Бас тақырыпРесми

Қазақстандықтардың 17 млрд теңгеден астам айыппұлы кешіріледі – Тоқаев заңға қол қойды

Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған рақымшылық туралы заң күшіне еніп, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жекелеген азаматтарға қатысты ізгілік шаралары қолданылады.

Сурет облыс әкімдігінен

Жаңа Конституцияның қабылдануына орай қабылданған рақымшылық туралы заңға сәйкес, қоғамға қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған және заңда белгіленген талаптарға сай келетін азаматтар қылмыстық жауаптылықтан босатылады немесе олардың жазасы жеңілдетіледі.

Алдын ала есеп бойынша, рақымшылық 16,5 мыңнан астам адамға қатысты қолданылады. Олардың қатарында 2,9 мыңға жуық әйел, соның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар бар.

Сонымен қатар, Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіледі. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабы бойынша салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді. Ішкі істер органдары қараған істер бойынша ғана 17 млрд теңгеден асатын шамамен 1 миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді. Бұл рәсім мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асады.

Заң сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар, азаптау, қылмыстық топ құрамында жасалған ауыр қылмыстар, сондай-ақ өмір бойына сотталғандар мен аса қауіпті қылмыскерлерге қолданылмайды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қабылданған заң ізгілік пен әділеттілік қағидаттарын сақтай отырып, қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейді.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button