Тұңғыш ғарышкер көңіл айтты
Отан алдындағы әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан жас сарбаздардың қазасы елдің қабырғасын қайыстырды. Қаралы хабарға байланысты қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров марқұмдардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.

Әскери борышын өтеуге аттанған әрбір сарбаздың амандығы – оның отбасы үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін маңызды. Сондықтан, бейбіт күнде Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген өрімдей жастардың мезгілсіз қазасы орны толмас ауыр қайғы. Тоқтар Әубәкіров те көңіл айту сөзінде бұл қасіретті «бір шаңырақтың қайғысы емес, бүкіл елге ортақ ауыр жағдай» деді.
– Отан алдындағы әскери борышын өтеу жолында мезгілсіз қаза тапқан жас сарбаздардың отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бұл – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырған орны толмас қасірет. Сарбаздардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деді Тоқтар Әубәкіров.
Халық қаһарманы жарақат алған сарбаздардың тезірек сауығып, отбасыларына аман оралуына тілектестігін білдірді. Ал, қаза болған жауынгерлердің туған-туыстарына сабыр мен төзім тіледі.
Өз тілшімізден



