Қарағандыда «Шәмші әндері – жүрек төрінде» атты мерекелік кеш өтті
15 тамыз – қазақтың ұлы композиторы, халық жүрегінен ерекше орын алған біртуар сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осы айтулы датаға орай «Жаңа Майқұдық» мәдениет сарайының үлкен залында «Шәмші әндері – жүрек төрінде» атты мерекелік концерт өтті.

Концерттің басты мақсаты – қазақ музыкасының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын дәріптеу, композитордың әндерін кейінгі ұрпаққа насихаттау және көрерменге сырлы да сазды әндер арқылы көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.

Кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың ел сүйіп тыңдайтын, жүрекке жақын әндері шырқалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Концерттік бағдарламаға «Теміржолшылар» мәдениет сарайының, «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінің және «Молодежный» мәдениет үйінің өнерпаздары қатысты.

Әсем әндер мен жүрекжарды әуендер арқылы көрермен ұлы композитордың қайталанбас шығармашылық мұрасына тағы бір мәрте куә болды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



