Құрылтай

Маңызды саяси науқанға дайындық мығым

Құрылтай депутаттарын сайлау мазмұны һәм қоғамдық маңызы жағынан бұған дейінгі сайлау науқандарынан ерекше. Өйткені, бұл сайлау еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңнің бірі болмақ. Сонымен қатар, азаматтардың ел басқару үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамның түрлі топтарының мүддесін білдіретін өкілдерді қалыптастыруға бағытталған. Ел тарихындағы бұл саяси науқан азаматтардың белсенділігін арттыруға, халық пен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайтуға және жаңа қоғамдық қатысу мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал ететін маңызды қадам екені даусыз.

Облыс аумағында сайлауды ұйымдастыруға қатысты дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сайлау учаскелерінің әзірлігі, комиссия мүшелерін оқыту, ақпараттандыру және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Облыстық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, сайлау процесінің барлық кезеңі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда. Бүгін, 23 шілде күні сағат 18:00-де саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады.

Алдағы сайлауға барлығы 7 саяси партия қатысады. Партиялар сайлаушылар назарына өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынып, ел дамуының маңызды бағыттары бойынша өз ұстанымдарын таныстырады. Үгіт-насихат кезеңінде азаматтар партиялардың бағдарламаларымен танысып, өз таңдауын жасауға қажетті ақпарат алады.

Саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары 21 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 22 тамыз – тыныштық күні. Бұл күні сайлауалды үгіт жүргізуге жол берілмейді.

Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамыз күні өтеді. Дауыс беру сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Сайлауға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, дауыс беру күні 18 жасқа толған және сайлаушылар тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, аймақта сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыс аумағында барлығы 653 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде, 14 аумақтық сайлау комиссиясы және 639 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Комиссиялардың құрамында 4429 адам қызмет атқарады.

Комиссия мүшелерінің кәсіби дайындығына да ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда сайлау өткізу тәжірибесі бар комиссия мүшелерінің үлесі жоғары. Сонымен қатар, жаңадан сайланған мүшелер үшін арнайы оқыту жұмыстары ұйымдастырылып, дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі жағдайлар пысықталуда.

Облыс аумағында 639 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Барлық учаске сайлау процесін талапқа сай өткізу үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлау учаскелерінің басым бөлігі білім беру, мәдениет және басқа да әлеуметтік нысандарда орналасқан.

Сонымен бірге, сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары да жүргізілді. Облыстық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, 20 маусымдағы жағдай бойынша аймақта «Сайлау» ақпараттық жүйесінің реестріне 758 141 сайлаушы енгізілген. Азаматтарға өздерінің сайлау учаскесін алдын ала анықтау мүмкіндігін беру үшін арнайы онлайн сервистер іске қосылып, ақпараттық қолдау көрсетілуде.

Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуде. Облыстық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында «Құрылтай – 2026» арнайы бөлімі жұмыс істейді. Онда сайлау заңнамасы, күнтізбелік жоспар, сайлау учаскелері туралы ақпарат, комиссиялар құрамы, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған материалдар орналастырылған.

Дауыс беру күні сайлау процесінің барысын 6 мыңнан астам адам бақылайтын болады. Олардың қатарында сайлау комиссияларының мүшелері мен қоғамдық байқаушылар бар. Бұл сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін арттыруға бағытталған.

Одан бөлек, азаматтардың сайлау туралы ақпарат алу мүмкіндігін арттыру үшін түрлі ақпараттық жобалар жүзеге асырылуда. Сайлау учаскесін анықтауға арналған сервистер, call-орталықтар және басқа да цифрлық мүмкіндіктер тұрғындарға қолжетімді.

Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қоғамдық бақылау институтына да маңызды рөл берілген. Облыста сайлауды байқауға ниет білдірген қоғамдық ұйымдар аккредиттеуден өтіп, заңнама талаптарына сәйкес бақылау жүргізуге мүмкіндік алды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сайлау учаскелерінің басым бөлігі пандустармен, тактильді көрсеткіштермен, шақыру батырмаларымен және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған.

Құрылтай депутаттарын сайлау – азаматтардың ел болашағын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін кеңейтетін маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Әр азаматтың өз таңдауын еркін білдіруі – демократиялық үдерістің басты қағидасының бірі.

Алдағы сайлау халықтың пікірін ескеруге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған маңызды қадам болатыны сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button