Сәкен театры ұжымы «Ертіс-Баян» фестивалінен Гран-при жеңіп алды
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры II республикалық «Ертіс-Баян» театр фестивалінің Гран-при жүлдесін иеленді. Қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, режиссер, педагог, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына арналған фестивальге еліміздің өңірлерінен 15 театр қатысты. Өнер ұжымдары өздерінің үздік қойылымдарын қазылар алқасы мен көрермен назарына ұсынды.

Фестиваль қорытындысы бойынша Қарағанды театрының сахналауындағы Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» саунд-драмасы бас жүлдеге лайық деп танылды.

Қойылымды арнайы шақырылған режиссер А. Недомолкин сахналаған. Шекспир трагедиясының саунд-драма жанрындағы нұсқасы көрерменнің жоғары бағасына ие болып, Сәкен театрының репертуарындағы ерекше қойылымдардың біріне айналған.

Ерсайын Тәпенов өткен ғасырдың 80-жылдары Сәкен театрында қызмет етіп, ұжымның шығармашылық дамуына өзіндік үлесін қосқан режиссерлердің бірі.

Фестивальдің бас жүлдесінің дәл осы театрға бұйыруы Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық мұрасымен сабақтасып жатқан символдық мәнге ие.

Қарағандылық театр ұжымын айтулы жеңісімен құттықтаймыз!
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



