фототілші Жангелді Әбдіғалымовтың еңбегі редакция жұмысында айрықша орын алады. Түрлі тақырыпқа арнайы сурет түсіру, облыстағы маңызды жиындар мен іс-шаралардың мәнді сәттерін таспаға басу, мақалаға лайық кадр ұсыну шеберлікпен бірге жеделдікті де қажет етеді. Авторлық құқықты сақтау талабына сай басылымда өзіміз түсірген немесе пайдалануға рұқсат берілген фотосуреттер қолданылады.

Ал әзірленген материалдың газет бетіне түсуі бірнеше кезеңнен тұрады. Тілші жазған мақаласын әуелі редакторға немесе оның орынбасарына оқытып, мақұлдатады. Қажетті түзетулер енгізіліп, қол қойылғаннан кейін материал жауапты хатшыға өтеді. Ол нөмірдің жоба-жоспарына сәйкес мақаланы тиісті бетке бөліп, дизайнерлерге береді.

Мәтін, тақырып, сурет пен өзге де көрнекі элементтердің бетте жарасымды орналасуы дизайнерлердің шеберлігіне байланысты. Олар әр материалдың көлемі мен сипатын ескеріп, газеттің макетін әзірлейді, беттің оқуға қолайлы әрі тартымды болуын қадағалайды. Компьютер және дизайн бөлімінің жетекші маманы Шынар Адамбекова, дизайнерлер Айбек Рақымжан мен Арайлым Коктаева осы жұмысты атқарады. Тілшінің жазған дүниесін оқырманға ұғынықты пішінде ұсынуда бұл мамандардың еңбегі үлкен.

Бет қатталған соң материал тағы бір мұқият тексеруден өтеді. Осы тұста корректорлардың қырағы көзі қажет. Баспасөзде талай жыл еңбек етіп, тәжірибесі толысқан Күлбағдат Қасымова, Жазира Ахметова мен Әсия Бастенова газет мәтінінің сауатты шығуына осылай үлес қосып келеді

Редакциядағы тілшілермен қатар, өңірлердегі меншікті тілшілеріміз де ортақ іске үлес қосып келеді. Олар өздеріне бекітілген ауданның тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, маңызды жаңалықтарын жеткізіп, жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын газет бетінде көтереді. Нұрдос Кәрім, ардагер журналистер Ермек Балташұлы мен Ержан Имаш бұл міндетті зор жауапкершілікпен атқарып жүр. «Орталықтың» өз түлегі, бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым да қарашаңырақпен байланысын үзбей, қосымша меншікті тілші ретінде еңбек етуде. Осы әріптестеріміздің ізденісі арқылы облыстың әр қиырындағы ел өмірі басылым бетінде кеңінен көрініс табады.

Оқырман қолына тиген газеттің әр бетінде осы адамдардың еңбегі тоғысады. Бірі дерек жинап, бірі сөзін саралайды, бірі суретін түсіріп, енді бірі бетін безендіреді, қатесін түзейді. Редакцияны шығармашылық зертхана дейтініміз де сондықтан. Мұнда әр нөмір ортақ ізденістен туып, ортақ жауапкершілікпен жарық көреді

95 жылдық тарих – газет ұжымының ғана емес, тұтас Қарағанды облысының шежіресі. Осы жылдар ішінде «Ortalyq Qazaqstan» талай буын журналистердің кәсіби мектебіне айналып, өңір журналистикасының қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button