“Заңбұзушылық тіркелген жоқ”
Бүгін еліміз үшін маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Таңғы мезгілден бастап өңірдегі барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру рәсімі белгіленген тәртіппен басталып, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда. Қарағанды облысында сайлауды өткізуге арналған 639 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Оның 35-і уақытша болу орындарында – медициналық мекемелерде, әскери бөлімдерде, қарттар үйлерінде, тергеу изоляторларында және бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарында ұйымдастырылған.

Қазақстан республикасы орталық сайлау комиссиясы ұсынған сағат 12.00-дегі жағдай бойынша Қарағанды облысы аумағандағы сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткіші – 40,56%.
Сайлау учаскелерінің есігі таң атқаннан бері тұрғындар үшін ашық. Комиссия мүшелері сайлаушыларды қабылдап, олардың тізімдегі деректерін тексеріп, дауыс беру тәртібін түсіндіруде. Жалпы, облыс бойынша сайлау процесіне 4 мыңнан астам комиссия мүшесі жұмылдырылған.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов облыста Құрылтай сайлауының бірқалыпты өтіп жатқанын айтады.
– Құрылтай депутаттарының сайлауы заң аясында тиянақты өтуде. Аймақ тұрғындарының белсенділігі жоғары. Байқаушылар бәрін жіті қадағалап отыр. Әзірге дейін ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ, – деді Қайрат Нұркенов.
Дауыс беру учаскелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке де айрықша мән берілген. Сайлау процесінің заң талаптарына сәйкес өтуін қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың өкілдері мен байқаушылар бақылауда. Бұған қоса, халықаралық байқаушылар да сайлау барысына мониторинг жүргізіп отыр.
Сайлаушылар үшін қажетті ақпарат учаскелерде қолжетімді. Азаматтар өздерінің қай учаскеге тіркелгенін алдын ала анықтап, дауыс беру тәртібі жөніндегі мәліметтерді де пайдалана алады. Ірі сайлау учаскелерінде сайлаушыларды онлайн тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.
Биылғы сайлаудың ерекшеліктерінің бірі – азаматтардың әртүрлі санаттары үшін қолайлы жағдайлардың алдын ала жасалуы. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылардың кедергісіз дауыс беруіне барлық жағдай қарастырылған. Өңірдегі учаскелердің басым бөлігі пандустармен, тактильді көрсеткіштермен, шақыру батырмаларымен және арнайы автотұрақтармен жабдықталған. Көру немесе есту қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы құралдар мен сурдоаударма қызметтері де қарастырылған.
Қарағанды облысында сайлаушылардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған ақпараттық жұмыстар да науқанның барлық кезеңінде жүргізілді. Өңір бойынша сайлау туралы түсіндіру материалдары таратылды.
Қазір сайлау учаскелеріндегі дауыс беру жалғасып жатыр. Сайлаушылардың келуі біртіндеп артып, азаматтар өз таңдауларын жасауда. Комиссия мүшелері сайлау процесінің қалыпты өтуін қамтамасыз етіп, учаскелердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Құрылтай сайлауы – азаматтың ел болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды қоғамдық таңдау. Бүгінгі дауыс беру барысында әр азаматтың еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілуі – сайлау науқанының басты өлшемдерінің бірі.
Қарағанды облысында да саяси науқан әзірге ұйымдасқан түрде, қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Учаскелер өз жұмысын жалғастыруда. Дауыс беру аяқталғаннан кейін комиссиялар бюллетеньдерді санауға кірісіп, нәтижелерді белгіленген тәртіппен рәсімдейді.
Сайлау барысы туралы ақпарат жаңартылып отырады.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



