Жаңалықтар

Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді

2026 жылғы 23 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады.

Cурет ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросынан

Есепті аптада пияздың бағасы 4,3%-ға, сәбіз 2,8%-ға, алма 2,5%-ға, қияр 1,3%-ға, картоп 0,9%-ға төмендеді. Сонымен қатар қант пен тауық еті 0,5%-ға, сүйекті сиыр еті 0,4%-ға арзандаған.

Қой еті, тауық жұмыртқасы, сүзбе және қырыққабат бағасында өзгеріс болған жоқ.

Өңірлер арасында бағаның төмендеуі Қарағандыда 0,4%, Ақтөбе мен Жезқазғанда 0,2%, Түркістанда 0,1% болды. Астана, Алматы, Көкшетау, Шымкент, Қонаев, Павлодар және Семей қалаларында баға алдыңғы апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы 142 теңге болса, ең төмен баға Талдықорғанда тіркелді – 107 теңге. Сәбіздің орташа бағасы 215 теңге, ең төмен баға Павлодарда – 140 теңге.

Алманың орташа бағасы 727 теңгені құрады. Шымкентте оның ең төмен бағасы 554 теңге болды. Қызанақтың орташа бағасы 668 теңге болса, Таразда 412 теңге, Түркістанда 416 теңге деңгейінде сатылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі. Баға мониторингі облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүргізіледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button