Жаңалықтар

Қазақстандықтардың 85%-дан астамы Президенттің армияны реформалау туралы шешімін қолдайды

Қазақстандықтардың басым бөлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы Күштерді реформалау жөніндегі шешімін қолдайды. Бұл «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды.

Сурет Қорғаныс министрлігінен

Еске салайық, 27 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен арнайы кеңес өткізіп, министрліктің жұмысына кешенді тексеру жүргізуді және он күн ішінде армияны реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.

28-29 қыркүйекте жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 85,2%-ы Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімді толық немесе ішінара қолдайтынын айтқан. Ал Қарулы Күштерді реформалау туралы шешімді қолдағандар үлесі 85,7%-ды құрады.

Респонденттер армияда қандай өзгерістер қажет екенін де атаған. Олардың 47,4%-ы Қорғаныс министрлігінің ашықтығы мен есептілігін арттыруды қолдаса, 34,3%-ы командалық құрамды жаңарту және оның кәсіби деңгейін көтеру қажет деп санайды. Қорғаныс саласындағы жемқорлықпен күресті күшейтуді 29,4% респондент атаған.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 25,3%-ы әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды, 20,7%-ы қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуды маңызды деп көрсеткен. Жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуді 20,4%, ал жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруды 19,2% респондент таңдаған.

Сауалнама 2026 жылғы 28-29 қыркүйекте онлайн-сауалнама әдісімен жүргізілген. Зерттеуге Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1012 адам қатысқан.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button