АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда SARYARKA-2026 I ашық республикалық үстел теннисі турнирі басталды

Қарағандыда SARYARKA-2026 I ашық республикалық үстел теннисі турнирі басталды. Бес күнге созылатын додаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 250-ден астам жас спортшы қатысып, үш жас санаты бойынша жүлделерді сарапқа салады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жарыстың жас спортшылар үшін тәжірибе алмасуға және кәсіби шеберлікті шыңдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.

– Үстел теннисі бүгінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Ол тәртіпке, табандылыққа және жеңіске деген ұмтылысқа тәрбиелейді. SARYARKA-2026 турнирі жас спортшылардың шеберлігін арттырып, тәжірибе жинақтауына жол ашып, үлкен спортқа бастар маңызды баспалдақ болады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.

Турнирдің бас төрешісі, Қарағанды облысының үстел теннисі бойынша аға жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваның айтуынша, жарыстың басты мақсаты – үздіктерді анықтау ғана емес, үстел теннисін кеңінен насихаттап, жас спортшылардың дайындық деңгейін көтеру.

– Биыл жарысқа өте мықты құрам жиналды. Әсіресе ересек жас санатындағы бәсеке тартысты болмақ. Бұл турнир дәстүрлі түрде өткізіліп, үстел теннисінің өңірде ғана емес, елімізден тыс жерлерде де дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді ол.

Турнирге халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Алан Құрманғалиев те қатысып жатыр. Оның айтуынша, жарыста осал қарсылас жоқ.

– Өз жас санатымда бәсеке өте жоғары. Негізгі мақсатым – жеңіске жету. Осы турнирден кейін бірден Ташкентте өтетін халықаралық рейтингтік жарысқа қатысамын. Бұл – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі, – деді спортшы.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында үстел теннисімен 13 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның төрт мыңға жуығы ауылдық жерлердің тұрғындары.

Қарағандының үстел теннисі мектебі Қазақстандағы жетекші спорт мектептерінің бірі саналады. Оның тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button