Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында ерлер мен әйелдер арасында командалық рапид және блиц шахматтан ел чемпионаты басталды. Осымен 19-шы мәрте жалауы көтеріліп отырған бәсекеге елдің 10 өңірінен 12 команда қатысуда. Алты күнге созылатын жарыста 91 спортшы өзара шеберлік сынап, чемпиондық атаққа таласпақ. Чемпионаттың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Әшірбек, Қазақстан шахмат федерациясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Николай Симонян және мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушы Дастан Капаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Шахмат спортына қызығушылық танытушылардың қатары жыл санап артып келеді. Бұған мемлекет тарапынан шахматты дамытуға көрсетіліп отырған жүйелі қолдау да өз ықпалын тигізуде. Өз сөзінде Нұрлан Жақсылықұлы өңір спортшыларына көрсетіліп отырған жан-жақты қолдауға тоқталып, шахматты одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін атап өтті.
– Шахмат – жай ғана ойын емес, логика мен стратегиялық терең ойлаудың биік шыңы. Бүгінгі бәсекеге еліміздің түпкір-түпкірінен ең мықты ақыл-ой иелері жиналып отыр. Сіздердің бұл қадамдарыңыз өскелең жас ұрпақ үшін үлкен бағдар болары сөзсіз. Сондықтан да осынау маңызды додада әрқайсыңызға сәттілік тілейміз. Жарысымыз жоғары деңгейде өтіп, жаңа чемпиондар мен мықты гроссмейстерлер анықтала берсін! – деді Нұрлан Жақсылықұлы.
Ал, Николай Авакимович чемпионатқа жыл сайын тұрақты қатысып, шахмат додасында тәжірибесімен бөлісіп жүрген ардагерлермен қатар, биыл жарысқа алғаш рет қосылған жас шахматшыларды көрудің өзі үлкен қуаныш екенін жеткізді.

– Константин Казаков біздің командалық сайысымызға биыл оныншы рет қатысып отыр. Бүгінде ол команданың мызғымас тірегіне, нағыз арқасүйеріне айналды. Көшбасшылар ауысып жатады. Ал, Константин өз биігінен түспей, көш бастап келеді. Меніңше, егер сіз шахматшы болсаңыз, кемінде бір рет осындай командалық турнирге қатысып көруіңіз керек. Биылғы чемпионатқа да ауқымды бәсекелерден тәжірибе жинаған бірқатар мықты шахматшылар қатысуда. Баршаңызға сәттілік тілейміз! – деді Николай Симонян.
Жарыстың алғашқы кезеңінде шахматшылар блиц және рапид форматтарында командалық есепте сынға түспек. Швейцариялық жүйе бойынша өтетін бәсекеде барлығы 9 тур ойналып, әр команда тоғыз матч өткізеді. Одан кейін ерлер арасында жекелей сайыстар ұйымдастырылады. Чемпионаттың келесі кезеңінде ерлер мен әйелдер блиц және рапид форматтарында жеке есепте өзара бақ сынап, шеберліктерін ортаға салады. Турнир ережесіне сәйкес әр команда төрт шахматшыдан жасақталмақ. Құрамда үш ер және бір әйел шахматшы болуы міндетті. Рапидте уақыт бақылауы 10 минутты құраса, әр жүрістен кейін ойыншының уақытына бес секунд қосылады. Ал, блиц сайысында әр шахматшыға үш минуттан беріледі. Әр жүріске екі секунд қосымша уақыт қарастырылған.

Өңір намысын қорғайтын спортшылардың қатарында жас шахматшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Даниял Сапенов те бар. Жерлесіміз 18 жасқа дейінгілер арасында ел чемпионатында классика түрінен – ІІ орын, рапидтен – ІІІ орын еншілеген. Сондай-ақ, Самарқандта өткен дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен тәжірибелі спортшы.
– Бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме 11 жылдан асты. Шахмат әлеміне алғаш қадам басуыма әкем мұрындық болған. 5 жасымда ойын ережелерін үйретіп, 7 жаста «Белая ладья» мектебіне алғашқы жаттықтырушым Геннадий Алексеевичке алып барды. Содан бері үлкен жетістіктерге жеттім. Ел чемпионатында әлсіз қарсылас болмайды. Сондықтан, әрбір ойын тартысты әрі қызықты өтетіні сөзсіз. Барымды салып, жеңіс тұғырынан көрінемін. Бұдан кейін Германияда өтетін Бундеслигаға дайындаламын, – деді ол.
Чемпионат 7 қазанға дейін жалғасады.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



