Алаяққа арандап қалмас үшін…
Үрей мен бейқамдықтың арасы – бес-ақ минут. 22 жастағы облыс тұрғыны таңертең кофе ішіп отырып, 20 миллион теңгесінен айырылып шыға келді. Көрінеу қорқыту, жалған шенділер мен виртуалды тұзақ… Бұл – бір ғана адамның қасіреті емес, бүгінгі қоғамды іштей кеміріп жатқан интернет-алаяқтықтың нақты сұлбасы. Биылдың өзінде өңір тұрғындары желідегі құлқыны тоймас әккі алаяқтарға 2,2 миллиард теңгесін жем қылды. Ата Заңымыз «Мемлекеттің ең басты байлығы – адам» деп шегелеп тұрса да, қалтасындағы соңғы тиынына дейін тоналып, нақақтан қарызға батқан қарапайым жандарды кім арашаламақ?

Қылмыс азайды, қауіп сейілді ме?
Интернет-алаяқтықтың күннен-күнге кемудің орнына өршіп тұрғаны жасырын емес. Айналамызда алданған адам көп. Бірі өз атына рәсімделген несиеден көз ашпай қалса, енді бірі бар жиған-тергенін, қолындағы қаражатын, тіпті, мал-мүлкін де виртуалды тұзаққа ұстатып жатады. Қылмыскерді көрмейді, қолына ақша алмайды, құжатқа көзбе-көз қол қоймайды. Бірақ, бірнеше минуттың ішінде миллиондаған теңгеге қарыз болып шыға келеді.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, 2024 жылы өңірде интернет-алаяқтық бойынша 794 қылмыс тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 1121 қылмысқа жетті. Ал, биылдың алғашқы алты айында 771 дерек есепке алынған. Департамент мәліметінше, биылғы көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31,3 пайызға төмендеген.
– Бір қарағанда, былтырғымен салыстырғанда осы уақытта қылмыстың азаюы оң өзгеріс болып көрінуі әсте мүмкін. Алайда, санның төмендеуі қауіптің сейілгенін білдірмейді. Өйткені, жыл басынан бері интернет-алаяқтық салдарынан облыс тұрғындарына келген материалдық шығын 2,2 миллиард теңге. Оның ішінде 50 миллион теңгеге жуық қаражат уақытылы бұғатталып, жәбірленушілерге қайтарылған.
Бүгінде киберқылмысты ауыздықтау қиын. Себебі, оның шекарасы жоқ. Қылмыскер басқа қалада, басқа елде, тіпті, басқа құрлықта отырып-ақ, адамның телефонына, мессенджеріне, әлеуметтік желідегі парақшасына жол табады. Бірақ, ең қауіптісі – ол адамның қалтасына емес, алдымен санасына кіреді, – деді полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимылдар басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дінмұхамед Зияда.
Қазіргі интернет-алаяқтықты тек технологиялық қылмыс деп қарау жеткіліксіз. Иә, мұнда санаға селкеу түсіретін сілтемелер, жалған сайттар, жасанды зерде қолданылады. Десе де, қылмыстың өзегі көбіне техникада емес, адамның сол сәттегі психологиялық күйінде жатыр.
Полиция департаментінің дерегінше, биыл облыста интернет-алаяқтықтың ең көп тараған түрі – банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе өзге де ресми мекеме өкілі болып қоңырау шалу. Мұндай 334 қылмыс тіркелген. «Есепшотыңызға шабуыл жасалып жатыр», «атыңыздан несие рәсімделді», «жақыныңыз қиын жағдайға түсті», «арнайы операцияға көмектесуіңіз керек» деген сөздер адамның сенімін сына қағады. Жалған инвестициялық платформалар арқылы 314 қылмыс тіркелген. Мұнда басты қармақ – оңай олжа. «Аз ақша салып, көп табыс табасыз», «ірі компанияның инвестициялық жобасына қатысасыз», «бірнеше күнде пайда көресіз» деген уәдемен аңғал адамды үміттендіреді. Сондай-ақ, тауар мен қызмет үшін алдын ала төлем жасауда да биыл 123 қылмыс тіркелген. Бұл көбіне сенім мен асығыстыққа негізделеді.
«Соңғы орын қалды», «қазір төлем жасасаңыз ғана бронь сақталады», «тауар тез өтіп жатыр», «жеңілдік бүгін ғана» деген сөздер адамға ойлануға мұрша бермейді.
Бір қарағанда, бәрі қарапайым. Алаяқ алдымен, адамды қалыпты ойлау ырғағынан жаңылдырады. Қорыққан адам қысылтаяң шақта тексеріп үлгермейді. Асыққан адам ақылдасып жатпайды. Оңай олжаға сенген адам күмәнді кейінге ысырады.
Психолог Балауса Ермекованың айтуынша, онлайн алаяқтар көбіне адамның эмоциясын нысанаға алады. Олар қорқыныш, асығыстық немесе тез пайда табу ниетін қоздырып, адамның логикалық ойлауын әлсіретеді. Сондықтан, жастарды да, ересектерді де тек интернет қауіпсіздігіне ғана емес, эмоцияны басқаруға және сыни ойлауға үйрету маңызды.
– Алаяқтықтың құрбаны болған жандар ең алдымен, өзін кінәлі сезінеді. «Неге сеніп қалдым?», «Неге байқамадым?» деген ой оларды жегідей жейді. Кейбірі болған жағдайды ата-анасынан, жақындарынан немесе достарынан жасырып, іштей күйзеліске түседі. Ұят, қорқыныш пен үрей адамның эмоционалдық тұрақтылығына әсер етеді. Сол себепті де, интернет-алаяқтықтың алдын алу тек «SMS-кодты айтпа» деген ескертумен шектелмеуі керек. Цифрлық сауатпен қатар, психологиялық дайындықты да қажет ететін мәселе. Адам күмәнді қоңырау түскен сәтте тоқтап, ойлануды, жақынымен ақылдасуды, ресми нөмірге өзі қайта хабарласуды әдетке айналдыруы тиіс. Өйткені, алаяқтың алғашқы нысанасы – есепшот емес, эмоция, – деді ол.
«Арнайы операция» болмайды
Соңғы тіркелген бір оқиға алаяқтық жүйесінің қалай жұмыс істейтінін анық айшықтаса керек. 42 жастағы тұрғын әлеуметтік желіден «Каспи Профит» деп аталатын жалған инвестициялық платформаның жарнамасын көреді. Бейнероликте елімізге танымал адамның бейнесі пайдаланылған. Әйел анкета толтырып, жеке деректерін қалдырғаннан кейін оған өзін инвестициялық платформаның менеджері ретінде таныстырған адам хабарласады.
Әуелі одан 70 мың теңге салуды сұрайды. Бір-екі сағаттан кейін жәбірленушінің шотына 45 мың теңге қайтарылады. Бұл – алаяқтардың сенім қалыптастыру үшін қолданатын құйтұрқы әдісі. Адам «расында пайда бар екен» деп ойлайды. Кейін оған көп ақша салса, табысы да көп болатыны айтылады. Осылайша, жәбірленуші несие рәсімдейді, қарыз алады, ломбардқа алтындарын салады. Жалған сайттағы жеке кабинетінде 30 мың АҚШ доллары көлемінде пайда көрсетіледі.
Бірақ, ақшаны шешіп алуға келгенде кедергілер басталады. Әуелі «салық төлеу керек» дейді. Кейін «шотыңыз бұғатталды» деген желеу айтады. Одан соң «төлем қабілеттілігіңізді растау үшін тағы ақша салыңыз» деп талап етеді. Ақырында әйел 16 миллион теңгесінен айырылды да қалды.
Бұл схеманың ең қауіпті жері – алғашқы «пайда». Алаяқ адамға азғантай соманы қайтарып, оның күдігін сейілтеді. Сенім пайда болған соң ғана ірі қаржыға көшеді. Сондықтан, «алғашқы табыс түсті» деген белгі қауіптің сейілгенін емес, тұзақтың тереңдегенін білдіруі мүмкін.
Оңай олжаға сену – адам табиғатындағы әлсіздік. Алаяқтар осы әлсіздікті ұтымды пайдаланады. Әсіресе, қаржылық қысым, несие, табыс тапшылығы, тұрмыстық қиындық көбейген кезде «қосымша табыс» туралы жарнаманың әсері күшейеді. Бірақ, инвестиция ешқашан телефондағы бейтаныс менеджердің нұсқауымен, күмәнді сілтемемен, асығыс төлеммен басталмауы керек.
Дінмұхамед Ғалиұлының айтуынша, жалған инвестициялық платформаларға қарсы жұмыс барысында криптоәмияндар анықталып, көрші мемлекеттердегі әріптестермен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатыр. «Кибербақылау» жүйесі арқылы күмәнді жарнамалар анықталып, бұғатталуда. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтыққа қарсы бейнероликтер таргеттік жарнама ретінде көрсетіле бастаған.
Дегенмен, мұндай қылмыстың алдын алуда ең басты сүзгі – адамның өзі. Қандай да бір платформа жоғары табысқа кепілдік берсе, белгілі компанияның атын жамылса, ақша салуға асықтырса, құжат пен лицензияны ашық көрсетпесе, оған сенудің қажеті жоқ. Шынайы инвестицияда тәуекел түсіндіріледі. Алаяқтықта тек пайда уәде етіледі.
– Жаз айларында жалған туристік агенттіктер көбейеді. Әлеуметтік желіде арзан жолдама, демалыс орны, қонақүй, пәтер, жағажайға жақын үй туралы жарнамалар шығады. «Орын аз қалды», «бронь үшін алдын ала төлем керек», «қазір төлем жасамасаңыз, баға өседі» деген сөздер адамды асықтырады. Ал, ақша аударылғаннан кейін парақша өшеді, нөмір жауап бермейді, «менеджер» ізім-ғайым жоғалады. Қыс мезгілінде схема басқа сипат алады. Жаңа жыл қарсаңында сыйлық, ұтыс ойыны, мерекелік жеңілдік, балаларға арналған тауарлар, техника, киім-кешек жарнамалары көбейеді. Мұнда да негізгі әдіс сол – сенімге кіру және ойлануға уақыт бермеу, – дейді аға уәкіл.
Онлайн саудада алаяқ кейде сатушы, кейде сатып алушы болып шығады. Бірінде алдын ала төлем сұрайды, екіншісінде «жеткізу қызметі арқылы рәсімдейік» деп сілтеме жібереді. Адам сілтемеге өтіп, банк картасының деректерін енгізген сәтте ақшасынан айырылуы мүмкін. Сондықтан, хабарландыру сайттарында, Instagram немесе мессенджер арқылы сауда жасағанда ресми төлем жүйесінен тыс әрекетке бармаған жөн.
Бұл жерде де алаяқтың басты құралы – асықтыру. «Тек бүгін», «соңғы тауар», «қазір төлеңіз», «бронь күйіп кетеді» деген сөздер адамның сақтық сүзгісін әлсіретеді. Ал, шынайы сатушы немесе қызмет көрсетуші клиентке ойлануға, тексеруге, келісімшартпен танысуға мүмкіндік береді.
Интернеттегі әр жарнамаға күмәнмен қарау – қорқақтық емес, қорғаныс. Әсіресе, баға нарықтан тым арзан болса, парақшада нақты мекенжай, байланыс дерегі, пікірлер мен құжаттар болмаса, төлемді жеке адамның картасына аударуды сұраса, бұл – сақтануға себеп.
Картаңды бергенің – қылмысқа кіргенің
Интернет-алаяқтықтың көзге көп көрінбейтін, бірақ, ең қауіпті буынының бірі – дропперлер. Қылмыскер жәбірленушінің ақшасын көбіне өз атына емес, өзгенің банк картасына, шотына немесе электронды әмиянына аудартады. Сол арқылы ізін суытады. Ал, әлгі картасын берген адам кейде мұны жай ғана «ақша өткізіп беру», «жеңіл табыс», «бір реттік жұмыс» деп ойлауы мүмкін.
Бірақ, заң алдында бұл – жауапкершілігі бар әрекет. Облыста жыл басынан бері өз банк картасын, шотын үшінші тұлғаларға беріп, дроппер ретінде пайдаланылған азаматтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 44 қылмыстық іс қозғалған. Оның 13-і бойынша сот шешімі шыққан. Қалған істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Аталған бап бойынша 160 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Демек, «картамды бере салдым», «не үшін екенін білмедім», «ақшаны тек өткізіп бердім» деген уәж адамды жауапкершіліктен толық арашалап қала алмайды.
Дропперлер көбіне жастар арасынан шығады. Студенттерге, жұмыссыз жүргендерге, тез ақша тапқысы келетіндерге «картаңды уақытша бере тұр», «шотыңа ақша түседі, сен шешіп бересің», «пайызы өзіңе қалады», «онлайн жұмыс» деген ұсыныстар жасалады. Сырт көзге бұл оңай табыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, сол карта арқылы біреудің зейнетақысы, біреудің несиесі, біреудің жылдар бойы жинаған ақшасы өтіп жатқанын түсінгенде, оның салмағы мүлде басқа болмақ…
Алданған адамды кім қорғайды?
Интернет-алаяқтықтың ең ауыр салдары – жоғалған ақша ғана емес. Кейде адам өзі көрмеген, ұстамаған, пайдаланбаған миллиондаған теңгеге қарыз болып шығады. Алаяқтар оның атына несие рәсімдетеді, депозитін шешкізеді, ломбардқа мүлкін салғызады. Бір сәттік сенімнен кейін адам ұзақ жылдық берешекпен бетпе-бет қалады. Мұндай жағдайда жәбірленушіні кінәлай салу оңай, ал, оны қорғау әлдеқайда күрделі.
Осы сауал төңірегінде заңгер Кәмшат Мейірбекқызымен пікірлесіп көрдік. Оның айтуынша, алаяқтық жолмен рәсімделген несиеге қатысты басты назар қаржы ұйымының мүддесіне ғана емес, ең алдымен, зардап шеккен азаматтың құқығын қорғауға аударылуы тиіс.
– Конституциямызда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде айқындалған. Демек, азамат өз еркінен тыс қарызға батса, оның құқығын қорғаудың нақты әрі тиімді тетіктері жұмыс істеуі керек. Бұл ретте жауапкершілікті әділ бөлу қағидасы маңызды. Егер банк немесе микроқаржы ұйымы клиенттің жеке деректерін тексеру, биометриялық сәйкестендіру, күмәнді операцияны анықтау кезінде жеткілікті сақтық танытпаса, оның зардабын тек алданған азамат арқаламауы тиіс. Қаржы ұйымдарының қауіпсіздік жүйесіндегі осалдық та құқықтық тұрғыдан бағалануы қажет.
Азаматтың «бұл несиені мен рәсімдеген жоқпын» деп дау айтуға құқығы бар. Мұндай жағдайда құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған сәттен бастап, сот шешімі шыққанға дейін өсімпұл мен айыппұл есептеуді уақытша тоқтату мәселесі де өзекті. Себебі, жәбірленуші бір жағынан қылмыстық істің нәтижесін күтсе, екінші жағынан банк алдындағы берешек қысымына тап болады, – деді Кәмшат Мейірбекқызы.
Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары осы бағытта интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында күнделікті және үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Тек соңғы маусым айының өзінде 20 118 түсіндірме қағазы (бюллетені) таратылған. Телеарна арқылы 4 ақпараттық сұхбат беріліп, әлеуметтік желілерде 51 ақпарат жарияланған. Сонымен қатар, 4 718 пәтер қамтылып, 47 мемлекеттік ұйым мен 284 мемлекеттік емес ұйымда түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Instagram желісінде таргеттік жарнама арқылы алаяқтыққа қарсы бейнероликтер де көрсетілуде.
– Аз жұмыс емес. Дегенмен, интернет-алаяқтықтың кереғар тұстарына үңілсек, профилактика тек ескерту парағын таратумен шектелмеуі керек. Себебі, адам ескертуді оқығанымен, алаяқ қоңырау шалған сәтте үрейге берілуі мүмкін. Қорқыныш күшейгенде есте сақталған ереже кейінге ысырылады. Сондықтан, алдын алу жұмысы адамның нақты жағдайдағы шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Мысалы, егде жастағы адамға «фишинг», «DeepFake», «спуфинг» деген термин түсініксіз болуы мүмкін. Оған қарапайым тілмен: «Банк те, полиция да телефонмен код сұрамайды», «ешкім ақшаңызды қауіпсіз шотқа аудартпайды», «бейнебайланыспен шыққан адамның өзі де жалған болуы мүмкін» деп түсіндіру тиімді. Ал, жастарға дропперліктің жауапкершілігін, жалған инвестицияның механизмін, әлеуметтік желідегі жарнаманың қаупін нақты мысалмен айту керек, – деді аға жедел уәкіл.
Бір қарағанда, сақтық ережелері өте қарапайым. Бөтен нөмірден күмәнді қоңырау түссе – әңгімені тоқтату. SMS-кодты ешкімге айтпау. Күмәнді сілтемеге өтпеу. Әлеуметтік желідегі жылтырақ жарнамаға сенбеу. Оңай олжаға кенелемін деген жаңсақ ұғымнан арылу.
Қауіпсіздік қағидасы
Полиция мамандары алаяқтыққа ұшыраған азамат ең алдымен, уақыт жоғалтпауы керек екенін ескертеді. Егер адам күмәнді әрекетті байқаса немесе ақша аударып қойғанын түсінсе, дереу 102 нөміріне хабарласуы қажет. Сонымен қатар, банктің ресми байланыс нөміріне қоңырау шалып, шоттарды бұғаттатуы керек. Одан кейін жақын маңдағы полиция бөліміне барып, арыз жазған дұрыс.
Мұндай жағдайда скриншот, телефон нөмірі, сілтеме, хат алмасу, аударым түбіртегі сияқты деректердің бәрін сақтау маңызды. Себебі, әрбір ақпарат қылмысты ашуға немесе қаражат қозғалысын анықтауға көмектесуі мүмкін.
Онлайн нарық күн сайын мың құбылып келеді. Қызмет те, сауда да, төлем де, байланыс та телефонның ішіне көшті. Бұл – уақыт талабы. Әйткенмен, цифрлық мүмкіндік артқан сайын, алаяқтардың айласы да түрлене түсті. Бүгін бір схема әшкереленсе, ертең оның орнына жаңасы шығады.
Десе де, қандай жаңа айла-шарғылар шықса да, алаяқтың көздейтіні біреу – адамның сенімі. Бірде қорқытады. Бірде қызықтырады. Бірде асықтырады. Бірде жақыныңның амандығын алға тартады. Бірде тез байытамын деп үміт береді. Сондықтан, бұл күресте ең басты қару – сауат. Цифрлық сауат, қаржылық сауат, құқықтық сауат және ең бастысы – күмәндана білу мәдениеті. Күмән – қорқақтық емес. Күмән – қорғаныс. Әр күмәнді қоңырауға, әр жылтырақ жарнамаға, әр асығыс ұсынысқа бір сәт тоқтап қарау керек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



