Қарағандыда ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейді
Қарағанды облысында жолдардың ұзақ сақталуын қамтамасыз ету үшін көлік құралдарының осьтік жүктемесін автоматты бақылау жүйесі енгізілуде. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, “Саран – Шахтинск” автожолының 13-шақырымында жұмыс істеп тұрған қозғалыс үстіндегі салмақ өлшеу жүйесі ауыр жүк көліктерін тоқтатпай-ақ, белгіленген нормадан артық жүк тиеу фактілерін анықтайды.

Жүйе фото және бейнетіркеу құралдарымен жабдықталған, ал бақылау нәтижелері жолдың екі бағытындағы электронды таблоларда көрсетіледі. Тәулік бойы жұмыс істеуі үшін учаскеде сыртқы жарықтандыру орнатылған.
Пайдалануға берілген жеті ай ішінде жүйе 126 заң бұзушылықты тіркеген. Оның негізгі мақсаты – осьтік жүктеме талаптарының сақталуын бақылау арқылы жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермеу.
Биыл “Қарағанды – Шахтинск” автожолының «Восточная» байыту фабрикасы маңындағы жол өткелі ауданында тағы бір автоматтандырылған салмақ бақылау жүйесін орнату жоспарланған.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



