Бас тақырыпРуханият

«Индустриальная Караганда» газеті жаңа жобаны іске қосты

Қарағанды өңірінде кітап оқуды және әдеби мұраны насихаттауға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. «Индустриальная Караганда» газетінің сайты мен әлеуметтік желілерінде «Мұқабаның ар жағындағы әлем» атты мәдени-ағартушылық айдар оқырманға жол тартты.

Сурет газеттің ресми парақшасынан

Жоба «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Айдар аясында оқырмандарға түрлі әдеби шығармалар, олардың авторлары мен кітаптарда көтерілетін тақырыптар туралы ақпарат ұсынылады.

Жаңа бастама Қарағанды қаласының кітапханаларымен бірлесіп жүзеге асуда. Редакция алдағы уақытта жобаға жаңа кітапханалар мен әдебиет саласының мамандарын тартып, ынтымақтастық аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Мұқабаның ар жағындағы әлем» айдарында өңірге танымал азаматтардың да ұсыныстары жарияланады. Мәдениет, білім, ғылым, спорт, өндіріс және басқа да салалардың өкілдері жас ұрпаққа қызықты әрі пайдалы деп санайтын кітаптары туралы әңгімелейді.

Жоба іске қосылғанына көп уақыт өтпегеніне қарамастан, алғашқы материалдар әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын тудырған. Instagram желісіндегі жарияланымдар 3 мыңнан астам қаралым жинаса, газет сайтындағы материалдарды 500-ге жуық оқырман тамашалаған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – кітапқа деген қызығушылықты арттырып, оқырман, кітапхана және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайту.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button