Жаңалықтар

Ескі жүйенің екінші тынысы

Қарағандының әр үйіне жеткен тамшы суда көзге көрінбейтін үлкен жүйе бар. Қаланың күнделікті тіршілігіне қажет ауызсу алдымен ұзақ жолдан, тазарту қондырғыларынан сүзгіден өтеді. Одан кейін ғана тұтынушыға жетеді. Ал, осы жүйенің негізгі бөлігі жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді.

Суреттер «Қарағанды Су»
компаниясынан

Жарты ғасырлық кешен жаңаруда

1974 жылы пайдалануға берілген «Қарағанды Су» ЖШС-нің су тазарту кешеніндегі негізгі құрылыстардың екінші және үшінші кезегі бүгінде қайта жаңғыртылуда. Ұлттық энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобасы аясындағы пилоттық бастамалардың бірі болып табылатын жоба ескі жабдықтарды ауыстырып қана қоймай, су тазарту жүйесінің технологиялық және құрылыс бөлігін тұтас жаңартуды көздейді. Нысандағы технологиялық жабдықтардың тозуы шамамен 85 пайызға жеткен. Сондықтан, мұнда ескіні қайта-қайта жөндеумен шектелмей, жүйеге жаңа тыныс беру міндеті қойылып отыр. Су тазарту кешені Сәтбаев атындағы каналдан алынған суды шаруашылық-ауызсу сапасына дейін тазартып, Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентінің тұрғындарына, сондай-ақ, өнеркәсіптік кәсіпорындарға жеткізеді.

Кешен құрамына негізгі құрылыстардың үш кезегі кіреді. Олардың жалпы жобалық өнімділігі тәулігіне 650 мың текше метрді құрайды. Бірінші кезек – 320 мың, екінші кезек – 150 мың, үшінші кезек – 180 мың текше метр.

Қазір реконструкция екінші және үшінші кезекте жүріп жатыр.

– Бұл нысан 52 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Инфрақұрылымның тозуы шамамен 85 пайызға жетті. Сондықтан, қарапайым жөндеу жұмыстарымен шектелу мүмкін емес. Реконструкция кезінде технологиялық құбырлар, ысырмалар, электр жетектері, сорғы жабдықтары толық ауыстырылады. Сонымен қатар, ғимараттар мен құрылыстар күрделі жөндеуден өтеді, – деді «Қарағанды Су» ЖШС бас директорының даму және инновациялар жөніндегі орынбасары Денис Калиничев.

Қазір нысанда ескі жүйенің іздері біртіндеп жойылып жатыр. Технологиялық құбырлар, арматура мен сорғы жабдықтары демонтаждалған. Құрылыс бөлігінде де ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ғимараттардың ішіндегі ескі сылақ алынып, қабырғалар қалпына келтірілуде. Гидрооқшаулау жүргізіліп, жөндеу қоспаларымен беттер қайта өңделуде. Фасадтар жаңартылып, базальт минералды мақтасынан жылу оқшаулау жүргізілген. Терезе мен есік блоктары орнатылып, шатыр жабыны да жаңартылуда. Сонымен қатар, мердігер ұйым жаңа технологиялық жабдықтар мен қажетті материалдарды сатып алуда.

Жаңғыртудың негізгі бөлігі – технологиялық жүйені толық ауыстыру. Қазір негізгі құрылыстардың екінші кезегінде барлық технологиялық құбырлар мен арматура демонтаждалған. Оның ішінде жер астындағы бөліктер де алынып тасталған. Нысанның ішіндегі араластырғыштар, тұндырғыштар мен жылдам сүзгілерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ескі сылақ алынып, беттер қалпына келтіріліп, гидрооқшаулау жасалуда.

– Қазір біз негізгі құрылыстардың екінші кезегіндеміз. Мұнда реконструкцияның негізгі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Технологиялық құбырлардың барлығы, соның ішінде жер астындағы бөлігі де демонтаждалды. Араластырғыштар, тұндырғыштар мен жылдам сүзгілерде жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ескі сылақ алынып, қабырғалар қалпына келтіріліп, гидрооқшаулау жүргізілуде, – дейді Денис Викторович.

Алдағы уақытта жаңа технологиялық жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізіліп, монтаждалады. Осы арқылы су тазарту процесінің негізгі буындары жаңартылмақ.

Қуат жеткілікті, резерв те бар

Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентінің тәуліктік суға деген қажеттілігі орта есеппен 200 мың текше метрді құрайды. Жазғы кезеңде, ауа температурасы көтеріліп, суару маусымы басталған кезде, тұтыну көлемі 240 мың текше метрге дейін артады. Бұған қоса, су тазарту кешені бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды, оның ішінде, Қарағандыдағы №3 жылу электр орталығын да сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда бірінші кезектегі блоктың тәуліктік өнімділігі 320 мың текше метр. Бұл қолданыстағы қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Қала мен өнеркәсіптің тәуліктік қажеттілігі шамамен 200 мың текше метр. Жазғы кезеңде бұл көрсеткіш 240 мың текше метрге дейін жетеді. Қазіргі қуат қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, белгілі бір резервіміз бар, – деді Денис Калиничев.

Реконструкция аяқталғаннан кейін екінші және үшінші кезектің жалпы өнімділігі тәулігіне 330 мың текше метрді құрайды. Бұл кешеннің жалпы сенімділігін арттырып қана қоймай, кейін бірінші кезектегі блокты кезең-кезеңімен жөндеуге шығаруға мүмкіндік береді.

Коммуналдық инфрақұрылымның ерекшелігі – оның көп бөлігі тұрғындардың көзінен таса. Құбырлардың едәуір бөлігі жер астында орналасқан. Сондықтан, сырт көзге жүйе қалыпты жұмыс істеп тұрғанымен, уақыт өте келе, металдың тот басуы, құбырлардың тозуы немесе жасырын су ағуы сияқты мәселелер пайда болуы мүмкін. Мамандар мұндай жағдайда ағымдағы жөндеу жеткіліксіз екендігін жеткізді. Тозған құбырлар мен технологиялық жабдықтарды толық ауыстыру үшін жүйені қайта жаңғырту қажет. Сондықтан, қазіргі жұмыс ғимараттардың сыртқы келбетін жаңартумен ғана шектелмейді. Негізгі өзгеріс суды тазарту процесінің өзегіне бағытталған.

Жаңартылған жабдықтар мен жөнделген құрылыстар су тазарту жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.

Жобаның түпкі нәтижесі – жаңарған ғимараттар мен жаңа құбырлар ғана емес. Оның басты мәні – тұрғындарға сапалы әрі тұрақты су жеткізудің сенімді жүйесін қалыптастыру. Реконструкция жұмыстары қатар жүріп жатыр. Көзге бірден байқала бермейтін бұл еңбек қаланың күнделікті тіршілігі үшін маңызды. Өйткені, су – қала өмірінің үзілмейтін арнасы. Сол арнаның тұрақты жұмыс істеуі үшін инфрақұрылымды уақытында жаңарту қажет.

Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button