Тағдыр тақтасындағы із
Тоқсан жастың төріне беттеген, Қарқаралы өңірінің тарихын көкірегіне сақтаған ұлағатты ұстаз, елге сыйлы азамат Дияс Наурызбаевтың өмір жолы – бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің шежіресін танытатын тағылымды ғұмыр. Қарқаралының Нұркен ауылының тумасы. Ата-жұрты – Берікқара болысы. Шекшек Нұралы батырдың жетінші ұрпағы. Қарт ұстаздың естеліктерінде ХХ ғасырдың ең күрделі кезеңдері – саяси қуғын-сүргін, соғыс жылдарының ауыртпалығы, соғыстан кейінгі ауыл тұрмысы, білімге деген ұмтылыс пен елге қызмет ету жолы тоғысады.

Дияс ақсақалдың әңгімесі өткен ғасырдың қилы кезеңдерінен сыр шертеді. Оның балалық шағы саяси қуғын-сүргін мен соғыс жылдарының ауыртпалығына тұспа-тұс келді. Әкесі Мұстафа 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтқындалды. Ол ел ішінде беделді, сауатты азамат болып, комсомол жұмысында, кейін Ақсу-Аюлы аудандық атқару комитетінде жауапты қызмет атқарған. Алайда, сол кезеңнің зобалаңы оның отбасын да айналып өтпеді. Әкесінен айырылған отбасының ауыртпалығы анасына түсті. Бірақ, анасының да ғұмыры ұзақ болмады. 1941 жылдың 28 қарашасында, Дияс небәрі төрт жаста болғанда, анасы дүниеден өтті. Осылайша, ол балалық шағында әке мен анадан қатар айырылып, жетім қалды.
Бірақ тағдырдың ауыр сынағы оның өмірін толықтай жалғыздыққа айналдырмады. Жақын туыстары мен ел азаматтары қолдау көрсетті. Өз баласындай баптаған Сәкіш апа, Мұхаметжан, Тұрсын, Біләл Сәбитов сынды азаматтар оның тәрбиесіне араласып, білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасады. Кейін ақсақал осы азаматтардың адамдық қасиетін, қамқорлығын ерекше ілтипатпен еске алады.
Оның өміріндегі ең маңызды белестің бірі – білім жолы. Соғыстан кейінгі ауылда білім беру жүйесінің жағдайы күрделі еді. Мектеп, мұғалім, оқу құралдары жетіспеді. Осындай қиын кезеңде майданнан жараланып оралған Тұрсын Мұхаметжанұлы ауылға мектеп ашып, балаларды оқытуға кірісті. Төрт колхоздың баласын бір жерге жинап, «Бірлік» ауылында шағын мектептің ашылуы сол кезең үшін үлкен оқиға болды. Тұрсын ұстаз тек сабақ беріп қана қоймай, балаларды үй-үйден жинап, олардың оқуына жағдай жасауға тырысты. Киімі немесе оқу құралы жетіспейтін балаларға көмектесті. Мұғалімнің ауылдағы рөлі сол кезде тек білім берумен шектелмей, тәрбиешілік пен елге жанашырлықты да қамтыды.
Дияс Мұстафаұлының білім жолы да осындай қиындықтармен қатар жүрді. Ол балалық шағында бірнеше ауылда білім алды. Шарқты, Маркс интернаты, Егіндібұлақтағы №1 қазақ орта мектебі – оның оқушылық жылдарының іздері қалған орындар. Интернаттағы жағдай да жеңіл болған жоқ. Мұғалім тапшылығынан жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптарға сабақ беретін кездер болған. Соған қарамастан білімге деген талпыныс тоқтаған жоқ.
Жетінші сыныпты аяқтағаннан кейін Диясты Саран педагогикалық училищесіне жібермек болады. Бірақ, оған жағдай келмейді. Алайда, Диястың білімге деген құштарлығы мұнымен тоқтаған жоқ. Жоғары білім алуға бірнеше рет талпынды. Алматыға да, Қарағандыға да барды. Жақсы нәтиже көрсеткенімен, құжат тапсыру мерзімінен кешігуі кедергі келтіреді. Бірде басқа жағдай себеп болады. Тағдыр оның алдынан талай тосқауыл шығарды.
Тіпті бір кезеңде тау-кен техникумында оқып, шахтада тәжірибеден өтті. Жер астындағы ауыр еңбек пен қауіп-қатер оның есінде ерекше сақталған. Бір күні шахтада жүрген кезінде басындағы шамы сөніп, қараңғыда жолдастарымен бірге ұзақ уақыт жер астында қалған. Сол сәтте өміріне қауіп төнген. Осы оқиғадан кейін тау-кен саласының өзіне арналмағанын түсініп, бұл жолдан бас тартты.
Тағдыр оны қайтадан ұстаздық жолға бұрды. 1954 жылы Саран қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге түсіп, 1957 жылы оны үздік дипломмен тәмамдады. Кейін Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білім алып, 1962 жылы жоғары оқу орнын аяқтады. Осылайша, балалық шағында жетімдік көрген бала өмірін білім саласына арнаған ұстазға айналды.
Дияс Мұстафаұлының еңбек жолы Қарқаралының қоғамдық және білім беру тарихымен тығыз сабақтасып жатыр. Ол оқу бөлімінде инспектор, қоғамдық-саяси салада жауапты қызметтер атқарып, кейін қайтадан білім саласына оралды. Кейінірек Қарқаралы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін 14 жыл басқарған. Оның негізгі ұстанымы – қай қызметте жүрсе де, халықпен жұмыс істеу болды. Білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, аудан мектептерінің жағдайын, оқу сапасын, мұғалімдердің жұмысын бақылап отырды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, білімді азаматтардың қалыптасуына үлес қосты.
Кейін өзі кезінде алғашқы кірпішін қалауға қатысқан мектеп-интернатты басқарды. Тәуелсіздік жылдарында бұл білім ошағының жұмысына жаңа серпін беріліп, лицей-интернат ретінде қайта ұйымдастырылды. Мұнда қазақ тілі мен тарихы, физика-математика, биология-химия бағыттары бойынша білім беруге басымдық жасалды. Сырттан білікті мамандар шақырылып, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалды.
Тақырыбымызды «Тағдыр тақтасындағы із» деп атадық. Бұл тек білім дамытуға арналған бордың тақтасы емес, болмыстың тақтасы еді. Әкеміз сондай-ақ, шахмат тақтасының да шебері болған екен. Білім саласының қызметкерлері арасында талай тартысты жарыстарда, ауданаралық, облыстық сайыстарда сан жүлдені қанжығасына байлапты. Теміртау қаласында Назарбаев қатысқан жарыстарда да сана таразысын салмақтаған көрінеді.
Дияс ақсақал кәсіби журналист болмаса да, журналистика мен баспасөз өкілдерінен алыстаған емес. Облыстық үнпарақ «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Рамазан Сағымбеков ағаны бала кезінен таныған, бірге оқыған екен. Қоғамдық ойларын көпшілікпен бөлісіп, газеттің штаттан тыс тілшісі де болған. Өзінің негізгі мамандығы мұғалім екенін айта отырып, елге белгілі журналистермен, редакторлармен, қаламгерлермен араласқанын еске алады. Ел, жер, тарих пен әдебиет туралы әңгімелерді ерекше бағалаған.
Оның естеліктерінде Қарқаралының тарихына қатысты көптеген дерек бар. Ата-баба шежіресі, елге белгілі азаматтар, ауылдар мен мектептер, қоғамдық өзгерістер – барлығы қарияның жадында сақталған. Бұл тұрғыдан алғанда, оның әңгімелері бір әулеттің ғана емес, Қарқаралы өңірінің әлеуметтік және тарихи шежіресінің бір бөлігі деуге болады.
Дияс Мұстафаұлының тағдырындағы тағы бір үлкен сабақ – адамға жасалған жақсылықтың ұмытылмайтыны. Мұхаметжан, Тұрсын, Біләл сияқты азаматтар қиын кезеңде жетім қалған баланы қолдап, оның білім алып, өмірден өз орнын табуына көмектесті. Екінші анасы Сәкіш Сәбитова апаны да ерекше еске алады. Олардың қамқорлығы бір адамның тағдырын өзгертті.
Ақсақалдың білім жолы да қайсарлықтың үлгісі. Алматы, Қарағанды бағытындағы талпыныстар, түрлі кедергілер, шахтадағы қауіпті жағдай – мұның бәрі оның өмірінде өз ізін қалдырды. Бірақ, ол әр сынақты жаңа мүмкіндікке айналдыра білді. Ақырында өз жолын ұстаздықтан тапты.
Тоқсан жылға жуық ғұмырдың әр белесі Қарқаралы тарихымен астасып жатыр. Оның балалық шағынан – қуғын-сүргін мен соғыстың зардабын, жастық шағынан – білімге деген ұмтылысты, азаматтық кезеңінен – елге қызмет етудің жауапкершілігін көруге болады. Еңбек етті. Ұстаз болды. Кейінгі ұрпаққа білім мен тәрбие берді. Дияс Мұстафаұлының елге, білімге бағытталған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мақтау мен марапаттардан кенде емес. ҰОС тыл ардагері ретінде бірнеше мерейтойлық медальдармен, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Қарағанды облысына еңбек сіңірген қайраткері» ретінде риясыз қайрат көрсетті.
Дияс қарттың жұбайы да ұстаздық ұлағатымен көптің көңілін таба білген жан. Роза Қабдоллақызы Нұрғалиева – ҚазКСР оқу-ағарту үздігі, ҚР Білім беру саласының мақтаулы маманы. Осыдан үш жыл бұрын 78-ге қараған шағында бақилық болды. Ақсақалмен бір шаңырақ астында алпыс жылдай тірлік кешіп, алты баласын айтулы да адал азамат етіп шығарған шырақты ана.
Бүгінде ішкі істер органынан зейнетке шыққан – Думан, қаржы саласының маманы – Салтанат, Ақтау қаласында еңбек етіп жүрген – Нұрлан, Астанадағы кіші қызы – Гүлдана мен өзіне тірек болып қасынан табылған Ардақ пен Нұралы бар. Құдай көпсінбесін, жиен-немерелерін санамағанда, сегіз жиеншары мен жеті шөбересі шауып жүр. Жаралы жылдарда жалғыз қалған жан бүгінде ордалы отбасына айналды.
Дияс ақсақалдың ғұмыры арқылы бір дәуірдің ғана емес, тұтас ұрпақтың болмысын тануға болады. Бұл – қиындыққа мойымаған, білімді өмірдің басты тірегі санаған, туған жеріне адал қызмет еткен ұрпақтың жолы. Қарияның естеліктерінің құндылығы да осында.
Тоқсан жасына тарту ретінде балалары бір естелік кітапшаны дайындап жатқандығын айта кетуге де болады. Архив құжаттары белгілі бір оқиғаның уақытын, орнын, дерегін сақтауы мүмкін. Ал, адамның жады сол оқиғаның жүрекке түскен ізін сақтайды. Сондықтан, аға буынның естеліктері – тарихтың тірі куәсі.
Дияс Наурызбаевтың өмірінен аңғарылатын ең басты ой – адамды алға бастайтын күш – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық, туған жерге адалдық және өткенді ұмытпау. Осындай ғұмырды хатқа түсіру – бір адамның өмірін баяндау ғана емес, тұтас бір өңірдің тарихи жадын сақтау.
Уақыт өткен сайын мұндай естеліктердің бағасы арта береді. Өйткені олар – ресми құжаттарда кездесе бермейтін, өмірдің өзінен туған шынайы тарих.
Руслан НҰРБАЙ
Қарқаралы ауданы


