АймақБас тақырыпҚарағанды

«Таза Қазақстан»: аймақта «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында үш бұлақ абаттандырылды

Қарағанды облысының Абай ауданында орналасқан Топар кенті мен Жартас ауылындағы табиғи бұлақтардың аумағы абаттандырылып, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы демалыс орындарына айналды. Бұл жұмыстар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Абаттандыру барысында бұлақтардың айналасы толық тазартылып, су көздері табиғи тастармен бекітілді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, орындықтар мен күркелер орнатылды. Автотұрақ салынып, аумақ көгалдандырылып, келушілердің жайлы демалуына барлық жағдай жасалды. Бұлақтардың табиғи келбеті сақталып, суының сапасы зертханалық тексеру нәтижесінде талапқа сай екені расталды.

Қарабас кентінің әкімі Махсат Тәттімбетовтің айтуынша, республикалық тас жол бойында орналасқан «Сарышоқы» бұлағы ұзақ уақыт бойы жөндеуді қажет еткен.

– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұлақтың өзін де, айналасын да толық ретке келтірдік. Енді бұл жолмен жүрген кез келген адам аялдап, тынығып, таза әрі салқын су ала алады. Барша тұрғындарды табиғатты аялауға және осы жердің тазалығын сақтауға шақырамын, – деді ол.

Жүргізілген жұмыстармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев арнайы танысты. Өңір басшысы экологиялық бастамаларға белсенді қатысып жүрген еріктілерге, қоғамдық ұйымдарға, жастар мен тұрғындарға ризашылығын білдірді.

– Бұлақ – тек таза судың көзі ғана емес, халқымыздың табиғи мұрасы. Оны сақтау – бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Табиғатты қорғау ісіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ал вице-министр Талғат Момышев қазақ халқының «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген нақылын еске салып, табиғи су көздерін күтіп-баптау қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бағыты екенін атап өтті.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Топар мен Жартастағы бұлақтардың суы көп жылдан бері тұрмысқа пайдаланылып келеді. Топар кентінің тұрғыны Марат Құлжанбеков бұлақ суының тазалығы бірнеше рет зертханалық тексерістен өткенін айтып, бүгінде оның айналасының көркейіп, халыққа қолайлы жағдай жасалғанына қуанышты екенін жеткізді.

Сонымен қатар Ескі Тихоновка ауылындағы табиғи бұлақ та абаттандырылды. Өңірде табиғи су көздерін сақтау және олардың маңын көркейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

«Мөлдір бұлақ» акциясының басты мақсаты – бұлақтар мен су нысандарын тазарту, олардың табиғи қалпын сақтау және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button