Бұқар жырау ауданында 90 жастағы кітапқұмар қария тұрады
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылында том-том кітап оқып, сөзжұмбақ шешуде алдына жан салмайтын қария тұрады. 90 жастағы Қабыкен Жотабаев әлі күнгі көзілдіріксіз түрлі туындыларды оқып, газеттен қол үзбей келеді.

Қабыкен Жотабаев кітап – сананың сәулесі, жүрек пен ақылдың азығы деп біледі. Жастайынан түрлі тарихи туындылармен танысып, мыңдаған кітапты оқып шыққан. Бүгінде Доскей ауылы кітапханасының ең егде жастағы оқырманы.
– Оқу күйзелісті төмендетеді, ұйқысыздықтан емдеп, есте сақтау қабілетін нығайтады. Кітап деген – бұлақ. Кітаппенен біліміңді көркейтесің. Кітаппенен ойың сергиді. Кітап – адамның денсаулығына болсын, көңіл күйіне болсын, адамның өрісіне болсын мол әсер береді. Кітап – ақыл-кеңес беріп, жол сілтеп отырады, – деді зейнеткер.
Қария Доскей ауылынан аудан орталығының кітапханасына да автобуспен қатынып, тың туындыларды іздеп жүріп оқиды. Ол оқыған туындысын кітапханашылармен талқылауды да дағдыға айналдырған.
– Қабыкен Жотабаев атамыз – біздің белсенді оқырманымыз. Қай жерде қай кітап орналасқан, бәрін біледі. Өзі қарап жүріп, таңдайды. Кітап оқуы – жастарға үлгі. Кітапханамыздың ең егде жастағы оқырманы 1936 жылы дүниеге келіпті. Өмірлік тәжірибемен де, кітаптағы сәулемен де пайым жасаған атамызды құрметтейміз, – деді Доскей ауылдық кітапханасының кітапханашы Сәбина Божанова.
Қабыкен Жотабаев бала күнінен сөзжұмбақ шешеді. 90 жастағы қария әлі де сол әдеттен танбай келеді. Тіпті, кейбір газеттегі сөзжұмбақтың құрастырылуы мен жауабындағы қателерді тауып, сан мәрте редакцияға жолдаған.
Зейнеткер қызы Сәуле Қабыкенқызы әкесі түні бойы сөзжұмбақ шешіп, таң атыратынын айтты.
Қабыкен Жотабаев әлі талай кітапты оқып, көкейге түйгенін немере-шөберелерімен бөлісуді көздейді. Осы арқылы жас буынға «Бар білім – кітапта» деген ұстанымды үйретсем деген арманы бар.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



