Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді
Рейтингтің расталуы Қазақстанның мемлекеттік борыш деңгейінің төмендігі, борышқа қызмет көрсету қабілетінің жоғары болуы және жинақталған валюталық активтердің жеткілікті көлемі елдің мықты фискалдық ұстанымын қамтамасыз ететінін көрсетеді.

Бұл факторлар экономикалық саясатқа икемділік беріп, сыртқы экономикалық күйзелістердің әсерін азайтуға мүмкіндік беретін елеулі қаржылық қор қалыптастырады.
Moody’s агенттігі мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, Қазақстан экономикасының өсімі жалғасып отырғанын атап өтті. Бұған өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және басқа да мұнай емес секторлардың жалпы ішкі өнім өсіміне қосып отырған үлесі ықпал етуде.
Агенттік цифрлық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған инвестициялар экономиканы әртараптандыруға және оның күрделілігін арттыруға мүмкіндік беріп, орта мерзімді кезеңде өсімді қолдайтынын атап өтті. Осыған байланысты шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің негізгі драйверлері ретінде қала береді.
Moody’s бағалауынша, салық реформалары да фискалдық тұрақтылықты нығайтып, бюджеттің мұнайдан тыс кіріс көздерін кеңейтуге ықпал етеді.
Жалпы, экономиканы әртараптандыру, салық реформаларын іске асыру және цифрлық, көлік пен энергетикалық инфрақұрылымға инвестиция салу Қазақстанның фискалдық тұрақтылығын күшейтіп, ұзақ мерзімді экономикалық өсімге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Материалды әзірлеген
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



