АймақҚарағанды

Ақылды алгоритмнің арқауы

Медицинадағы бір ғана дәл шешімнің артында майталман маманның білімі, тәжірибесі және ұқыптылығы тұрады. Алайда, цифрлық дәуірде дәрігерге күрделі кескіндерді саралап, күмәнді белгілерді дер кезінде байқауға көмектесетін жаңа құралдар пайда бола бастады. Қарағандылық мамандар әзірлеген TeriAI жүйесі – жасанды интеллект мүмкіндігін тері ауруларын бастапқы бағалау ісіне бағыттаған осындай отандық жобалардың бірі.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Дәрігер дерматоскоп арқылы адамның тері құрылымындағы өзгерісті мұқият зерттейді. Құрылғы экранынан әртүрлі реңк, көмескі дақтар мен көзге бірден байқала бермейтін белгілер көрінеді. Тәжірибелі маман үшін мұның әрқайсысы маңызды клиникалық белгі болуы мүмкін. Ал, мұндай кескіндермен жұмыс істеу тәжірибесі аз дәрігерге қауіпті өзгерісті қарапайым дақтан ажырату оңай емес.

Қарағандылық Тимур Бекеев, Дмитрий Гнейдин және Павел Ильин осы күрделі үдерісті жеңілдетуге арналған жасанды интеллект негізіндегі TeriAI жүйесін әзірледі. Цифрлық көмекші дерматоскопиялық кес­кінді талдап, дәрігердің назар аударуына тиіс белгілерді көрсетеді. Жобаның басты ұстанымы да айқын: жасанды интеллект ақ халатты маманды алмастыр­майды. Ол дәрігердің кәсіби шешіміне қосымша тірек болатын көмекші құрал қызметін атқарады.

Кейде ауқымды технологиялық жобаның басталуына күнделікті өмірдегі қарапайым жағдай себеп болады. TeriAI жүйесінің идеясы да медицина тәжірибесінде кездесетін нақты қиындықтан туындаған.

Тимур Бекеев 1990 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында «Медициналық кибернетика» мамандығы бойынша білім алған. Кейін ол дәрігер-дерматолог болып еңбек ететін жұбайының дерматоскопты күнделікті тәжірибеде сирек қолданатынын байқайды.

Оның өзіндік себебі бар еді. Дерматоскоп арқылы алынған кескінді дұрыс түсіндіру үшін арнайы біліммен қатар, мол тәжірибе қажет. Мамандар көбіне тері аурулары бейнеленген баспа атластарын пайдаланып, ондағы суреттерді науқастың терісіндегі өзгерістермен салыстырады. Ал, қажетті дағдыны жетілдіру үшін арнайы әрі қымбат оқу курстарынан өтуге тура келеді.

– Дерматоскопиялық кескінді оқу – жай ғана суретке қарау емес. Ондағы әрбір түс, сызық пен құрылым белгілі бір мағына беруі мүмкін. Дәрігерлер тәжірибеде арнайы атластарға сүйеніп немесе қосымша оқыту курстарына қатысып жатады. Сондықтан, біз кескінді бастапқы саралау жұмысын жасанды интеллектіге жүктеп, маманға ең маңызды белгілерді көрсетуге болатын шығар деген ойға келдік, – дейді Тимур Бекеев.

Кейін жобаға Тимурдың бұрынғы курстастары Дмитрий Гнейдин мен Павел Ильин қосылды. Команда нарықты зерттей келе, Қазақстанда осыған ұқсас технологиялық шешімдердің жоқтың қасы екенін анықтаған. Ал, шетелдік жүйелердің бағасы көптеген отандық клиникаға қолжетімсіз болған.

– Әуел бастан-ақ, біздің мақсатымыз дәрігердің орнын басатын бағдарлама жасау болған жоқ. Медициналық шешімді әрдайым маман қабылдауы керек. Біз дәрігерге күмәнді белгілерді дер кезінде байқап, науқасты әрі қарай тексеру қаншалықты қажеттігін бағалауға көмектесетін сенімді құрал жасауды көздедік, – дейді жоба авторы.

TeriAI жүйесін пайдалану үшін дәрігерге күрделі әрі көлемді жабдық қажет емес. Алдымен, смартфон камерасына арнайы дерматоскоп жалғанады. Дәрігер терідегі меңнің, дақтың немесе өзге де түзілістің суретін түсіріп, кескінді қосымшаға жүктейді.

Одан әрі талдау жұмысын жасанды интеллект алгоритмдері атқарады. Жүйе құрылымды, шекарасын және басқа да ерекшеліктерін салыстырып, клиникалық тұрғыдан маңызды болуы ықтимал белгілерді анықтайды.

Талдау нәтижесінде бағдарлама науқастың жағдайын белгілі бір уақыт аралығында бақылауды, қосымша тексеру жүргізуді немесе бейінді маманға жолдауды ұсынуы мүмкін. Дегенмен, жүйе берген нәтиже түпкілікті диагноз болып саналмайды. Соңғы шешім дәрігердің кәсіби құзыретінде қалады.

TeriAI дайын шетелдік технологияны жергілікті нарыққа бейімдеген жоба емес. Жүйені қарағандылық команда өз күшімен әзірлеп келеді.

Тимур Бекеев өнімді әзірлеу бағытына жетекшілік етеді. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінде ақпараттық қауіпсіздік мәселелерімен де айналысады. Дмитрий Гнейдин жобаға инвес­тиция құйып, жеке кәсібін дамытып жүр. Павел Ильин маркетинг бағытына жауап береді және «Олимп» зертханалар желісінің бизнес-серіктесі саналады.

Команда құрамында бұдан бөлек Астанадан фулстек-әзірлеу­ші және Қарағандыда бағдарламалау мамандығы бойынша білім алып жүрген екі студент бар. Осылайша, жобада медицина, ақпараттық технология, кәсіпкерлік және маркетинг саласының мамандары бірлесе еңбек етуде.

Жүйені әзірлеу барысында жоба авторлары өз қаражаттары есебінен 10 миллион теңгеден астам инвестиция салған. Қаржы мамандардың еңбекақысына, техникалық инфрақұрылымға және дерматоскоптарды медициналық техника тізілімінде тіркеуге жұмсалып жатыр.

– Медициналық өнімді әзірлеу қарапайым мобильді қосымша жасаумен шектелмейді. Оның техникалық тұрақтылығы, ақпараттық қауіпсіздігі және медициналық талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етілуі керек. Салынған қаржының едәуір бөлігі осы міндеттерді шешуге жұмсалды, – дейді Павел Ильин.

Жоба авторлары өнімді әзірлегеннен кейін Terricon Valley акселерациялық бағдарламасынан өткен. Бағдарлама аясында команда өнімді нарыққа шығарудың бірнеше моделін сынап, медициналық ұйымдармен жұмыс істеу тетіктерін қалыптастырды.

Қазіргі уақытта TeriAI жүйесі Қарағанды мен Астанадағы үш клиникада қанатқақты күйде бастау алды. Жоба авторларының мәліметінше, бірқатар медициналық ұйым цифрлық сервисті сынақтан өткізу кезеңінен коммерциялық пайдалануға көшуді бастаған.

Қызмет көрсету жүйесі ай сайынғы жазылымға негізделген. Жазылым құны – 5 мың теңге. Оған өңделген кескіндер бойынша он медициналық қорытынды кіреді. Әрбір келесі зерттеу үшін 500 теңге төленеді.
Мұндай модель қымбат бағдарламалық кешен сатып алмай-ақ, шағын жеке клиникалар мен медициналық кабинеттерге цифрлық технологияны пайдалануға мүмкіндік беруді көздейді.

Дегенмен, жобаның ауқымын кеңейту үшін оның тиімділігі тек тәжірибе жүзінде емес, ғылыми тұрғыда да дәлелденуі қажет. Осы мақсатта команда медициналық университетпен бірлесіп зерттеу жүргізуге дайындық үстінде.

Зерттеу барысында жүйенің нақты клиникалық жағдайда қаншалықты дәл жұмыс істейтіні, дәрігерге қандай деңгейде көмек көрсететіні және оны медициналық тәжірибеге енгізудің тиімділігі бағаланбақ.
Алынған нәтижелер Денсау­лық сақтау министрлігіне ұсынылады. Егер жүйенің тиімділігі ғылыми-зерттеу арқылы расталса, TeriAI алдағы уақытта мемлекеттік медициналық ұйымдарда да пайдаланылуы мүмкін.

Бүгінде жасанды интеллект банк қызметінен бастап өнеркәсіпке дейінгі сан алуан салаға енгізіліп жатыр. Медицина да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Алайда, денсаулық сақтау саласындағы кез келген технологияға қойылатын талап әлдеқайда жоғары. Өйткені, мұнда қабылданған әр шешім адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты.

Ақылды алгоритм қанша жерден жетілсе де, ақ халатты маманның білімін, жауапкершілігін және адамға деген жанашырлығын алмастыра алмайды. Бірақ, дәрігердің жанынан табылып, күрделі шешім қабылдар сәтте қосымша дерек пен бағдар ұсына алса, технологияның шынайы пайдасы да осында болса керек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button