Алғашқы сайлаушылар дауыс берді
Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданына қарасты Майқұдық кентінің 15-ші ықшамауданы бүгін саяси науқанның орталығына айналды. Мұнда орналасқан №61 жалпы білім беретін орта мектеп ғимаратында бір мезгілде үш бірдей – №136, №137 және №138 сайлау учаскелері жұмыс істеуде. Бүгін таңғы сағат 07:00-ден бастап тұрғындар тұңғыш өтіп отырған Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауларын жасау үшін ағылып келе бастады. Мемлекеттік Әнұран орындалып, күн көңілді басталды.

Ауқымды аумақты қамтып жатқан бұл учаскелерде алғашқы лек өз дауыстарын беріп үлгерді. Сайлаушылардың саяси белсенділігі мен дайындық барысы жоғары деңгейде екені байқалады.
* Бір ғана №136 сайлау учаскесіне 15-ші ықшамауданның 15 тұрғын үйі бекітілген. Мұнда ресми тіркелген дауыс беруші тұрғындардың саны – 2099 адам.
* №137 және №138 сайлау учаскелері де ықшамауданның қалған көпқабатты үйлері мен жеке сектор тұрғындарын қамтып, дәл осындай қарқынмен сайлаушыларды қабылдауда.

Сайлаудың ашықтығы мен ұйымдастырылу барысы туралы №61 орта мектептің директоры әрі №136 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ошақбаева Балнұр өз пікірін білдірді.
– Таңғы сағат 07:00-де есігіміз ашылғаннан бастап сайлаушылар белсенді түрде келе бастады. Жалпы халықтың көңіл-күйі өте жақсы, ел болашағына деген сенімдері жоғары. Біз өз міндетімізді толық атқарып, тұрғындарға тік тұрып, сапалы қызмет көрсетіп жатырмыз. Әр учаскеде тәуелсіз байқаушылар мен сенімді өкілдер жұмыс істеуде. Дауыс беру заң талаптарын қатаң сақтай отырып, ешқандай заң бұзушылықсыз, тыныш жағдайда өтіп жатыр, – дейді Балнұр Балтабайқызы.
Келіп, дауыс беріп жатқан Майқұдық тұрғындары да бұл саяси науқаннан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Тұрғындардың басым бөлігі еліміздегі оң өзгерістер мен жаңа жетістіктер үшін өз таңдауын жасағандарын мақтанышпен айтуда. Барлық учаскелерде дауыс берушілердің еркін таңдау жасауына және комиссия мүшелерінің кедергісіз жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған.
– Елімнің болашағы үшін ертемен келіп дауыс бердім. Оң өзгерістерден үміттіміз. Бұл өйткені – ауқымды саяси науқан, – дейді 15 ықшамаудан тұрғыны Мейрам Ысқақов.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



