3 қазан – Дүниежүзілік туризм күні
3 қазанда Қарағанды облысында Дүниежүзілік туризм күніне арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Бағдарламаға спорттық жарыстар, туристік алаңдар, экологиялық акциялар және отбасылық демалысқа арналған шаралар енгізілген.

Қарқаралыда «MOUNTAIN BIKE QARQARALY» ашық облыстық веложарысы өтеді. Спортшылар 21 шақырымдық қашықтықты еңсеріп, жас ерекшелігіне қарай жеке санаттарда сынға түседі.
Қарағандыдағы Орталық саябақта сағат 12:00-ден бастап «Белсенді туризм аумағы» жұмыс істейді. Келушілер туристік жабдықтармен танысып, велосипед, SUP тақталары мен қайықтарды көре алады. Сондай-ақ арқан жолынан өтуге мүмкіндік беріледі.
Мерекелік бағдарлама мотомаусымның жабылуына арналған мотошерумен жалғасады. Мотоциклшілер колоннасы сағат 14:00-де Республика даңғылы, 11/1 мекенжайындағы Теннис орталығы алдынан жолға шығады. Шеру Республика даңғылы арқылы Төлепов көшесіне дейін жалғасып, Виктор Цой ескерткіші маңында аяқталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шаралардың мақсаты – ішкі туризмді, белсенді демалысты және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ Қарағанды облысының туристік мүмкіндіктерін таныстыру.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



