АймақБас тақырыпҚарағанды

Қаламгерге көрсетілген құрмет: Сүйіндік Жанысбай «Парасат» орденімен марапатталды

Кеншілер астанасында қазақ журналистикасы мен руханияты үшін айрықша мәні бар тағылымды шара өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Орталық Қазақстан» газетінің ардагері, жазушы-публицист Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай «Парасат» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев салтанатты түрде табыс етіп, қаламгерді жоғары марапатымен құттықтады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Салтанатты қабылдауға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Шаповалова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, «Парасат» орденінің иегері, ардагер журналист Аман Жанғожин және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Сүйіндік Жұмабайұлының саналы ғұмырын ел журналистикасына, ұлттық әдебиетке және рухани құндылықтарды дәріптеуге арнағанын атап өтті.

– Сүйіндік Жұмабайұлы – бірнеше буын журналистерге бағыт-бағдар берген, қаламының қуатымен қоғамның өзекті мәселелерін көтерген тұлға. Бұл марапат – Арқа журналистикасының абыройы. Дәстүрлі журналистиканың орны қандай кезеңде де биік. Өйткені, шынайы сөз бен сарабдал ой қоғамның темірқазығы болып қала береді. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық шабыт тілеймін, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей де мерейтой иесін құттықтап, оның өмір жолы жас журналистер үшін үлкен мектеп екенін айтты.

– Сіз еңбекқорлықтың, кәсібиліктің және азаматтық ұстанымның жарқын үлгісін көрсеттіңіз. Тұтас облыстың шежіресін жасап, елдің мұңын, халықтың айтқан қаламгер ретінде кейінгі буынға мол мұра қалдырдыңыз. Мемлекеттік марапаттың иесі атануыңыз – әділ бағаланған еңбек, – деді Әлібек Үсенұлы.

Ардагер журналист, «Парасат» орденінің иегері Аман Жанғожин ұзақ жылдар бойы Сүйіндік Жұмабайұлымен бірге қызмет атқарғанын айтып, әріптесінің азаматтық болмысына ерекше тоқталды.

– Сүйіндікпен талай жыл иық тіресіп еңбек еттік. Ол – қай жанрға қалам тартса да табиғи болмысын жоғалтпайтын, сөзге жауапкершілікпен қарайтын бесаспап қаламгер. Адал еңбегімен әріптестерінің де, оқырманның да құрметіне бөленген азаматтың бұл марапаты – елдің берген бағасы, – деді Аман Жанғожин.

Өз кезегінде «Парасат» орденінің иегері Сүйіндік Жанысбай Мемлекет басшысына, аймақ басшылығына және барша әріптестеріне шынайы ризашылығын білдірді.

– Бұл марапатты бірге еңбек еткен барша әріптестерімнің, ұстаздарымның және оқырмандарымның құрметі деп қабылдаймын. Журналистика – халыққа қызмет етудің сара жолы. Сол жолда адал еңбек етуге тырыстым. Осындай құрмет көрсеткен ел азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын. Ел аман, жұрт тыныш болып, тәуелсіз еліміздің мерейі үстем болғай! – деді қаламгер.

Кездесу соңында Сүйіндік Жұмабайұлы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа өзінің «Әлемге әйгілі Әлихан» атты деректі романын тарту етіп, ақ батасын берді. Тағылымды басқосу ұлттық журналистикаға адал қызмет еткен ардагер қаламгерге көрсетілген зор құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button