Күз-ғұмырдың ізгі нұры
Зейнеткерлік – өмірдің соңы емес. Бірақ, қоғам оны жаңа мүмкіндікке айналдыра алып жүр ме? Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығы жыл сайын артып келеді. Бұл – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жөніндегі тапсырмалары аясында елімізде азаматтарды өмірдің барлық кезеңінде қолдауға бағытталған әлеуметтік саясат жүйелі түрде жүргізілетінінің бір көрінісі. Президент тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынған бастамалардың нәтижесінде бүгінде егде жастағы азаматтарға белсенді әрі салауатты өмір сүруге жағдай жасалып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына басымдық берілуде.

Қариясын қадірлемеген қоғам
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – облыстағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы. Зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтың қоғамдағы орны қандай? Ол еңбек жолын аяқтағаннан кейін әлеуметтік төлем алушы ғана болып қала ма, әлде өмірлік тәжірибесін ел игілігіне жаратып, белсенді өмір сүре ала ма? Бұл сұрақ бүгінде әлемнің көптеген елін толғандырады. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалып отырған жоқ. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары арқылы елімізде егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік саясат қалыптасып келеді. Бастапқыда мұндай орталықтарды көпшілік зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастыратын орын ретінде қабылдағанымен, уақыт өте олардың әлеуметтік маңызы әлдеқайда терең екені байқалды. Өйткені, мәселе тек гимнастикада немесе би үйірмесінде емес, адамның қоғамнан ажырап қалмауында екендігі дәлелденді.
Қазақстанда еңбекке жарамды жастан асқан 2,6 миллионнан астам адам тұрады. Бұл – ел халқының шамамен 13 пайызы. Оның ішінде Қарағанды облысында 180 мыңнан астам зейнеткер бар. Бұл көрсеткіш Қарағандыны халықтың қартаю деңгейі жоғары аймақтардың бірі ретінде көрсетеді. Сондықтан, егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыру, олардың қоғамнан оқшауланып қалмауына жағдай жасау бүгінгі әлеуметтік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр.
Аймақта белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 2022 жылдың шілде айынан бері жұмыс істейді. Үш алаңнан басталған жоба бүгінде айтарлықтай кеңейді. Қазір бас орталықпен қатар бес филиал халыққа қызмет көрсетеді. Егер алғашқы жылы мұнда небәрі 14 бағыт бойынша қызмет ұсынылса, бүгінде олардың саны 30-ға жеткен.
Қарағанды қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директоры Саян Жарылғаповтың айтуынша, мекеменің басты мақсаты – аға буын өкілдерінің белсенді, салауатты әрі жан-жақты өмір сүруіне жағдай жасау.
– Біз зейнеткерлердің физикалық және психологиялық сергектігін сақтауға, қарым-қатынас аясын кеңейтуге, жаңа білім мен дағдыларды игеруіне, қоғамда өз қажеттілігін сезінуіне көмектесуге тырысамыз. Сондықтан, орталықта спорттық-сауықтыру, мәдени-демалыс, шығармашылық, цифрлық сауаттылық, психологиялық қолдау және кеңес беру бағытындағы қызметтердің барлығы бір жүйеге біріктірілген, – дейді ол.
Бүгінде орталыққа 2900-ден астам адам тұрақты келеді. Бұл көрсеткіш жобаның қоғам үшін қажетті екенін көрсетеді. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында гимнастика, йога, фит-микс, стретчинг, «Дені сау арқа» бағдарламасы, «Oxycise» тыныс алу гимнастикасы, скандинавиялық серуендеу, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, би, қазақ және ағылшын тілдерін үйрену, компьютерлік және мобильді сауаттылық курстары бар. Психолог пен заңгердің кеңестері, психологиялық тренингтер, қолөнер бойынша шеберлік сабақтары, кітап оқу бұрышы, «Поэтикалық қонақ бөлмесі», «Тілім – менің тірегім» клубы, «Күміс микрофон» караокесі мен «Әнші жүректер» вокалдық үйірмесі де тұрақты жұмыс істейді. Бұл қызметтердің әрқайсысы адамның уақытын өткізуді ғана емес, өмірге деген қызығушылығын сақтауды мақсат етеді.
– Бұл орталыққа алғашында денсаулығымды жақсарту үшін келдім. Бірақ, уақыт өте келе мұнда тек жаттығу емес, жаңа орта, жаңа достар таптым. Қазір аптасына бірнеше рет келемін. Үйде отырғаннан осында келгенде өзімді сергек әрі қоғамға қажет адам ретінде сезінемін. Жасымызға қарамай, жаңа дүниені үйренуге болатынын осы орталық дәлелдеп берді, – деді зейнеткер Галина Совельева.
Жалғыздықтың емі – орта
Дәрігерлер адамның физикалық денсаулығы үшін қозғалыстың маңызын айтса, психологтар жалғыздықтың адам денсаулығына тигізетін кері әсерін жиі көтереді. Орталық мамандары да осыны күн сайын байқап отыр.
Олардың айтуынша, тұрақты келушілердің өзіне деген сенімі артып, қарым-қатынасқа ашық бола бастағаны анық байқалады. Көпшілігі денсаулығының жақсарғанын, физикалық белсенділігінің артқанын, жалғыздық сезімінің азайғанын айтады. Ең бастысы – жаңа достар тауып, өмірге деген қызығушылығы қайта оралады.
Соңғы жылдары цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге дендеп енуі егде жастағы адамдар үшін жаңа қиындықтар туғызғаны белгілі. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшті. Сондықтан, цифрлық сауаттылық та бүгінгі күннің маңызды қажеттілігіне айналды. Орталықта зейнеткерлер компьютерді, смартфонды, интернетті, мемлекеттік электрондық қызметтерді, банк қосымшаларын пайдалануды меңгереді. Интернеттегі қауіпсіздік ережелері де үйретіледі.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы соңғы жылдары жоғары оқу орындарымен де тығыз байланыс орнатқан. 2025 жылы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, университет базасында «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» курсы ұйымдастырылды. Нәтижесінде 22 қызмет алушы арнайы сертификат иеленді. Ал, 2026 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен де ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, білім беру және әлеуметтік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жоспарланды.
Қызмет алушылар үшін «Шалқыма» концерт залына, театрларға, мұражайларға, хайуанаттар бағына тегін бару ұйымдастырылады. ҚарЛАГ музейіне, «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешеніне және Қарқаралы ұлттық табиғи паркіне экскурсиялар өткізіледі. Мұндай шаралар адамдардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына ықпал етеді.
Өнер жас талғамайды
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шығармашылық ұжымдары бүгінде қала мәдениетінің бір бөлшегіне айналған. «Сәулем-ай», «Ару әжелер» және «Арқа әуендері» хор ұжымдары – қалалық және облыстық іс-шаралардың тұрақты қатысушылары. Ал, «Агугай» мен «Бастау» домбыра ансамбльдері ұлттық өнерді дәріптеп келеді. «Грация» және «Гармония» би ұжымдары түрлі республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, Гран-при жеңімпазы атанған. Бұл жетістіктер егде жастың шығармашылыққа кедергі емес екенін дәлелдейді.
– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін даму мүмкіндігі аяқталады деп ойламаңыз. Керісінше, бұл – денсаулықты нығайтып, жаңа қызығушылықтарды ашатын, жаңа достар табатын кезең. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары әрбір адамның өзін қоғамға қажет, белсенді әрі бақытты сезінуі үшін құрылған. Біз барлық зейнеткерлерді осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз, – дейді Саян Жарылғапов.
Қазақ «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Бірақ, қазынаны құрметтеу тек сөз жүзінде қалмауы тиіс. Оның тәжірибесін бағалап, қоғамнан шеттетпей, белсенді өмір сүруіне жағдай жасау – өркениетті қоғамның белгісі. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары дәл осы міндетті атқарып келеді. Олар қарттықты әлсіздікпен емес, мүмкіндіктермен байланыстыратын жаңа қоғамдық көзқарасты қалыптастырып жатыр. Өйткені, ұзақ өмір сүрудің басты өлшемі – жас емес, сол жастың қаншалықты мәнді өткені.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



