АймақБас тақырып

Қарағанды ТМД-ның Жастар астанасы атануға дайындықты бастады

Жастықтың өзіне ғана тән бір қуаты бар. Ол – батыл қадам, биік арман, ешкім байқамаған мүмкіндікті көре білетін сергектік. Қоғамның қай саласына көз салсақ та, жаңалыққа жаны құмар, өзгеріске ұмтылған жастардың ізін көреміз. 12 тамыз – Халықаралық жастар күні – ел болашағына жауапты буынның мерекесі.

Суреттерді түсірген Ақсәуле Еділқызы

Жиында Қарағандының 2028 жылы ТМД-ның Жастар астанасы атануы өңір үшін үлкен мүмкіндік екені айтылды. Бұл мәртебе қалаға халықаралық деңгейде танылуға ғана емес, жастарға арналған жаңа жобалар мен инфрақұрылымды дамытуға да жол ашпақ.

– Бүгін біз жастармен бірге жұмыс істеп, алдағы жоспарларды талқылау үшін бас қосып отырмыз. Былтыр «Талдау» алаңында, сондай-ақ, жастар саясаты жөніндегі кеңес отырыстарында өңір жастарының дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруына қажетті жағдай қалыптастыру мәселесін бірнеше рет көтердік. Сонда Қарағандыны халықаралық аренада танытатын ауқымды жоба қажет деген тоқтамға келдік. Қарағандыға мұндай мәртебе берілетініне күмән келтіргендер де болды. Алайда, ТМД Атқару комитеті Қарағандыны 2028 жылғы Жастар астанасы деп жариялау туралы шешім қабылдағанда, біз де ерекше қуанышқа бөлендік. Қазақстаннан Қарағандымен қатар бірнеше қала өз кандидатурасын ұсынған еді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде қаламыздың бұл мәртебеге лайық екенін дәлелдей алдық. Алдымызда 2028 жыл тұр. Уақытты тиімді пайдаланып, бұл жылды қалай өткізетінімізді, қандай жобалар мен іс-шаралар ұйымдастыратынымызды бүгіннен бастап, бірге жоспарлауымыз қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

2028 жылы Қарағандыға ТМД елдерінен және шетелден көптеген қонақ келеді деп күтілуде. Халықаралық шараларды ұйымдастырудың жаңа үлгісін қалыптастыру көзделуде. Екінші маңызды мәселе – инфрақұрылым. «Талдау» алаңында жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық және кәсіби әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін рекреациялық әрі мәдени кеңістіктердің қажеттігі туралы да айтылды. Әкімдік тарапынан бұл бағытта бірқатар жұмыс қолға алынған. Соның бірі – жаңа Жастар үйінің жобасы.

Жаңа Жастар үйінің жобасы да осы жиында таныстырылды. Бұрынғы Ленин кинотеатрының ғимаратында орналасатын кеңістік жастардың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына, кәсіби дағдыларын дамытуына және өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін көпфункционалды орталық ретінде жоспарланып отыр.

Screenshot

Болашақ жастар кеңістігінің тұжырымдамасын Алматы қаласы мәслихатының депутаты, урбанистиканы дамытуға бағытталған «Урботека» қоғамдық қорының құрылтайшысы Кристина Бекмурзаева таныстырды.

– Біздің Қазақстанның көптеген өңірінде жүзеге асырылған жобаларымыз бар. Енді Қарағандыда да осындай жобаны қолға алғанымызға қуаныштымыз. Бұл жұмыста жергілікті әкімдікпен бірлескен ықпалдастықтың маңызы зор болды. Тұжырымдаманы әзірлеу барысында ең алдымен ғимараттың тарихи келбетін сақтауға басымдық берілген. Жаңғыртудан кейін бұрынғы кинотеатр тек бір бағыттағы нысан болып қалмайды. Мұнда түрлі форматтағы шараларды өткізуге арналған көпфункционалды кеңістік қалыптастыру көзделген. Соның ішінде бір кинозал сақталады. Жаңа Жастар үйінде заманауи технологияларға да орын берілмек. Тұжырымдамада жасанды интеллект бағытындағы арнайы AI-аймақ құру көзделген. Жобаны әзірлеу кезінде ғимараттың жай-күйі ғана емес, қаланың ерекшелігі, тұрғындардың сұранысы мен жастардың қажеттілігі де ескерілді, – деді Кристина Бекмурзаева.

Жастар үйінің тұжырымдамасы таныстырылғаннан кейін шара қатысушылары 2028 жылғы Жастар астанасы аясында атқарылатын жұмыстарды талқылады. Жиында болашақ Жол картасына енгізілетін ұсыныстар да жастардың назарына ұсынылды.

Жастардың әлеуетін қолдау нақты жобалар арқылы да көрініс тапты. Шара барысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 2026 жылғы иегерлері марапатталды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 2 млн теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл қаражат жас азаматтарға өз идеясын іске асырып, қоғамға пайдалы жобаларын дамытуға мүмкіндік береді. Солардың бірі – Балқаш қаласында балаларға би үйретуге бағытталған «Қимылда» жобасы. Жоба авторы балалардың бос уақытын тиімді өткізу, олардың қозғалыс белсенділігін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздейді.

Screenshot

– Менің жобамның атауы – «Қимылда». Балқаш қаласында балаларға би үйретемін. Жобаның негізгі мақсаты – балалардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау. Қазіргі таңда балалардың көп уақыты телефонға, түрлі гаджеттерге кетіп жатады. Олардың қозғалысын арттырып, белсенді өмір салтына баулу маңызды деп ойлаймын. Би арқылы балалардың денсаулығын жақсартып қана қоймай, бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуіне жағдай жасағым келеді, – деді жоба авторы.

Жалпы, шараның мазмұнына үңілсек, Қарағанды жастары тек мерекелік шараның көрермені емес, өңірдің болашағына қатысты шешімдер мен бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде қарастырылды. 2028 жылғы ТМД Жастар астанасы мәртебесі де осы жауапкершілікті еселей түседі. Ал, жаңа Жастар үйі, гранттық қолдау, жастардың ұсынысын ескеретін жол картасы сол үлкен мақсатқа бастайтын бастама.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button