Шикізаттан дайын өнімге: Қарағандыда жаңа өндірістерге жол ашылады
Қарағанды облысында өнеркәсіпті әртараптандыруға бағытталған жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Теміртау мен Қарағанды қалаларының арасында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының субаймағын құру жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде оның аумағы 40 гектарды құраса, кейін 140 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа өндірістік алаң ең алдымен орта және ірі кәсіпорындарды тартуға, металл өңдеу мен өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарын дамытуға мүмкіндік бермек. Бұл – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, шикізат пен жартылай фабрикаттан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға бағытталған қадам.
Субаймақтың негізгі бағыттарының бірі – металл өнімдерін терең өңдеу. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін металл прокаты, құбыр, арматура және басқа да өнімдер алдағы уақытта ел ішінде одан әрі өңделіп, дайын бұйымдарға, конструкцияларға, машина жасауға арналған бөлшектерге және өнеркәсіптің өзге салаларына қажетті өнімдерге айналуы мүмкін.
Мұның экономикалық мәні зор. Өйткені, дайын өнім өндірісінің ұлғаюы импортты алмастыруға ғана емес, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына және қосылған құнның ел ішінде қалыптасуына жол ашады.
Яғни негізгі мақсат – металл өндірумен шектелмей, оны соңғы өнімге дейін жеткізетін өндірістік тізбекті қалыптастыру.
Жаңа субаймақтың тағы бір маңызды бағыты – өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу.
Қарағанды өңіріндегі өнеркәсіп кәсіпорындарының ондаған жылдық қызметі нәтижесінде шлак, шлам, күл-қож қалдықтары, көмір мен темір кенін байыту өнімдері сияқты өндірістік қалдықтардың едәуір көлемі жинақталған.
Бүгінде мұндай қалдықтарға жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Олар тек өндірістің жанама өнімі емес, қайта өңдеу технологиялары арқылы жаңа кәсіпорындарға қажетті шикізатқа айналуы мүмкін.
Мәселен, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы құрылыс материалдарын, қайталама шикізатты және басқа да өнеркәсіптік өнімдерді шығаруға мүмкіндік бар. Бұл бір жағынан қалдық көлемін азайтса, екінші жағынан жаңа өндірістер үшін қосымша ресурс қалыптастырады.
Инвестор үшін мүмкіндік көп
Субаймақта өндіріс ашуға ниетті инвесторларға қажетті шикізат базасына, металл өнімдеріне және өнеркәсіптік сұранысқа қолжетімділік ұсынылуы мүмкін. Бұған қоса, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау тетігі де қарастырылуда.
Жобалардың іске асуына мемлекеттік қолдау шаралары мен «Сарыарқа» АЭА аясындағы салықтық преференциялар қосымша мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде бірқатар инвестор бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.
Жаңа субаймақтың құрылуы Қарағанды облысының дәстүрлі өнеркәсіптік әлеуетін сақтай отырып, оны жаңа өндірістік модельге бейімдеуге мүмкіндік бермек. Шикізат өндіруден – терең өңдеуге, қалдықтан – жаңа ресурсқа, ал жартылай фабрикаттан – дайын өнімге көшу өңір экономикасының келесі даму кезеңіне айналуы мүмкін.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



