АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда жүргізушілерге айыппұл емес, тегін көмек көрсетілді

Қарағанды облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ерекше профилактикалық акция өтті. Бұл жолы полиция қызметкерлері жүргізушілерді құжаттарын тексеру немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін емес, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тоқтатты.

Сурет polisia.kz

Республикалық маңызы бар автожолда Қарағанды облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны көшпелі шиномонтаж шеберханасымен бірлесіп, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізушілерге тегін техникалық көмек көрсетті.

Акция барысында көліктердің шиналарындағы ауа қысымы тексеріліп, техникалық жағдайына диагностика жасалды. Анықталған ақаулар көшпелі шиномонтаж мамандарының көмегімен сол жерде жедел жөнделді.

Шараның басты мақсаты – көліктің техникалық ақауларынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және алыс жолға шыққан азаматтардың қауіпсіздігін арттыру.

Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, биылғы алты айда республикалық автожолдарда 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 32 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алған.

Атап айтқанда, «Астана – Қарағанды (айналма жол арқылы) – Алматы» автожолында 13 жол апаты болып, 12 адам көз жұмса, 13 адам түрлі жарақат алған.

Командирдің сөзінше, жол апаттарының негізгі себептері – жүргізушінің шаршауы, рөлде қалғып кетуі, жылдамдықты шамадан тыс асыру және қарсы қозғалыс жолағына шығу. Сонымен қатар шиналардың техникалық жағдайы мен ауа қысымының талапқа сай болмауы да жол қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді.

Жыл басынан бері облыс жолдарында шиналардың тозуы мен дөңгелек қысымының жоғалуына байланысты екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір адам қаза тауып, бір адам жараланған.

Көшпелі шиномонтаж шебері Илья Земляков акция кезінде Алматы бағытына бет алған көліктердің бірінде шиналардағы ауа қысымының қалыпты деңгейден едәуір жоғары екенін анықтаған. Мамандар қысымды қауіпсіз деңгейге түсіріп, жүргізушіге мұндай жағдай аптап ыстықта шинаның қызып, жарылуына себеп болуы мүмкін екенін түсіндірген.

Ерекше форматта ұйымдастырылған акция жүргізушілердің оң бағасына ие болды. Олар мұндай профилактикалық шаралардың әсіресе демалыс маусымы мен ұзақ сапарлар кезінде аса маңызды екенін айтты.

Қарағанды облысы полиция департаменті жүргізушілерге жолға шығар алдында көліктің техникалық жай-күйін мұқият тексеруге, әсіресе шиналардың жағдайы мен ауа қысымына ерекше назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ шаршаған күйде көлік тізгіндемей, жылдамдық режимін сақтап, қажет болған жағдайда міндетті түрде демалу қажеттігін еске салады.

Мамандардың айтуынша, көлікті тексеруге кеткен бірнеше минуттың өзі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button