Көкке самғаған найзағай намыс
1991 жылдың 2 қазаны. Байқоңырдан көкке көтерілген «Союз ТМ-13» кемесіне сол күні бүкіл қазақтың үміті сыйып кеткендей еді. Зымыранның жалынды ізі аспанға тартылғанда, елдің еңсесі де биіктеді. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған жұрт өзінің де жұлдыздарға жол сала алатынын көрді.Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің тарихи сапарына ертең 35 жыл толады. Жылдар алыстағанымен, сол күннің ел жүрегіндегі сәулесі көмескіленген жоқ.

Қазақ ежелден көктің тылсымына көз тіккен. Темірқазыққа қарап жолын түзеген, Үркерге қарап мезгілін межелеген, Жетіқарақшыдан жөн сұраған. Жұлдызға жетуді аңсаған баланың қиялында да, көкке самғаған қыранға сүйсінген даланың көңілінде де биіктікке құштарлық бар.
Тоқтар сол құштарлықты қайсар мінезімен, кәсіби білігімен ұштастырып, ұлттың асқақ мұратын адамзат игерген кеңістікпен жалғады.
Қазақ даласының төсінен талай зымыран көтерілді, талай елдің перзенті жұлдыздар әлеміне жол тартты. Ал сол сапарлардың ішінде қазақтың болмауы көкіректе бір сауалды қалдырғаны анық. Өз жерінен басталған ғарыш жолына қазақ баласы қашан қадам басады?
Тоқтардың ұшуы осы сауалға берілген тарихи жауап болды. Ел өз перзентінің бойынан білімін де, жігерін де, болашаққа деген сенімін де таныды.
– Мені ғарышқа ұшырған – ұлттық намыс, – деді батыр кейін сол сапардың сырын тарқатқанда.
Осы қысқа сөздің өзінде тұтас дәуірдің салмағы жатыр. Қырық бес жастағы қыран ұлдың мойнына ел үміті артылды. Сынақшы ретінде талай қатерлі тапсырманы орындаған азамат енді ғарышқа дайындықтың күрделі мектебінен өтті. Өзінің айтуынша, алты ай ішінде қажетті сынақтарды тапсырып, тарихи сапарға аттанды.
Ол үшін ұлттық намыс күн сайынғы жаттығудан, тынбай оқудан, темірдей тәртіптен көрінді. Елдің сеніміне лайық болудың жолы да осы еді.
Қастерлі топырақтан түлеген Тоқтардың бойында туған даланың қайсарлығы бар. Темірдің тілін таныған шеберлік, қатер үстінде қапысыз шешім қабылдайтын сабыр, бастаған істі аяғына жеткізетін табандылық оны сол биікке алып шықты.
Оның жолына үңілген жас өрен арманға адалдықтың ең алдымен еңбекпен өлшенетінін ұғынады. Қанат біткен қиялды көкке көтеретін күштің аты – білім.
Сол қазанда Қазақстан тәуелсіздікке қарай қадам басып келе жатты. Екі айдан астам уақыт өткенде ел азаттығын жариялады. Сондықтан Тоқтардың тарихи сапары халық жадында тәуелсіздік қарсаңындағы рухани серпіліспен сабақтасып қалды.
Орбитаға көтерілген қазақ ұлы елдің өз күшіне деген сенімін бекітті. Бодандықтың бұғауындағы жұрт ертеңіне үмітпен қарады. Алаш баласы үшін сол күннің қадірі де осында. Ғарышқа жеткен азаматтың ерлігі елдік санада жаңғырып, халықтың мерейін тасытты.
Тоқтардың сапарында ел ғылымының да еншісі бар. «Мир» орбиталық кешенінде ол қазақстандық ғалымдар әзірлеген бағдарлама бойынша бес ғылыми тәжірибе жүргізді. Арал өңіріндегі шаңды дауылдарды ғарыштан түсіріп, медициналық-биологиялық, биотехнологиялық және материалтану зерттеулеріне қатысты. Микрогравитациядағы (салмақсыздық) металл балқымаларының қасиеттері бақыланды. Жерге жеткізілген үлгілер ғалымдардың зерттеуіне жол ашты.
Қазақтың ғарыштағы алғашқы қадамы осылайша отандық ғылымның өрісін кеңейтуге қызмет етті.
Сегіз тәулікке созылған ғарыш сапарынан кейін Тоқтар туған топырағына оралды. Жерге табаны тигендегі сезімін еске алғанда, топырақтың иісі анасының иісіндей көрінгенін айтады. Осы бір естеліктен азаматтың елге деген шексіз сүйіспеншілігі аңғарылады.
Аспанға алып ұшқан намыс оны туған топырағымен қайта табыстырды. Ғаламның кеңдігін көрген жүрекке қазақ даласының әр сүйемі одан сайын ыстық, қасиетті топырағының әр түйірі одан сайын қымбат бола түсті.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген Тоқтар Оңғарбайұлының сол ерлігі талай буынның жүрегіне жігер құйып келеді. Отыз бес жыл ішінде оның ізін жалғаған қазақ ғарышкерлері де ел мерейін асқақтатты. Ал тұңғыштың тұғыры халық жадында қашанда биік.
Оның есімі аталғанда, қазақтың қолынан келер істің ауқымы, ұмтылар биігінің шексіздігі еске түседі.
2 қазан – ел сенімінің қанаттанып, қазақ намысының көкке көтерілген күні. Бұл күннің ұрпаққа жүктейтін аманаты да айқын. Ол, әлбетте, – білімге ұмтылу, еңбекке берік болу, туған елдің мерейін өсіру.
Тоқтар жеткен жұлдыздар әлемі бүгінгі қазақ баласының жүрегінде жаңа арман оятты. Сол арманның әрбірінде елге қызмет ететін мұрат болсын!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



